Тәуелсіздік тұғыры
Ата Заңды насихаттау және дәріптеу биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтіп жатыр. Конституция және Тәуелсіздік ұғымдары өзара тығыз байланысты. Егемендік туралы сөз қозғалғанда алғашқылардың бірі болып Ата Заң көз алдыңа келеді. Әлемнің көптеген елдерінде жаңа мемлекеттің заңдық тұрғыдан рәсімделуі оның конституциясын қабылдау арқылы жүзеге асырылды. Солардың қатарында Қазақстан да бар.
Жалпы, конституциялық құрылысты кең және төте мағынада түсінуге болады. Біріншісі мемлекеттің түбегейлі конституциялық актілерін құруды қамтиды. Осы орайда еліміздің тәуелсіздігін заңдық тұрғыдан бекіту үрдісінің басында Мемлекеттік егемендік туралы Декларация, Мемлекеттік тәуелсіздік туралы Конституциялық Заң, Республиканың 1993 жылғы тұңғыш Конституциясы тұрды.
Келесі жағынан конституциялық құрылыс Ата Заңда қарастырылған экономикалық, саяси-құқықтық, әлеуметтік және өзге де ережелерді жүзеге асыру процесін білдіреді. Бұл мағынада 1995 жыл Қазақстанның жаңаша тарихында Ұлы дала елінде конституционализмді дамытудағы сапалы бетбұрыс кезеңін ашты. 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы еліміздің конституциялық даму стратегиясының жаңа моделін бекітті. Республиканың Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұсынып, жан-жақты сараптамалық зерделеуден өтіп, халық қолдаған Негізгі Заңның өміршеңдігіне және ортақ игіліктерге қызмет ететініне өткен жиырма алты жыл куә.
Осы уақыт ішінде қазақтың дәстүрлі құқығының, кеңестік және қазіргі заманғы Қазақстанның және дамыған мемлекеттердің, әлемдік тәжірибенің озық жаңалықтарын ұлттық ерекшеліктермен ұтымды ұштастырған қолданыстағы Конституция тыныс-тіршіліктің барлық саласында ауқымды реформалар жасап, оларды қайта жаңғыртуға толықтай негіз болды. Сондықтан халқымыздың ұзақ уақыт арманына айналған ең басты құндылық – мақсаты тәуелсіз туы желбіреген дербес ел болу еді, бұл мүддені императивті құқық нормасымен шегелеген де, жүзеге асырған да осы Конституция деп айту қажет.
Ата Заңның қабылдануы қоғамға, мемлекетке және азаматтарға конституциялық еркіндік берді. Соның арқасында біреуге жалтақтамай өзінше, дербес өмір сүру, саясатын анықтау, ұнаған қызметімен айналысу мүмкіндіктерін алды.
Тәуелсіздік алғанымыздан бергі үш онжылдық ішінде талай ақтаңдақ ақиқаты ашылды. Олардың конституциялық тақырыпқа да қатысы бар. Ресей құрамындағы бодандық кезеңде және коммунистік жалаң ұран уақытында бұл мәселелерді терең зерттеуге жол берілмеді. Егемендік сыйлаған еркіндіктің арқасында қазір іздену аясы кеңіп, айқындалған деректер ерте кезден қазақ қоғамында бірнеше рет конституциялық-құқықтық реттеу модельдеріне талпыныс жасалғанын көрсетіп отыр. «Тақыр жерге шөп шықпайды» демекші, қазіргі құқық саласындағы жетіс-тіктерде ата-бабаларымыздан қалған бай заңи мұраның үлесі де жетерлік. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның Жеті жарғысынан кейін Қарқаралы петициясы, Қарамола ережелері, ұлт интеллигенциясының демократиялық құқықтық ұсынымдары дайындалды. 1917 жылы 21 қарашада «Қазақ» газетінде жарияланған «Алаш» партиясының бағдарламасында бірқатар конституциялық сұраққа жауап берілді. Тұңғыш Президент атап өткендей, бұл бағдарлама барлық кеңестік конституцияларға қарағанда конституционализм идеяларына неғұрлым бай болды.
