№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » МӘМС барысы неге баяу?

МӘМС барысы неге баяу?

Елімізде 2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі күшіне енді. Оған еңбекке қабілетті қоғам мүшелерінің жалақысынан үш пайызға дейін мөлшерде қаржы аударылып отырады. Бірақ жалақысынан жырымдап тиісті жарнасын төлеп отырғандардың дені неліктен қызметті керек уақытында ала алмайды? Керісінше, медициналық сақтандыруы бола тұра жеке клиникаларға қаржы шығындауға тура келеді. МӘМС-қызметіндегі кемшілік, арыз-шағымның көптігінен де аңғарылып отырған тәрізді.
Өзім сұхбаттасқан Назира есімді жүкті келіншек неге баяу? Қызылорда қаласындағы УДЗ-дан ақылы тексерістен өткенін айтып неліктен ай сайын медициналық сақтандыруға ақша төлеп отырмыз деген назын бүгіп қалмады. – Қазір төрт жылдан бері айлығымыздың үш пайызы медициналық сақтандыруға ұсталып қалатынын білеміз. Бірақ ол қаражатты қажет кезінде неге пайдалана алмаймыз?– дейді ол. МӘМС деген не?
Медициналық көмек қажет еткен науқасқа бұған дейін сақтандырылған жағдай бойынша науқасқа жинаған қаржысы кепіл болады. Медициналық сақтандыру көптеген елдерде қарапайым халық үшін, сонымен бірге жұмыс берушілер үшін де денсаулық сақтау жүйесінің тиімді модельдерінің бірі. Қордың әу бастағы миссиясы – халықты қолжетімді медициналық көмекпен теңдей қамтамасыз ету, жұртшылықты медициналық көмекке негізсіз жұмсалатын артық шығындардан қорғау, медициналық қызметтерді кепілдік пен теңгерімді сақтай отырып сатып алу. Яғни, азаматтарды сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету арқылы қызметтің сапасын тиісті деңгейде ұстап тұру көзделген. Бірақ мақсатты бағдарламаның шикілігі неде?
Осы бағытта әзденіп көрдік. Қызылорда облысында қанша азамат сақтандырылғанына зер салайық. Қызылорда облысы бойынша бекітілген халықтың тізіміңде (БХТ/ РПН) 816 476 адам тіркелді, оның ішінде 657 124 адам (80,5%) МӘМС жүйесінде сақтандырылған. 159 352 (19,5%) тұрғын сақтандырылмаған. Егер сіз сақтандырылмаған, яғни жұмыс істемейтін болсаңыз, 2022 жылдың 5 қыркүйегінде енгізілген өзгерістерге сәйкес, МӘМС жүйесінің қатысушысы болу үшін алдағы 12 ай үшін төлем жасауға болады. Бұл жыл бойына сақтандырылуға мүмкіндік береді. 12 айға төлемді дұрыс жасаған азаматтарға 3 күннің ішінде «сақтандырылған» мәртебесі беріледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Тіпті, МӘМС жүйесінің іске қосылғанына 5 жыл болғанын айтып: «Алайда медициналық көмектің сапасы айтарлықтай жақсарды деп айтуға болмайды. Көп жағдайда ресурстар тиімсіз жұмсалады. Соның салдарынан бұл салаға қосымша қаржы бөліп, бюджетке салмақ салуға тура келеді. Үкімет медициналық сақтандыру жүйесінің қызметін қатаң бақылауға алуы керек. Бұл жүйе қарапайым әрі түсінікті болуы тиіс» – деп нақты тапсырма берді. Міндетті әлеуметтік сақтандыру саласына аударылып жатқан қаржы көлемі үлкен. Салыстыру үшін айтсақ, МӘМС-тің бір жылдық бюджеті еліміздегі басқа сақтандыру компанияларының қаржысын қосқанмен бірдей. Алайда қарапайым халық бұл қаржыға неге сапалы қызмет ала алмай отыр? Әлбетте, МӘМС арқылы да тегін емделіп жатқан жандар баршылық. Алайда тегін емделу үшін, біріншіден, квота алу қажет. Ал квотаны алу үшін 2-3 айдай күтуге тура келеді. Портал арқылы медициналық мекемелерде тегін емделу де оңайға соқпайды. Мемлекеттік емханаларда емделу үшін бір ай алдын ала кезекке жазылып, талон алу керек. Бірақ ешкім дәрігерге көріну үшін талон алуым керек деп күтіп отырмайды. Талонмен кезек күткеннің өзінде, дәрігердің «базаға тіркеу, базадан іздеу» секілді жұмыстары көп уақытты алады. Сол себепті әлеумет амалсыздан ақылы емнің көмегіне жүгінуге мәжбүр.
