Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Жас ақындар жарысты

Жас ақындар жарысты


«Арман» мәдениет үйінде кенттегі «Қыран» жеке мектебі және аудандық оқушылар үйінің ұйымдастыруымен Жаңақорған ауданының құрылғанына 95 жыл, ақын Манап Көкеновтың туғанына 95 жыл және Жаңақорған ауданының төл басылымы, Жаңақорған тынысы” газетінің 90 жылдығына орай оқушылар арасында жыр мүшәйрасы өтті. Жыр додасында сөзі жебедей тілге жүйрік талапкерлер туған жерді жырға қосып, Манап ақынның мәнерін тірілтіп, төл газетінің даңқын асқақтатты. Сөйтіп жас ақындар жыр сүйер қауымға шадыман шаттық сыйлады.


Жыр сайысына ашқан «Қыран» негіз­гі орта мектебінің директоры Шолпан Мәжитованың лебізі төмендегіше өрілді:
– Ауданымызда қатарынан келген үш мерекенің ұйымдастырылып жатқан жыр мүшәйрасында жас ақындарымыз ауданымыздың жеткен жетістіктерін әдемі сөзбен өрнектеп жеткізе алады деп ойлаймын. Осындай игі шараны ұйымдастырып отырған жас ұстаз Айнұр Мәденге үлкен алғысымды білдіремін. Жас ақындардың жүрекжарды жырлары тарихымызға терең үңілдіріп, қатпарлы қасиетіне бас идірді. Жастарымыздың әдемі теңеулермен өрілген жырларымен сусындайтын боламыз деген сенімдімін, – деп ұландар көңілін бір көтеріп тастады.
«Жүзден жүйрік, мыңнан тұл­парды» жинаған дүбірлі доданың ұйымдастырылу деңгейі де жоғары. Қара сөздің қадірін білетіндер ақындардың шабыты мен шамасына таңдай қағысып, жиналған қауым ерекше ілтипат білдір­ді. Қазақ халқының ұлттық құндылығы, шешендік өнер арқылы мәдениеттің баға жетпес мұрасы ретінде ақындық өнерді жан-жақты насихаттау, ұлттық рух пен патриотизмге, өз халқына және оның дәстүрлеріне деген сезімін жетілдіру, талантты шығармашылық жастарды анықтау мақсатында өткізілген шара­ға көрермен қауым ерекше ықылас танытты.
ҚР Мәдениет саласының үздігі Уәли Ибрагимов пен белгілі ұстаз, ақын Сайлаухан Жартыбаев төрелік етті. «Жүйрікте де жүйрік бар әліне қарай шабады» демекші байқауға қатысқан 12 үміткердің арасынан оза шапқан Бексаба Аяулым бас жүлдені иеленді. I орынға Айша Қанатқызы, II орынға Бердібек Әлиасқар,III орынға Серік Айдай және Зайділлә Шұғыла лайық деп танылды.
Мүшәйраның қорытындысы бойынша, әділ қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған жас ақын Аяулым Бексаба қуанышын жасыра алмады.
– Бүгінгі күні ерекше толқыныспен өтті. Туған жерімізді, ауданның айна­сы «Жаңақорған тынысы» газеті мен ақын Манапты жырға қосып, ерекше тебірендім. Мүшәйраға қатысқан 13 жас ақынның ішінен жұлдызым жанып, бас бәйгені жеңіп алдым. Өте қуаныштымын, маған үлкен шығармашылық шабыт сыйлады, – дейді бас жүлде иегері.
Ал, балауса балғындардың басын қосып, осындай үлкен шараны ұйым­дастырған «Қыран» мектебі мен оқу­шылар үйінің ұстазы Айнұр Мәденді де сөзге тартып, ойын білген едік.
– Бәсекеге қабілетті, дарынды тұл­ғаны қалыптастыра отырып, білім беру мен оқытудың ұлттық жүйесін дамытуға үлес қосу шараның негізгі мақсаты болды десем артық болмас. Үлкен мерейтойдың аясында осындай мүшәйра ұйымдастыру арқылы туып-өскен жерін құрметтей алатын, ұлттық сана-сезімі қалыптасқан жеке тұлғаны дамытуға жағдай туғызуға ықпал етуді мақсат еттік. Оның үстіне, ауданның айнасы «Жаңақорған тынысы» газетінің 90 жылдық мерекесін атап өту арқылы, оқушыларды кітап, газет оқуға ынталантырсақ деген ниетіміз болды, – деген ойын жеткізді.
Қасиетті өлең – жырды ардақтап, оны өмірлік серігіне айналдырған ақындар аз емес. Сол сияқты біздің жас қаламгер ақындарымыздың ізденіс арналары жар­қын, көзқарастары айқын, көркемдік көңіл көкжиегі нұрлы боларына сенеміз.

Әсел РЗАЕВА
06 қараша 2023 ж. 641 0