Берік – турнир чемпионы

Қызылорда қаласында тұңғыш рет үстел теннисінен «Абзал и К» жүлдесіне арналған БАҚ өкілдері арасындағы облыстық турнир сәтті аяқталды. Журналистер арасында салауатты өмір салтын насихаттауға және олардың шығармашылықтан тыс спорттық қабілеттерін дамытуға бағытталған бұл спорттық шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Жарысқа жергілікті телеарналар, газет-журнал редакциялары және онлайн басылымдар өкілдері қатысты. Барлығы 30-дан астам журналист пен қызметкерлер өзара бақ сынасты. Жарыс айналмалы жүйе бойынша өткізіліп, қатысушылар жеке шеберліктерін көрсетуге мүмкіндік алды.
Турнир қорытындысы бойынша, Жаңақорған кенті әкімдігінің баспасөз хатшысы Берік Атақожаев 1-орынды иемденсе, 2-ші орын «Қоғам тв» телеарнасының ІТ маманы Дәулет Садықовқа бұйырып, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Әділбек Жаханов жүлделі 3-ші орынға жайғасты. Сонымен қатар, «Көрермен көзайымы» номинациясы – «Кызылординские вести« газетінің бас редакторы Ботагөз Ажарбаеваға табысталса, «Үздік ойыншы» номинациясымен – «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі Аружан Оралбай марапатталды.
Осылайша, бұл турнир Қызылорда облысындағы журналистердің арасындағы жаңа спорттық жетістіктерге бастау болып, өңірдегі спорттық мәдениетті дамытуға өзіндік үлесін қосты.
Жәмила ЕРМАХАН