Әйел сұлу көрінер әдебімен
Әйел дегеніміз - сұлулық. Әсіресе, сыртқы келбет пен іштегі сезімдердің үйлесім табуы, көркем мінез нағыз әдемілік нышаны. Кез келген жан неғұрлым өзін әдемімін деп сезінсе, соғұрлым айналасына тартымды болып көрінетіні хақ. Бір сәт ойланып көріңізші, кино, музыка, яғни телеэкран жұлдыздарының бәрін бірдей әдемі деп айтуға келмейді. Көбіне олар, өз-өздеріне сенімді, жинақы, күтімді көрінеді. Себебі, олар өздерін солай сезінеді, ішкі жан әлемін ерекше жақсы көреді, мәдениеті мен әдебі тұла бойына көрік беріп тұрады. Кейде қоғамдық ортада нәзік жан иелерінің емен-жарқын қарқылдап күліп, өткен-кеткенмен бет жұлысып ұрсып, екеу-үшеуі жиналып өсек айтып, түздегі күйеуінің құлақ етін жеп, жүйке-тамырын мыжып, ашу-ызасын шектен шығарып, отбасындағы жылылықтың жоғалып, айналасына қадірсіз болып жататынын байқауға болады. Сөйтіп, ақырында еркек өз әйелін ұрып-соғуға мәжбүрлейтін, басқа да адасушылық әрекеттерге итермелейтін тек қана отбасындағы әйелдің кесірлі тілінен, тәрбиесіз мінезінің әсері екені айдан анық.
Әлбетте, әр адамның мінезі бар. Мінезсіз адам болмайды. Мінез адамда туа бітті болғанымен де, жүре келе қалыптасатын, айналасындағы адамдардың іс әрекетіне, ортаға байланысты өзгеретін тұстары да болады. Егер туа бітті жаман қасиеттер бойыңда басым болса, оны өмірдің ағымына қарай бейімдемесең, абайсызда атылып кетіп, көзіңді шығаратын қару іспетті. «Айтылған сөз, атылған оқпен тең» демекші, кейде жалған өмірде жанымыздағыларға ғайбат сөз айтып, көңіліне келіп, жалған өмірді жалпағынан басуға құмармыз. Бұл көп жастарда кездесетін мінез десем артық болмас. Ал, ондай адамдардың тағы бір уәжі бұл қанмен келген мінез деседі. Осы орайда, ақын Абай: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» – деген сөзі еріксіз ойға оралады. Ендеше, мінезді түзеуі мүмкін емес, адам ешқашан өзгермейді деген жаңсақ пікір екеніне көзіміз жете түскендей.
Мәшһүр Жүсіп те «адамның өзін-өзі жақсы мінезге салу - қолдан келетұғын іс» деп есептейді. Ол: «Аспанда ұшып жүрген құсты саятшылар ұстап алып шақырса, қолға келіп қонатұғын, қандай жұп-жуас, мүләйім қылып қояды. Ат үйретушілер қандай асау атты соңынан еріп жүретұғын қылып қояды. Мініскерінің үйретуімен ит қандай үйренеді? Тілсіз хайуан мұндай мінезін түзеп ұстағандықтан, құнды, пұлды болып қолқаға жүреді», – деп хайуан екеш хайуанды да үйретуге болғанда, адам мінезін қайтып түзетуге болмас деп санайды.
Расында, бір адаммен жаңадан танысып, аралас-құраласқаннан кейін мінезі жақсы немесе жаман деп баға беріп жатамыз. Адамның өмір сүру дағдысы, тағдыры, қоғамдағы орны өз мінезіне байланысты секілді. Көптеген психологтар адамның мінез-құлқы оның өмір сүруін анықтап береді дейді. Қарап отырсақ, мінезі ашық, ақкөңіл адамдар тез ортаға сіңісіп, адамдармен тіл табысып кетсе, тұйық адамдарға өзгелермен қарым-қатынасқа түсуі қиын. Адамның өмір сүру стилі, тағдыры, қоғамдағы орны өз мінезіне байланысты сияқты. Мәселен, көптеген психологтар адамның мінез-құлқы оның өмір сүруін анықтап береді дейді. Яғни, мінезі ашық, ақкөңіл адамдар тез достасып, кез келген адамдармен жылдам дос болып кетсе, мінезі тұйық адамдардың өзгелермен қарым-қатынасқа түсуі өте қиын.
«Мінез – жанның айнасы», – деген сөз өте орынды айтылса керек. Шын мәнісінде, адамның мәдениет деңгейін кез келген ортада аңғаруға болады. Мінезді бір қалыпты ұстау – мәдениет. Негізі, ер азаматтар өзімен қоса, туған-тыс, дос-жаран, көрші қолаңның да көңілін таба білген әйелді жоғары бағалайды екен. Әйелдер шынайы езу тарта білсе жеткілікті. Күлімсіреп қарау әйелді анағұрлым тартымды етіп көрсетеді. Бір қуантарлығы, кейінгі кездері көпшілік мотивациялық бағыттағы жазбаларды іздеп жүріп оқитын болды. Адам өзін табуға, өзінің жағымсыз қасиетімен күресуге талпынып жатыр. Егерде әйел затының барлығында көркем мінез қалыптасатын болса, болашағымыздың жарқын болары сөзсіз.
Қорытындылай келе, жақсы мінезді болуға тырысуымыз керек және көркем мінезді адамдардан үлгі алуымыз қажет деп ойлаймын. Өйткені мінезі жақсы адамның өмірі де жақсы болмақ және ондай адам айналасындағы адамдарға, тіпті еліне үлкен септігін тигізе алады. Демек, өз боймыздағы жаман мінездерді жойып, тек жақсы мінездерімізді шыңдап, көркем мінез иесі болуға тырысумыз қажет.
Әсел Жұмабайқызы