IBIS ҚОНАҚҮЙІНІҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНЫП, КАПСУЛА САЛЫНДЫ
Қызылордадағы Президент саябағы аумағында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ел ағаларының арнайы қатысуымен IBIS қонақүйінің іргетасын қалап, капсуласын салу рәсімі өтті.Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты жаңа нысан құрылысының басталуымен құттықтады.«Президентіміздің, Үкіметтің қолдауымен облысымыздың бюджеті жылдан жылға ұлғаюда, даму бюджетінің көлемі 4,3 есе өсті. Өңірімізде қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, жаңа ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда.
2022-2024 жылдары облыс экономикасына 1 трлн. 600 млрд. теңгеге жуық, 2025 жылы 750 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды. 2021 жылмен салыстырғанда инвестиция көлемі 233 пайызға артты. Жеке инвестицияның үлесі 70 пайыз болды.
Экономиканы әртараптандыру мақсатында алдағы үш жылда 1 трлн. 900 млрд. теңгеге жуық қаржыға 48 инвестициялық жоба іске асырылып, 10 308 жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл 753 млрд. 300 млн. теңгеге бағаланған 14 ірі жобаның құрылысы жүргізілуде.Заманауи талаптарға сай етіп салынатын қонақүй шетелдік, отандық туристер мен қонақтарымызды қабылдайтын, іскерлік байланыстарды нығайтатын орталыққа айналатынына сенімдімін»,– деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Yesbergenova Ulpan