Қазақстанның құқықтық даму тарихында (құжат 1981 жылы табылып, алғаш рет 1992 жылы «Түрік бірлігі» газетінде шыққан) Барлыбек Сыртановтың 1911 жылы әзірлеген «Қазақ елі» жарғысының (алғашқы Қазақ Конституциясының жобасы) орны ерекше. Оның кіріспесінде «Қазақ елі – көне ұлттардың бірі. Оның тарихының тамыры тереңге жайылған. Жаңа заманда атыссыз, соғыссыз, қан төкпей, бейбіт жолмен жерімізде хүкмет өз қолында ел болу мақсатында, барлық елдермен достықта болу үшін жеке Қазақ елі республикасын құрамыз» делінсе, төрт тараудан тұратын негізгі мазмұнында мемлекеттік биліктің қайнар көзі, Мемлекеттік Ту, халық сайлайтын Ұлт мәжілісі, Президент, ол тағайындайтын министрлер, адам құқықтары, қазақ жері, оның меншік нысаны, сот билігі, алқабилер институты жайлы айтылған. Бұл мәселелер кез келген елдің конституциясының дәстүрлі реттеу нысанасына жататыны баршаға мәлім.
Аталған құжаттардың барлығы әлі де терең зерделеуді талап етеді. Бұл – ұлттық сананы көтерудің маңызды факторы.
Либерализация аясында бұрын тыйым салынған тақырыптар қозғалды, оларға деген оқырманның да, қаламгерлердің де қызығушылығы еселеп артты. Ұмыт бола бастаған, тасада қалған, жасырылған деректер көрініс тауып, тарихи шындықты қалпына келтіруде орасан көлемді жұмыстар жүргізілді.
Республика Президентінің Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Астана күні қарсаңында бас қаламызда Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы сынды Алаштың ақсұңқарларына арналған ескерткіш бой көтерді. Бұл ескерткіш заманының сын-қатеріне қарамай еліміздің азаттығы мен өркендеуі жолында аянбай қызмет еткен ұлтымыздың ұлы тұлғаларына деген шексіз құрметіміздің белгісі.
Осы жасалып жатқан ауқымды жұмыстар Ата Заңның кіріспесінде жазылған «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып» деген сөзтіркесінде пайымдалған қоғамдық-идеологиялық құндылықтар сабақтастығынан, сондай-ақ адамның қадір-қасиетіне қолсұғыл-маушылық, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атын қорғау қағидаттарынан туындайды. Мұндай құқықтарға мемлекет тұлғаның өмір бойы, тіпті бақилыққа аттанғаннан кейін де кепілдік беруге міндетті.
Үстіміздегі жылы Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың бастамасымен қабылданған бірқатар заңнамалық және өзге де шешімдер Конституция ережелерін жүзеге асыруға оң әсерін тигізіп отыр.
Айталық, жақында ғана алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтті. Бұл – осы жылдары байыппен жүргізіліп келе жатқан демократияландыру процесіндегі маңызды шара. «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» конституциялық формуласы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару саласында жаңа бір көрініс тапты.
Бұл саяси додаға азаматтар мен саяси партиялар белсенді қатысып, бәсекеге толы күрестің нәтижелері бойынша 700-ден астам әкім сайланды. Алдағы уақытта аудан және қала деңгейіндегі әкімдерді сайлау – жоспарда. Саяси партиялардың Парламентке өту квотасын 7-ден 5 пайызға дейін төмендету келесі Мәжіліс депутаттарының сайлауында азаматтардың саяси құқықтарының жүзеге асуына зор мүмкіндіктер ашады.
Бұл жаңашылдықтар Конституцияда белгіленген сайлау құқығына қатысты құқықтық ұстанымдармен үндес. Аталған нормаларға сәйкес, халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді. Бұл конституциялық ережелер демократияның тікелей және өкілді нысандарын, халық билігінің тұтас жүйесінің саяси-құқықтық бастауларын құрайды. Сайлау азаматқа мемлекеттік билікті берудің нысаны болып табылады. Оның қорытындылары бойынша лауазымды тұлға басқаруға, өкілдік етуге және сайлаушылардың мүддесін білдіруге мандат алады.
Бұдан басқа заңнамалық новеллалардың қатарында саяси партия құру үшін азаматтардың санын екі есе қысқарту, сайлау партиялық тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін міндетті 30 пайыз квотаны қарастыру, сайлаушыларға бәріне қарсы дауыс беру құқығын беру және басқалар бар.
Аталған қызмет Негізгі Заңда көзделген халық билігі жүйесінің уақыт талаптарына сәйкес біртіндеп трансформациялануы үшін аса мәнді болып табылады.
Талай жылдар қоғамды елеңдетіп отырған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін шетелдіктерге сату немесе жалға беру туралы мәселеге түпкілікті нүкте қойылды. Енді бұған толық тыйым салынды. Конституциялық Кеңес өзінің бірнеше қаулысында «аумақтық тұтастық – Қазақстанның ұлттық қауiпсiздiгiн айқындаушы шарт болып табылады. Конституция жер қатынастарын реттеген кезде мемлекеттiң жоғары тұруын баянды етедi, ол, тiптi жерге деген тек қана мемлекет меншiгi режімiн белгiлеуге дейiн бара отырып, меншiктiң және жер айналымының құқықтық режімдерiн айқындайды», деп түсіндірген болатын.
Биылғы жыл күнтізбесінде тағы бір атаулы оқиғаның орны ерекше. 29 тамызда Семей ядролық полигонының жабылғанына да отыз жыл толмақ. 1991 жылғы Елбасының бұл шешімі егемендігін енді жариялағалы тұрған Қазақстанның жалпы гуманистік құн¬дылықтарға деген құрметін, бейбіт ұстанымын бүкіл әлемге паш етті. Қуаты бойынша АҚШ-тағы Невададан кейін екінші орында тұрған алып сынақ алаңынан өз еркімен бас тарту оңай болған жоқ. Жаһандық антиядролық қозғалыстың қалыптасуына серпін берген Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл Жарлығы қиын тарихи жағдайда, еліміздің әлі де болса КСРО-ның құрамында болуы және оның басшылығында, тіпті ел ішінде мұндай батыл қадамды құптамайтын тұлғалардың қатты қарсыласуы жағдайында қабылданды. Ол сәтті қазақ халқы қырық жылдан астам күтті.
1949 жылдан бастап ұлы Абайдың жерінде 450-ден астам ядролық сынақ жүргізіліпті. 1,5 миллионнан астам адам полигонның зардабын шеккен. Жаппай қырып-жою қаруынан бас тарту жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды қадам болды. 2009 жылы бұл теңдессіз шешім Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы деңгейінде мойындалып, 29 тамыз ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн болып жарияланды.
Тұңғыш Президенттің сарабдал саясаты әлемдік конституционализмнің барлық прогрессивті принциптерімен үйлеседі. Оның түп-тамырында адамның адам-заттың ең қымбат қазынасы екендігі, халықаралық құқық нормаларын құрметтеу, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық пен тату көрші қарым-қатынас жасау, дауларды бейбіт жолмен шешу идеялары жатыр.
Егемендікпен бірге келген жаңалықтардың қатарында конституциялық бақылау институты да бар. Қазіргі таңда бұл мис¬сия Конституциялық Кеңеске жүктелген. Оның қызметі азаматтардың құқықтарының үстемдігін сақтауға, жалпы мемлекеттік құндылықтарды ұлықтауға мүдделі Ата Заңның мызғымастығын қамтамасыз етуге бағытталған. Өркениетті елдердің басым көпшілігінде конституциялық әділет органдары құрылған. Құқық үстемдігіне негізделген мемлекет құру ұстанымын ұран еткен елдер осындай арнайы институттар арқылы озық құқықтық идеялар мен принциптерді заңнаманың бойына сіңіреді. Шығыстың Аристотелі, Ұлы ғалым әл-Фараби «Адам тек құқықтық мемлекетте бақытқа кенеледі», деген екен.