– Өз басым ауыра қалған жағдайда қалаға барып, ақылы емханада ешбір кезексіз, ешбір құжатсыз қалаған емімізді ала аламыз. Ақылы емнің құны да аспандап тұр. Егер осы медициналық сақтандыруға ай сайынғы төленіп жатқан ақшаны есепке алатын болсақ, халыққа қажетті қызметті көрсетуге әбден болады. Шынымды айтсам, аяғымды баса алмай сүйретіліп емхана мен үйдің ортасында бес ай жүрдім. Аяғымды МРТ түсіру үшін күнде дәрігердің алдына барамын. Ақыр аяғында өзім шаршап кеттім. Болмағасын Түркістан қаласына жеке клиникада 35 мыңға МРТ түсіп келдім. Мен секілді жүрген адамдар аз емес. Әр дәрігердің алдында ұзын сонар кезек, ауруханаға жатудың өзі мұң ғой. Орын жоқ, босаған жағдайда хабарласамыз дейді. Бірақ, хабарласып жатқан адамды көрмедім – дейді көпбалалы ана.
Эльмира есімді азамат тіс емдеу ақысы неге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында төленбейтініне шағымданады. Қымбатшылықтан қажыған халық соңғы уақытта әлеуметтік желіде осы сұрақты жиі көтеріп жүр. Айта кетейік, қазақстандықтардың шамамен 70 пайызы түрлі тіс ауруларынан зардап шегеді.
Тағы бір оқырманымыз Әлия Кеңесқызы бір жылдан бері тісін емдетіп жүргенін айтады. Төрт балалы келіншектің тісі түгелге жуық түсіп қалған, имплант салдырғысы келеді. Кенттегі стоматолог дәрігерге есептетіп көрген еді, шамамен 1,5 млн теңге қажет екен.
– Өзім бала күтімімен үйде отырмын. Медициналық сақтандыруға үзбей айлықтан аударылып тұрды. Одан нәтиже болмады. Имплант болмаса да протез салу әлеуметтік мемлекеттік сақтандыру аясында жүзеге асатын болса көп адамға қолжетімді болар еді – дейді.
Өйткені елдегі стомотологтардың басым көпшілігі жеке меншіктің қолында. Оларда орта есеппен бір тісті емдеу 6 мың мен 10 мың аралығы болса, тіс жұлу 12 мыңға дейін барады. Ал қаптама тіс салу – 16 мың, имплант салдыратын болса бір адамға 1 миллионнан аса қаражатты қажет етеді. Мұндай мысалдарды тізбектей берсек көз сүрінеді. Жүкті аналардың қарапайым ғана УДЗ-ға түсу үшін бірнеше шақырым жол жүріп, қалаға ба¬руы қаншалықты орынды?
Біз аудандық емханаға арнайы барып, бас дәрігердің орынбасары Ақмарал Әлімбаевадан көкейдегі сұрақтарға жауап алдық.
– МӘМС – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры. Қазіргі уақытта еліміздің денсаулық сақтау саласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі кезеңкезеңмен енгізілуде. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының осы бағытта алға қойған міндеттерінің бірі – емдеу мекемелеріндегі медициналық қызметтің қолжетімділігін, тұрғындарға уақытылы сапалы медициналық қызмет көрсетілуін қамтамасыз ету. Осы бағытта жұмыс жасаудамыз. Меніңше, бұл халыққа ең тиімді бағдарлама. Сақтандырылған кез келген адам емханада тексерілудің барлық түрінен тегін өтіп, қажетті емді ала алады. Қажетті жерге дәрігер порталға салады, өз кезегімен науқас тиісті қызметті ала алады. Енді көпшілігі кезекті ұзақ күтіп қаламыз деп жатады. Бұл еліміздің барлық аймағында болып жатқан жағдай. Қалалық жерде жұмыс жүйелі шығар, аудан орталығында ауылдарда интернет әлсіз, базамен жұмыс жасауда, қолбайлау көп.
– МӘМС төлемі 2024 жылы қандай мөлшерде?
– МӘМС төлемдері төлеушілердің әр санаты үшін әр түрлі мөлшерде болады. Жұмыс берушілердің аударымдары қызметкерлер жалақысының 3%-ын құрайды, аударымдардың ең жоғары сомасы 25 500 теңгеден аспайды, бұл 10 ЕТЖ-нің 3%-ы. Айта кету керек 2024 жылдан бастап, 1 ЕТЖ 85 000 теңгені құрайды. Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар (АҚС) бойынша табыс алатын қызметкерлер мен жеке тұлғалардың жарналары 2024 жылы олардың табысының 2%-ын құрайды. Егер жалақы мөлшері 10 ЕТЖ жоғары болса, онда тек осы сомаға ғана салық салынады және жарнаның ең жоғары сомасы 17 000 теңгені құрайды. Жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатындардың жарналары 5 950 теңгені немесе 1,4 ЕТЖ-нің 5%-ын құрайды. Дербес төлеушілер үшін жарна сомасы 4 250 теңгеге тең (1 ЕТЖ-дан 5%). Егер бір ай төленбей қалса, кері әсер етеді. Яғни ай сайынды медициналық сақтандыруға тиісті қаражатты төлеп отырса, тағайындалған барлық емді де, тескеруді де тегін ала алады. Сондайақ осы ретте айта кетейін, дәрі-дәрмек біздің қолымызда тұрған нәрсе емес. Мемле¬кет тарапынан №75 бұйрық бойынша бекітілген барлық дәріні халыққа береміз. Кейде кейбіреулер басқа қалаға барып, өзге дәрігерге көрініп, ол дәрігердің тағайындаған дәрісін бізден сұрайды. №75 бұйрықта бар дәрі болса береміз. Егер онда жоқ болса қалтасынан ақша шығарып сатып алады. Бұл жерде халық ортақ заңға бағынып, дәрігердің қабылдауынан өтіп, кезегін күтіп ретімен қаралатын болса, ешқандай артық шығынсыз қажетті қызметті ала алады, – дейді маман.
