ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕСІ ЖӘНЕ «ҚАЗАҚСТАН БАЛАЛАРЫ» ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде туризмді дамыту, 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру мәселелері қаралды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты.
Аймақта туристерге қолайлы жағдай жасау үшін жүйелі жұмыс жүргізілуде. Өткен жылдың қорытындысымен облысқа 157 500 турист келіп, 35 пайыз өсім қалыптасты. Қызмет көрсету көлемі 2 млрд. 441 млн. теңге болып, 57,6 пайызға артты.
Қайта жаңғыртудан өткен теміржол вокзалының, «Қорқыт ата әуежайының» ішінен туристерге ақпарат беретін виртуалды карта әзірленіп, QR кодтар қойылды. Жаңадан ашылған заманауи үлгідегі музейде экскурсияға келушілерге тарихи деректер жан-жақты таныстырылады.
Облыстағы демалыс парктері жаңартылып, туристерге қолайлы және қауіпсіз қызмет көрсетіледі. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында халық көп шоғырланатын орындарда «102», «SOS» арнайы дабыл батырмасының 15 құрылғысы орнатылды.
Туристік инфрақұрылымды дамыту үшін Rixos және Pana Hotel қонақүй желілері салынуда. Аудан орталықтарындағы теміржол вокзалдары қайта жаңғыртылуда.
«Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылатын іс-шараларға жергілікті бюджеттен 30 млрд. теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланған. Бүгінде жоспардағы жұмыстар басталды. Балалардың құқықтарын қорғау саласында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімшелер құрылды. «Отбасына көмек көрсетудің бірыңғай орталығы» ашылды. Қызылорда қаласы мен барлық ауданда 8 «Отбасын қолдау орталығы» құрылып, жұмыс жасауда.
Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың материалдық-техникалық базасы жаңғыртылып, қызметтік автокөліктері 100 пайыз жаңартылды.
Білім беру ұйымдарына 100 пайыз бейнебақылау камералары орнатылып, жасанды интеллект технологияларын енгізу мақсатында 480 млн. теңге қаржы бөлінбек. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын қаржыландыру көлемі жыл сайын 50 пайызға ұлғайып келеді.
Балалардың мүмкіндіктерін ерте анықтау, сапалы оңалту арқылы толыққанды өмір сүруге бейімдеу үшін білім саласында 3 оңалту орталығы ашылды. Денсаулық сақтау саласында да 2022 жылдан бері 3 оңалту орталығының жұмысы жолға қойылған.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі




