ЕКПІНДІДЕ ЖАҢА КЛУБ ҮЙІ АШЫЛДЫ

Көптен бері екпінділіктер ауылға клуб үйі қажет деген мәселені көтеріп келген. Осы мәселенің түйіні тарқатылды. Жаңа жыл қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ауданымызға арнайы келіп, Екпінді ауылындағы 100 орындық ауылдық клуб үйінің ашылу салтанатына қатысты. Оған Парламент Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, зиялы қауым өкілдері, ауыл тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы алдымен жиналған жұртшылықты Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Облыс әкімі одан әрі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының өңірімізге келіп, атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары бағасын беріп, ел бірлігіне ризашылығын білдіргенін сөз етті. Үкіметтің Сыр өңірін айрықша қолдауының арқасында елдің даму қарқыны жоғары. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық өркендеуінде оң тенденция қалыптасты. Барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алдыңғы қатардан көріндік. Жыл бойы серпінді әрі тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму қамтамасыз етілді, мұны макроэкономикалық көрсеткіштеріміз дәлелдейді.
– Биылғы жыл өңіріміз үшін табысты жыл болды. Халыққа қажетті ғимарат соғылып, денсаулық, мәдениет, спорт, инфрақұрылым мәселелері шешімін тауып, ауыз су, газ, жарықпен толық қамтамасыз етіле бастады. Кезең-кезеңімен жобалар жүзеге асты. Алдағы Жаңа жылда әрқайсыңыздың шаңырағыңызға құт-береке қонсын!, – деді аймақ басшысы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Жарлығымен «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданып, бұл бағыт мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі болып белгіленгені бері көп жұмыс атқарылды, – деп жалғастырды сөзін облыс әкімі.
Ауылда шаруашылықты, кәсіпті дамыту үшін мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауларды тиімді, мақсатты пайдалану өте маңызды. Биыл облысымызға 720 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылады. Алдағы үш жылға 98 инвестициялық жоба жоспарланған.
Бүгін өздеріңізбен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған Екпінді ауылындағы 100 орындық клубтың ашылу салтанатына жиналдық. Жаңа мәдениет ошағында руханияттың алтын тамырынан нәр алған өнерпаздардың шығармашылығы шыңдала берсін! Екпінділіктерге жаңа клуб құтты мекен болғай!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Жаңа клубта көрермен залынан басқа 11 бөлме бар. Ғимарат сұйық отынмен жылытылады. Ауыл балалары ән, би, көркемсөз оқу, суретшілер үйірмелеріне қатысатын болады.
Іс-шарада облыс әкімі ауылдың талантты жасөспірімдеріне домбыра сыйлап, ұлттық өнерді дамытуға бағытталған игі іске қолдау көрсетті.
Мақпал МАРҚАБАЙ