Конституция нормаларының мазмұнын ашу, олардың өмірге енуіне жағдайлар жасау арқылы Конституциялық Кеңес тәуелсіздік негіздерін нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. Мемлекеттіліктің жекелеген белгілерін қалыптастыру барысында Кеңес дер кезінде қажетті түсіндірмелер бере отырып, олардың тұжырымдамаларын анықтауға атсалысты. Оның құқықтық ұстанымдары президенттік басқару, унитарлық мемлекеттік құрылыс нысандары, саяси режім, аумақтық тұтастық, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет сипаттамалары, біртұтас мемлекеттік билік тармақтары, олардың өзара әрекеттесуі, қоғам, мемлекет және жеке тұлға арасындағы қатынастар, адам құқықтары, мемлекеттік және өзге тілдердің мәртебесі, көппартиялы саяси жүйе, ұлттық құқық, меншік түрлері және т.б. мәселелерге қатысты болды, оларды жүзеге асыру мақсатында тиісті кешенді заңнама қабылданды.
Айта кету керек, Конституция – қоғам мен мемлекеттің ұзақ мерзімге арналған бағыт мақсаттарын және оларға жету жолдарын айқындайтын құжат. Оның әлеуеті жылдар, онжылдықтар ғана емес, тіпті ғасырлар талаптарына жауап беруге қауқарлы. Қажетті экономикалық, саяси, мәдени және басқа да жағдайлардың пісіп жетілуіне байланысты конституциялық нормалардың мазмұны заң шығармашылық және құқық қолдану сипатындағы қосымша шаралармен күшейтіліп отыруға тиіс.
«Халық үніне құлақ асатын», тиімді, есеп беретін, кәсіби және прагматикалық мемлекет тұжырымдамасын іске асырып жатқан стратегиясы аясында Мемлекет басшысы еліміз алдағы бес жыл ішінде ұстанатын үш түйінді бағытты белгіледі. Олар: институттардың сапасы, азаматтардың әл-ауқаты және қуатты экономика.
Жақында бекітілген Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары, Жалпыұлттық басымдықтары, Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы қазіргі кезеңнің сын-қатерлерін еңсеруге бағытталған және орта мерзімді перспективада халықтың тұрмыс сапасы мен табысының артуын, елдің орнықты және сапалы экономикалық өсуін қамтамасыз етуге арналған.
Маусым айында Мемлекет басшысы адам құқықтары саласындағы шаралар туралы жарлыққа қол қойды. Онда: БҰҰ-ның шарттық органдарымен өзара әрекеттесу механизмдерін жетілдіру; адам саудасы құрбандарының құқықтарын қамтамасыз ету; мүмкіндігі шектеулі азаматтардың адам құқықтары; әйелдерге қа-тысты дискриминацияны жою; сөз бостандығына құқық беру; адамның өмір сүруге және қоғамдық тәртіпке құқығы; үкіметтік емес ұйымдармен өзара ықпалдасу тиімділігін арттыру; қылмыстық сот төрелігі және мәжбүрлеп орындау, азаптау мен қатыгез қарым-қатынастың алдын алу саласындағы адам құқықтары қозғалған. Бұл мәселелер бойынша Үкіметке нақты іс-шаралар жоспарын бекіту тапсырылды.
