ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ 94 ҚЫЗМЕТТІК КӨЛІК ТАБЫСТАЛДЫ

Қазақстан полициясының кәсіби мерекесі күні Қызылорда қаласының орталық алаңында облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен полиция қызметкерлеріне 94 арнайы автокөліктің кілтін табыстау рәсімі өтті.
Бүгінде өңірде құқықтық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу және оны ашу, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Осы жауапты міндеттерді атқаруда полиция қызметкерлерінің еңбегі ерекше.
Құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігін арттыру үшін полиция департаментінің жедел-салалық қызметтерінің материалдық-техникалық базасы заманауи техникалармен толықтырылды. Жаңа қызметтік көліктер тергеу, анықтау, жедел-криминалистикалық, табиғат қорғау, көші-қон және өзге де бөлімшелердің қызметтік міндеттерін жедел орындауына мүмкіндік береді.
Аймақ басшысы тәртіп сақшыларының қоғам алдындағы жауапкершілігіне, ел тыныштығы жолындағы еселі еңбегіне тоқталды.
«Президентіміз «Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, заңның мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету – айрықша маңызды міндет» деп атап өтті. Бұл тәртіп сақшыларының күнделікті қызметіндегі басты бағдары болуы тиіс!
Жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау органдары бірлесіп, үйлесімді жұмыс атқаруда. Кейінгі жылдары құқықбұзушылық азайып, өңірдегі қауіпсіздік пен жедел әрекет ету қызметтерінің жұмысы оң нәтиже берді.
Егемен еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғауда, қоғамда «Заң мен Тәртіп» қағидатын орнықтыруда аянбай еңбек етіп, Өздеріңізге жүктелген міндетті абыроймен орындай беріңіздер! Сіздерге мықты денсаулық, сарқылмас күш-қуат, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін! Еліміз аман, халқымыз тыныш болсын!», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Айта кетейік, сәуір айында сол кездегі аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен полицияның патрульдік қызметкерлеріне 100 жаңа автокөлік табысталған болатын. Бүгінгі бастама құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық әлеуетін бұрынғыдан да нығайта түсті.
Рәсімде ҚР ІІМ-нің Құрметті ардагері, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Тастемір Рахимов, облыстық полиция департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы полиция полковнигі Әмірбек Шаймағамбетов әріптестерін мерекемен құттықтап, ізгі тілек білдірді.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі



