Адам өмірі – бәрінен қымбат

Шетелдік қақтығыстарға қатысу заңмен реттелетін мәселе. Соңғы жылдары әлемде түрлі қарулы қақтығыстар жиілеп, кейбір азаматтар шетелдегі соғыстарға қатысуға ниет білдіруде.
Алайда бұл әрекеттің артында ауыр зардаптар бар екенін ұмытпаған абзал. Қазақстан Республикасының заңнамасына сай азаматтардың шетелдегі қарулы жанжалдарға қатысуы қылмыстық жауапкершілікке алып келетінін ескерген жөн.
Әлемде болып жатқан түрлі саяси және әскери қақтығыстар күн сайын көптеген адамның өмірін қиып, тұрақтылық пен бейбітшілікті бұзуда.
Соңғы жылдары халықаралық аренада түрлі әскери қақтығыстар мен зорлық-зомбылық жағдайлары жиі кездесуде.
Бұл жағдайлардың ішкі және сыртқы саясатқа, сондай-ақ азаматтық қоғамға тигізетін әсері зор. Шетелдік қақтығыстар немесе басқа да ұрыс-қозғалыстарға қатысып, құқық бұзғандар үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 172-бабына сай қылмыстық жауапкершілікке тарту тағайындалады.
Яғни заң аясында жауапқа тарту кезінде қылмыстық құқық бұзушылар бес жылдан тоғыз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айырылады.
Қазақстан Республикасының азаматы шет мемлекеттегі қарулы қақтығысқа немесе соғыс қимылдарына жалдамалы ретінде емес қасақана қатысқан жағдайда да заңмен жауапқа тартылатынын еске саламыз.
Нақтылай кетсек, құқық бұзушыда жалдамалылық белгілері болмаған кезде қасақана құқыққа сыйымсыз қатысуы жағдайы әшкереленсе, мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Сонымен қатар, адам өзiнiң қызмет бабын пайдалана отырып жасаған немесе кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған дәл сол іс-әрекеттерде – мүлкi тәркiленiп, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз, он екі жылдан он жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Біздің мемлекетіміздің саясаты әрқашан бейбітшілік пен халықаралық ынтымақтастыққа бағытталған.
Әрбір қақтығыс тек аймақтық, халықтық және діни тұрғыдан ғана емес, жалпы адамзаттың қауіпсіздігіне де қауіп төндіреді.
Бұл қақтығыстарда адам өмірі мен құқықтары бұзылуда, экономика мен қоғамдардың тұрақтылығы зардап шегуде.
Сол себепті, қандай да бір үгіттеулер мен азғырулардан абай болған абзал.
Егер сізді немесе жақындарыңызды мұндай әрекеттерге тартуға тырысса, құқық қорғау органдарына хабарлауыңыз қажет. Бейбітшілік – әрбір азаматтың ең басты құндылығы!
Аудан прокуратурасы еліміздің тұрғындарын шетелдік қақтығыстарға қатыспауға және қатысқан жағдайда туындайтын қылмыстық жауапкершілік жөнінде ескертеді.
Жаңақорған аудандық прокуратурасы