Конституциялық Кеңес алғашқылардың бірі болып аталған мәселелер бойынша өз ұсынымдарын енгізді. Олардың қатарында: Қылмыстық кодексті және өзге де заңнамалық актілерді Қазақстан жақында ратификациялаған, Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Екінші Факультативтік хаттаманың ережелерімен үйлестіру; қылмыстық және әкімшілік заңнамада жасалған әрекеттің қоғамдық қауіптілік дәрежесіне, келтірілген залалдың сипаты мен мөлшеріне, құқық бұзушының жеке басына және өзге де факторларға қарай жауаптылықты дараландыру және саралау үшін қо-сымша жағдайлар жасау; соттарда қылмыстық істерді қараудың ақылға қонымды мерзімдерін айқындаудың жалпы өлшемшарттарын бекіту, сондай-ақ сот ісін жүргізу мерзімдерін бұзғаны үшін өтемақыны жүзеге асыру шарттарын айқындау; жеке адамға қол сұғылмаушылыққа, адамның денсаулығына және оның қадір-қасиетіне қол сұғатын құқық бұзушылықтарға қарсы тиімді күрес шараларын қабылдау және тағы басқалар.
Кеңес азаматтардың конституциялық бақылауға қол жеткізуін кеңейту қажет деп пайымдайды. Бұл бағытта соттардың Конституциялық Кеңеске өтініш жасау тәртібін, соттардың сот ісін жүргізуге қатысушылардың заңның конституциялылығын тексеруге бастамашылық жасау туралы өтініштерін қарау тәртібін жетілдіру өзекті болып табылады.
Технологиялардың қарқынды дамуы, ақпарат көлемінің едәуір ұлғаюы, «үлкен мәліметтердің» өсуі жаңа цифрлы шындықты айқындап отыр. Бұл үрдіс жыл санап күшеюде, мемлекеттік және қоғамдық институттар қызметінің барлық салаларына таралуда. Ақпараттық технологиялар адамдардың конституциялық құқықтарын жүзеге асырудың тиімділігін арттыруға ықпалын тигізіп отыр. Пандемия жағдайында біздің оған көзіміз әбден жетті. Цифрлы құралдар халықтың тыныс-тіршілігінің қажетті деңгейін сақтап қалды.
Алайда IT индустриясының және «Электрондық Үкімет» инфрақұрылымының тез дамуы, мемлекеттік қызметтерді көрсету және мемлекеттік қызметтің жекелеген түрлерін (электронды мемлекеттік органдар, онлайн қабылдау бөлмесі, электронды денсаулық сақтау, қылмыстық қудалау, сот төрелігі және басқалары) жүзеге асыру кезінде цифрлы технологиялар қолданылуының тереңдеуі адамның бірқатар конституциялық құқықтарының іске асырылуы дәрежесіне тікелей әсер етіп, барабар құқықтық база қалыптастыру талабын айқындайды. Ол азаматтардың дербес деректерін, мемлекеттік құпияларды қорғауға кепілдік беруі, құқықтар мен бостандықтарды іске асыруға халықтың қатысуының және мемлекеттік функцияларды атқарудың электронды нысандарын кеңейтуге тиіс.
Бүгін елордада онлайн режимінде «Интернет дәуірі: құқық үстемдігі, адам құндылықтары, мемлекеттік тәуелсіздік» тақырыбында Халықаралық симпозиум жоспарланған.
Оның жұмысына Азиялық конституциялық соттар және Конституциялық бақылау органдарының еуразиялық қауымдастықтарына мүше жиырмадан астам елдің сарапшылары қатысып, аталған мәселелер бойынша өз ойларын ортаға салады.
Егемендіктің отыз жылдығы аясында былтыр Ата Заңның ширек ғасырлық мерейтойынан басталған конституциялық нормалардың жасампаз қуатын әлі де тереңірек ұғынып, кеңінен ашуға бағытталған жұмыс жалғасып жатыр. Ол өмірдің басты салаларын жаңғырту, демократияны одан әрі дамыту, құқық үстемдігін нығайту үрдісінде өте маңызды.
Конституция күні қарсаңында барша қазақстандықтарды мемлекеттік мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Баршаға зор денсаулық, табыс, бақ-береке тілеймін.
Қайрат МӘМИ,
Конституциялық Кеңес Төрағасы
«Egemen Qazaqstan»