Осы тұста айта кетейік, қоғамда ешқандай жұмыс жасамайтын әрі ешқандай осал топқа жатпайтын азаматтар медициналық сақтандыруға мән бермеген жағдайда түрлі дәрігерлік тегін жәрдемді ала алмайды. Егер медициналық сақтандырылмаған болсаңыз, аяқ астынан емханаға бара қалсаңыз, сізге ешқандай қызмет көрсетілмейді. Міне, бұл қарапайым халыққа ауыр тиіп отыр.
Дей тұрғанымен, жұмыс жасамасаңыз оны төлеудің бірнеше түр барын аудандық емхананың ұйымдастыру және әдістемелік бөлімінің маманы Бауыржан Мұзафаровтан білген едік.
– Өзін-өзі жұмыспен қамтыған түрлі сала азаматтары екі әдіспен медициналық сақтандыруды төлесе болады. Кәсібін заңдастырған, жеке кәсіпкерлігі бар тұрғындар айына 5950 теңге МӘМС төлейді. Ал, түрлі кәсіппен айналысатын, бірақ кәсіпкер ретінде тіркелмеген азаматтар айына 4250 теңге МӘМС төлеуі керек. Бұл төлемдерді кез-келген екінші деңгейлі банктер арқылы төлей алады. Яғни, үйден шықпай-ақ қолындағы смартфонмен төлесе де болады. Екі төлем жасаудың айырмашылығы жеке кәсіпкерлігі бар адамдар өткен айларды төлей алса, өзін жұмыспен қамтыған дербес төлеушілер алдағы айларды да, яғни 1 жылдың төлемін бірден төлеп қойса болады. Ал, ешжерде жұмыс жасамайтын азаматтар халыққа қызмет көрсету орталығынан «жұмыс істемейтіндігі» туралы анықтама алып келсе, өзіне қажетті қызметтерді ала алады, – дейді ол.
Иә, кейде шыдамсыздық танытып, ұрыс-жанжалға орын беріп, үлкен демей, кіші демей беттен алып, төске шауып жатамыз. Осы тұста айта кетейік, нарық заманына қарай көпшілік арасында 2-3 жерде жұмыс істейтіндер аз емес. Қанша жерде жұмыс істесе де барлығынан медициналық сақтандыруға қаржы ұстайды. Осы заңды ма? Белгілі заңгер Дәулет Тұрабаевтың пікірін білдік.
– Медициналық сақтандыру елімізде толықтай жүзеге асқан жағдайда оның қарапайым халыққа тигізер пайдасы көп. Адамдар сақтандыру қорына жарна төлеу арқылы өздерінің қалаған емхана, дәрігерлеріне қаралу мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ науқастың емделу ақысы сақтандыру қорынан төленеді. Бірақ бұл жүйе жүйесіз жасалған. Қарапайым халық өзінің құқығы мен медициналық сақтандыру жайын толық біле бермейді. Негізі бір азаматтан қанша жерде жұмыс жасаса да, бір ғана медициналық сақтандыруға ақы ұстау қажет. Байқаймын, кейбір есепші мамандар заңсыздыққа барып, қызметкерге ескертпей бірден медициналық сақтандыруға ақша ұстайды. МӘМС-ті қалай пайдалану керектігі жөнінде көп жерде нақты, түсінікті ақпараттар жүргізілмейді. Тек газет, теледидар арқылы ғана емес, емханалардың өзінде науқасқа ақпарат беріп отыруы керек. Дөңгелек үстелдер немесе халықпен кеңесу ұйымдастырылып, жауапты мамандар егжей-тегжейлі түсіндірсе дейміз. Алдағы уақытта осы тақырып төңірегінде арнайы шара ұйымдастырсаңыздар, қуана қатысар едім, – дейді заңгер.
Қорыта айтқанда, медициналық сақтандырудың қолданыстағы жүйесі толыққанды тиімділігін көрсете алмауда. Салдарынан азаматтардың да, мемлекеттің де денсаулық сақтау шығындары тоқтаусыз артып барады. Еліміздегі әрбір азаматтың денсаулығы мен өмірі бірінші кезекте тұрады. Ал, МӘМС еліміздегі сапалы медициналық көмек көрсетуді күшейтуге, адамдар арасында аурушаңдықты азайтуға бағытталған бірден-бір жүйе. Сондықтан ел игілігі үшін қабылданып отырған жүйені тиімді жұмсаған абзал.

Әсел РЗАЕВА

23 шілде 2024 ж. 190 0