» » Жаңақорғаннан аттанған жалғыз ұшқыш

Жаңақорғаннан аттанған жалғыз ұшқыш


Кешегі ел басына күн туған қанқұйлы соғыста қас дұшпанмен әуеде айқасқан батыл ер – Зинабыдын Мұсабайұлы 1941-1945 жылдар аралығындағы соғысқа өз ауданымыздан аттанған жауынгерлер арасында жалғыз ұшқыш болғандығын еске алғанда көңілімізді мақтаныш кернейді. Екінің бірі жүрегі дауалай қоймас бұл мамандықты игерген атамыздың ерік-жігеріне бала кезімізден тәнті болып өстік.


Қайсарлық, қаһармандық қасиет қиындықта шың­далады. Әке-шешеден жастай жетім қалып, интернатта білім алған атамыздың бойындағы темірдей төзім, таудай табандылықтан мен осындай сырды түйсініп өстім дей аламын.
Атамыз – Зинабыдын Мұсабаев 1919 жылы Жаңа­қорған қонысында өмірге келді. 1939 жылдың желтоқ­санында Жаңақорған аудандық комиссариатынан әскер­ге шақырылып, 1942 жылдың 12 мамыр мен 1945 жылдың мамыр аралығында №101 барлау полкі, 333 авиаполкінде радист-ұшқыш қызметін атқарған. Осы әскери құрамда аға сержант шенімен жауды өз апанында тізе бүктіріп, 1945 жылдың 9 мамырын Берлин жерінде қарсы алды.
Атамыз «ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Кеңес Одағының мар­шалы Г.К.Жу­ков», «Ұлы отан соғысындағы ерлігі үшін», «Жеңістің 30 жылдығы», «Жеңістің 40 жылдығы», «Жеңістің 50 жылдығы» медальдерімен марапатталған.
Мұсабай өзі аңшы және күйші болған. Оның тартқан үш күйі қазақ радиосының Алтын қорына жазылып алынған.
Интернаттан кейін 8 жылдық біліммен Тәжікстанда мұғалім болып жүрген жерінен 1939 жылы әскер қатарына алынып, 1 жылдық авиациялық курста оқиды. Әрі қарай соғыс басталып кеткендіктен екінші дүниежүзілік майдан өртінің жалынына бір-ақ түсті. Бомбалаушы ұшақта радист-ұшқыш болып, Украйна жерінде Брест қамалын қорғауға қатысқан. Бірнеше рет «БС-2 ұшағымен немістің қару-жарақтар сақталған қоймаларын қиратқан. Соғысты жеңіспен аяқтаған ұшқыш әскери командованиенің бұйрығымен тағы бір жыл қызмет етіп, елге 1946 жылдың көктемінде бір-ақ оралады. Елге келген соң білімін терңдету үшін жоғары оқу орнына түсуге бекініп, Қызылордадағы педагогикалық институттың химия-биология факультетіне құжат тапсырады. 1947 жылы партия қатарына қабылданады. Еңбек жолын аудан орталығындағы №51 мектепте бастап, одан әрі Кеңес ауылында және Жайылма ауылындағы мектептерде ұстаздық етеді. 1957-59 жылдары аудандық партия комитетінде инструктор, Талап, Кеңес ауылында партком хатшысы болды. Алпысыншы жылдардан бастап Төменарық ауылындығы № 53 орта мектебінде ұстаздық етеді.
Ол кісінің тағы бір ерекше қасиеті – өсімдіктердің тілін білетіні. Оны қалай баптау, егу жөнінде үйретіп отырды. Төменарықтағы №53 Романов атындағы оррта мектебінің жер учаскесін үлкен саябаққа айналдырып, оқушыларды үйретуге жалықпаған. Мүмкін сондықтан айнала жұрт ол кісіге Мичурин деп ат қояды. Оның ізін жалғаған біздің әкеміз үйінің айналасын саябаққа айналдырған. Қазірде 300 түп жеміс ағаштары өсіп тұр. Ол көршілерге тегін көшет беріп, есік алдын көгалдандыруға кеңес беріп отырады.
Атамыз Зейнабыдын Мұсабайұлы 2000 жылы 21 маусымда 86 жасында өмірден озды. Соғыс жылдарындағы қан майданда неміс фашистеріне қарсы күресіп, сұм соғыста жауапты ұшқыш-радист болып, әуеде жүріп соғысқаны жөнінде атамның өзі маған көзі тірісінде: "Қызым, соғыс өрті лаулаған шақта біз тек отанымызды қорғау, қалайда неміс фашистерін жеңуді мақсат тұттық, майдандас достарым да солай болды, туған жерімізді ауық-ауық еске аламыз да ары қарай шабуылға кіріп кететінбіз. Бірде неміс ұшағына шабуыл жасау кезінде қорғаныс жасап жүріп, түрлі әдістерді қолданғанның өзінде қай жағымнан тигенін сезбей қалдым, оқ көзіме тиіп, көзімді аша алмай қалдым. Енді біткен жерім осы болды ма деп көзімді ашайын десем, аша алмаймын. Әскери госпитальда дәрігерлер қарап, көзіңнен оқ жарықшағын алдық деді. Осы уақытқа дейін осы көзім бұлдырап кетеді» – дейтін. Кейіннен бәрібір соғыс зұлматы әсер етпей қоя ма, атамның сол оқ тиген көзіне ота жасауға тура келді, біраз уақыт өткеннен кейін жақсы болды.
Атамыздың «Ұлағатты ұстаз», Ұлы Отан соғысының ардагері» болған қызметтеріне орай ауылдық әкімшіліктің шешімімен және халықтың қолдауымен 2005 жылы Төменарық елді мекенінен бір көшенің аты беріліп, басына мәрмәр тақта қойылып, ас беріліп, құран бағышталды.
Әкем осы ескерткіш тақта қойылғаннан кейін бізге, балаларына: «әкемнің алдындағы кішкентай да болса бір парызымды орындағандай болдым» деп көңілін бір демдеді. Өзі сол көшеге су құбырларын тартып, тас төсеуге мұрындық болды.
Тағы бір есте қалғаны – атамның кітапханасы өте бай. Қара шаңырақтағы Бейбіт ағам: «Бізге бермейтін кітаптың барлығын Айжанға келгенде береді» деп айтып отыратын. Оқығым келетін кітаптың барлығын атамнан аламын да, өз үйіміздің кітапханасына апарып қоямын. Оқып болған соң біреуін қайтарсам, екіншісін қайтармаймын. Олай істегеніме қуанамын қазір, бұл рухани азықтың кітапқа жаны ашитын, шын мәнінде оқи алатын адамның қолында болғаны дұрыс екен. Әлі күнге кітаптар сақтаулы.

Айжан Мұсабаева
02 мамыр 2025 ж. 101 0