Нартайдың Сырнайы Жаңақорғанға қалай келді?
«Тау алыстаған сайын биіктейді». Сыр елінің серісі, тума талант Нартай Бекежанов артында өшпестей із, өнегелі іс қалдырған жан. Жыл өткен сайын кемел өнер иесінің кесек келбеті тұлғаланып, абыройы асқақтап, өрісі өсіп келеді десек, артық айтқандық емес. Өнер саңлағы біздің өңірдің дара тұлғаларымен тығыз қарым-қатынаста болғанын айғақтайтын құнды жәдігерлердің құпиясымен бөлісіп, ұлттық құндылықтарды ұлықтағанды жөн көрдік.
ҚОС АҚЫННЫҢ ҚАУЫШУЫ
Ақын-жыраудың әрбір жырынан әділдіктің, адамгершілік асыл қасиеттердің иісі аңқып тұр. Бала Нартайдың дана Нартайға дейінгі өмірі соқпақты да тоқпақты кезеңдерге толы болды. Қиын кезеңде дүниеге келіп, талай өтпелі дәуірде өмір сүрді. Ол 1890 жылы Қызылорда облысы, қазіргі Шиелі ауданына қарасты «Коммунизм» колхозы, Үлгілі ауылында орта шаруаның отбасында дүниеге келді.
Тарихқа үңілсек, Нартай ақын мен Манап ақынның таныстығының өзінде үлкен тағылым жатыр. Жаңақорған топырағында өткен ақындар айтысының бірінде Нартай Бекежанов төрелік етіпті. Сол айтысқа бала Манап қатысып, өзінің сөз шеберлігімен төрешіні риза етіпті. Бұрыннан сахнаға шығып, төселіп қалған Әбжан ақынмен тең түскен жасқа Нартай ақын көпшілік алдында бата беріпті. Айтыс төріне Манап пен Әбжанды шақырып алып:
Әнхардың ағып шыққан тұнығысың,
Тұнықтың бойында өскен шыбығысың.
Тең түстің Манап, Әбжан қарақтарым,
Халықтың ел билейтін құлынысың, – деп, ақындардың арқасынан қағып, ақындық жолына сәт-сапар тілепті. Бұл Манап ақынның алғашқы айтысы болатын. Сол кезден бастап, бұрын «Сары бала» атанып жүрген Манап, енді «ақын бала» атанып шыға келеді. Манап Көкенов ақындық дарындылығын шыңдау үшін ұстазының ел біле бермейтін жырларын жатқа айтып, халық алдында беделі артқан. Сыр өңірінде ерекше мақамға бай, көркемсөздің биік өнері қалыптасқан, қайталанбас құндылыққа баланған «Нартай әні», «Өздерің білер Нартаймын», «Алтын көкем», «Толқын», «Серпін», «Базарым өтіп бара ма?», «Бейбітшілік», «Аққайық жалған», «Жеңіс жыры», «Жаса, Қазақстаным!» сияқты толып жатқан сырлы да сиқырлы, жүрек тебірентерлік, құлаққа жағымды әндерін халыққа насихаттаған.
МУЗЕЙДЕГІ ЕҢ ҚҰНДЫ ЖӘДІГЕР
Жаңақорған аудандық тарихиөлкетану музейінде ең құнды экспонаттың бірі – Нартайдың сырнайы. Көненің көзіндей көз арбаған құндылықтың ішіне бүккен сыры көп. Ерекше мақамымен сөз өнерінің шебері атанған Нартай ақынның мұрасы мұражайға қалай келді? Жәдігер жайында қандай ақпарат бар? Біз осыны зерделеп көрдік.
Музейде ең көне заттардың арасында ерекше күтім мен қамқорлыққа бөленген сырнай жайында музейдің ғылыми қызметкері Мөлдір Дюсенбаева:
– Сырнай біздің музейге 2000 -шы жылдары келген. Оны Түркістан мәдениет үйінің директоры болған, ақын Әбдікерім Манапұлы өткізді. Біз бұл жәдігерді қос ақынның көзін көрген құндылық ретінде қасиет тұтамыз, – деді.
Музыкалық аспапқа зер салсаңыз, оң жағында 12 түйме, сол жағында 20 перне орналасқан. Түйме мен перне жиде ағашынан жасалған. Екі жақтауды біріктіріп тұрған 16 қатпары бар. Өте шағын, әрі жеңіл. Жәдігердің екі жақтауының сегіз жерінде мыстан құйылған ілмек бар. Ілмекті ағытсаңыз, сандық іспетті ашылады. Ішінде сырнайдың сазын дауысқа сай келтіретін жылжымалы сырғытпа орналасқан. Сырнайдың оң жақтауындағы қақпақты ашқанда таңба мен жазуды көрдік. Онда «А.Рыбалченко.Омск» деген жазудың астында қолтаңба мен көмескіленген мөр бар.
Осы жазудың құпиясы жөнінде музей қызметкерлері Әбдікерім Манапұлынан сұрағанында: – Бұл сырнай жайында көп адам түрлі пікір айтып жүр. Негізі бұл сырнай ақын Нартайдың ұзақ жыл ұстаған, өте танымал туындыларын жарыққа шығарған, ақынның бабы мен бағын жандырған киелі де қастерлі жәдігері, – депті.
Халық ақынының ұлы одан әрі ел біле бермейтін құнды дерекпен бөлісіпті. Ертеректе Түркістан өлкесінің атқару комитетінің хатшысы болған Н.Кенжеқұловтың үйінде үлкен қуаныш болыпты. Ұзақ жыл сәби күткен шаңырақта нәрестенің үні естіліп, шілдехана той жасапты. Үш күнге созылған тойға Нартай келіп, жырдан шашу шашыпты. Ақынның өнеріне тәнті болған той иесі қорасындағы атантүйені сыйлап, иығына шапан жауып, мәрттігін көрсетіпті. Сонда ақын ерекше қошеметке ризашылығын білдіріп, қолындағы сырнайын үйдің төріне іліпті. Осылайша өрілген сыйластықтың тартуы Кенжеқұловтар әулетінде ұзақ жыл сақталыпты. Атқару комитетінің хатшысы Н. Кенжеқұлов өмірден өтер сәтте ұрпағына құнды жәдігердің аяқасты болмауын тапсырыпты. Кейін Әбдікерім Көкенов мәдениет үйінің директоры болып қызмет еткен жылдары Түркістан шаһарынан сыр шертетін жәдігерлерді жинақтайды. Осы тұста Нартайдың қолынан түспеген құнды жәдігерге қол жеткізеді. Кейін Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейіне табыстап, құндылықтар қорын молайтады. Нартайдың туған өлкесінен осы сырнайға қаншама сұрау салғызғанымен, музей қызметкерлері жәдігерді бермеген. Себебі, қос ақынның көзін көріп, тағылымды тарихты қойнына жасырған құндылық тарихшылардың зерттеуін қажет етеді.
ТҮЙІН. Нартай ақынның салған дара жолы өз жалғасын табуда. «Нартай мектебі», «Нартай сазы», «Нартай мақамы» халықпен біте қайнасып жатыр. Демек, әнші – Нартай, сазгер – Нартай, әртіс – Нартай, режиссер – Нартай, үгітшінасихатшы – Нартай, мәдениет майталманы, сал, сері – Нартай есімі қашанда ұрпақтарының жүрегінде. Ендеше, сырға толы көңіл сырнайы уақыт өткен сайын сырын ашады деп сенеміз.
Мақпал ПАТЕНОВА