Құрылыс қарқыны қуантады

Жаңақорған ауданы жалпы құрылыс саласы бойыншы жоғары көрсеткіштерге ие болуда. Инфрақұрылым көрсеткішінен көшіміз ілгері болса енді құрылыс қарқыны да көңіл қуанта бастады. Тек сапасы сын көтерсе болғаны, қалғаны қаржыға келіп тірелетіні белгілі. Сондықтан аудан көлемінде атқарылып жатқан және алдағы жұмыстар межесін таразылап, қандай мәселелер барын талдауды жөн көрдік.
Кентте жалпы жеке кәсіпкерлік саласы бойынша өте көп құрылыс жүруде. Оның ішінде, зәулім ғимараттар мен шағын кәсіпке арналған нысандар жетіп артылады. Кезекті мәрте сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің есігін қақтық. Жаңадан сайланған бөлім басшысы Даулет Өмірәлиев нақты жұмыстарды жүйелеп, мәлімдеме жасады.
– Осы уақытқа дейін 7 жоба әзірленді. Жаңақорған кенті, Келінтөбе, Төменарық, Шалқия, Қожакент елді мекендерінің бас жоспары және Қаратау-1, Қаратау-2 мөлтек ауданының егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары. Бүгінгі күнге Шалқия, Төменарық, Келінтөбе елді мекенінің дамыту және салу схемаларына түзетулер енгізу жобаларына «Мемсараптама» РМК-нан оң қорытындысы алынды.
Ал Жаңақорған кенті мен Қожакент елді мекенінің бас жоспары ағымдағы жылдың маусым айында мемсараптаманың қарауына қайта ұсынылды. Сараптаманың оң қорытындысын алып, аудандық маслихаттың шешімімен бекітілгеннен кейін, «Қаратау-1», «Қаратау-2» мөлтек ауданының егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын сараптамадан өткізу шаралары қабылданады, – дейді бөлім басшысы.
Енді электр желілері бойынша тоқталсақ. Әбдіғаппар, Құттықожа, Манап, Сунақата елді мекеніндегі тұрғын үйлер секторының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы (электр желісі) жобасы басталған. Мердігер «Электроремонт» ЖШС тиісті жұмыстарын жасауда. Тек барлық мәселе қаржыға келіп тірелуде. Қазіргі өзекті тақырыпқа айналған жер кезегінің мәселесі кенттегі «Саяжай-1» учаскесіне қарап тұр. 300 гектар аумақты қамтитын мөлтек ауданның егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес инженерлік инфрақұрылым желілері құрылысын салу басталды. Қуантарлық жағдай. Қазір электрмен жабдықтау жобасы жүзеге асуда. Сметалық құны – 2 261,139 млн теңгені құрайды.
– Мердігер – «Сәт-Сервис» ЖШС. Нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарын бастауға 2025 жылы «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасымен республикалық бюджеттен 400 000,0 мың теңге қаржы бөлініп, толық игерілді. Құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 1 800 552,8 мың теңге бөлінді. Мамыр айында 773082,0 мың теңге қаржы игерілді. Нысан бойынша 1100 дана төменгі кернеулі электр желісінің СВ-95 маркалы темірбетонды бағаналары орнатылды. Жоғарғы кернеулі электр желісінің СВ-105 маркалы темірбетонды бағаналары орнатылуда. 6 дана темір конструкциялы бағаналар және 14 дана СК-22 маркалы темірбетонды бағаналар, СИП маркалы электр сымдары нысанның басына жеткізілді. Нысанды ағымдағы жылдың желтоқсан айында пайдалануға қабылдау жоспарлануда, – дейді жауапты тұлға.
Иә, биыл болмаса да келер жылы инфрақұрылымы толық аяқталса жер кезегі мәселесі шешілетін болады. Кезекте тұрған 10 мыңға жуық тұрғын тиесілі жерлерін алуға мүмкіндік алады. Әрине барлығы емес, кезектілікпен беріледі. Келесі кезекте әлеуметтік осал топтарға арналған азаматтарға Жаңақорған кентінен 40 арендалық тұрғын үй сатып алуға облыстық бюджеттен 600116,0 мың теңге қаржы бөлініпті. Ағымдағы жылдың қараша-желтоқсан айларында тұрғын үйлерді сатып алу жоспарлануда екен.
Спорт саласына да биыл ерекше көңіл бөлінді. Келінтөбе мен М.Нәлібаев ауылдық округіндегі спорт кешендері ел игілігіне берілді.
Бұдан бөлек, Жаңақорған ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі өз құзыреті шегінде кент, елді мекен аумағында кәсіпкерлік нысандарға мониторинг жұмыстарын жүргізу барысында 14 заңсыз нысандардың субъектілерін анықтаған. Тиісті шара көру мақсатында облыстық сәулет-құрылыс бақылауы басқармасына тиісті материалдар жолданған. Сонымен қатар, кент әкімдігі, ішкі істер бөлімі, құрылыс, кәсіпкерлік бөлімдерімен құрылған жұмысшы топ кент аумағында кәсіпкерлік нысандардың субъектілеріне ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабына сәйкес, қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын, қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру бойынша тиісті ескерту және айыппұл хаттамасы толтырылып, тұрақты жұмыс жасалып келеді.
– Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму индикаторлық көрсеткіштері бойынша тұрғын үйлерді пайдалануға берудің жалпы ауданы 2026 жылдың қаңтар-маусым айында 36500 шаршы метр орындалып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 100,3 %-ға жетті. Құрылыс жұмыстарының көлемі – 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында 9 млрд теңгеге орындалу жоспарланып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 102 % көрсеткішке жету күтілуде.
Аудан көлемінде 10 қала құрылысы жобаларын әзірлеуге тиісті қаражат қажет етіледі. Оның ішінде, Қашқанкөл мен Қалғансыр елді мекенінің дамыту және салу схемаларын (оңайлатылған бас жоспарларына) әзірлеу кіреді. Сондай-ақ, Тақыркөл, Түгіскен, Сунақата, Қыркеңсе, Бірлік, Бесарық елді мекенінің дамыту және салу схемаларына түзетулер енгізу де бар. «Қаратау-3» және «Ызғар» мөлтек ауданының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын» әзірлеу жұмысы да тізімде. Мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінген жағдайда, тиісті жұмыстар жасалатын болады, – деді Даулет Оразалыұлы.
Жалпы, жауапты бөлімнің атқарып жатқан жұмысы жүйелі. Жас болса да бөлім басшысы жұмысқа сергек қарауда. Бізге аса қажетті қазір жердің инфрақұрылымы. Қалғаны кезең-кезеңімен реттеле береді.
Әлібек ТЕМІРБЕК



