№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Құмар ойынды құрықтай аламыз ба?

Құмар ойынды құрықтай аламыз ба?


Құмар ойын – жеңіл жолмен байлыққа кенелудің бір түрі. Ал оның құрығына ілінген оңайлықпен бұғауды үзіп шыға алмасы тағы анық. Осы ретте, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ойын бизнесі, лотерея қызметі және лудоманияға қатысты заң жобасына қол қойды. Енді, осы тақырып төңірегінде ой қозғап көрейік.
Бұл заң арқылы көпшіліктің ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші және ынталандырушы нормалар енгізілген. Бұдан былай мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойынның қандай да бір түріне бәс тігуге рұқсат етілмейді. Бұл шектеу сақталмаған жағдайда бірден міндетінен босату шарасы қарастырылған.
Бұған қоса, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамаларына шектеу қойылды. Атап айтқанда, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың сыртқы (көрнекі) жарнамасына жол берілмейді. Олардың қызметін көлік құралдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, кино - видео-және анықтамалық қызмет көрсету орындарында жарнамалауға тыйым салынады. Тек букмекерлік кеңсе немесе тотализатор орналасқан жердегі сыртқы жарнамаға спорт ғимараттарының ішінде және спортшылардың киімінде спорттық тақырыпқа маманданған және ресми тіркелген БАҚта, сондай-ақ отандық телеарналар халықаралық спорттық жарыстарды тікелей трансляция жасаған кезде жарнамалауға рұқсат етіледі.
Сонымен қатар, лотерея қызметін реттеу тетіктері жаңартылды. Нақтырақ айтқанда, тұрғын үйлерде, жатақханаларда, ғибадат үйлерінде, мәдениет ұйымдарының ғимараттары мен құрылыстарында, әлеуметтік объектілерде, сондай-ақ, олардан жүз метр қашықтықтағы радиуста лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады.
Осы тұста айта кетейік, елімізде 2007 жылы «Ойын бизнесі туралы» заң күшіне еніп, казинолар мен ойын автоматтарының жұмысы тоқтатылған болатын. Бірақ кейбір ойынханалар әлі жұмыс істеп тұр. Тіпті «букмекерге» ақша тігіп, оңай олжалы болғысы келетіндер саны көбейіп кеткен. Бұны көзіміз көріп те жүр.
Сондықтан атаулы заңның күшіне енуімен бірге құмар ойынға құмартатындарға тұсау салатын тетіктер жетілдірілуі тиіс. Өйткені бұл кесел соңғы уақытта ауылдағы ағайынның да бас ауруына айналып үлгерді. Осы тұста, «Құмар ойындарды қалай тыямыз? Оған жастарды жуытпаудың жолы бар ма? деген сұрақтарға жауап іздеуге тырыстық. Талай жанның санасын улап, қыл мойнына құрық салған құмар ойын еліміздегі әрбір бесінші жасты тұзағына түсіретін қауһарға ие. Ол шамамен 1 миллион адамға саятынын ескерсек, болашақты бағамдаудың өзі бұлыңғыр. Күнделікті дүкендерде, сауда орталықтарында, тағы да басқа мекемелерде, ойын автоматтарының маңайында үймелеп тұрған адамдарды жиі көреміз. Бұл – біріне бизнес болса, біріне құмарлығын қанағаттандыратын ермек болып есептелетіні хақ. Соған қоса, қазақ қоғамының тамырын кесетін қасіретті кеселдің бірі. Тек қазақ қоғамы ғана емес, адамзаттың індеті, дерті. Сондықтан, әр адам қарақан басының еркіне ие болуы керек.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырды. Өйткені оның қылбұрауынан босай алмай жүргендер аз емес. Тіпті, саналы түрде барып, сан соғып қалатындар қаншама. Қазіргі кезде айлап еңбектеніп тапқан жалақысын «екі есе көбейтемін» деген дәмемен автоматқа салып алданып сан соғып жатқандар әрекеті қарын аштырады. Әсіресе, футболдан әлем чемпионаты кезінде букмекерлік кеңселердің жұлдызы жанады. Осы тұста кент тұрғыны Еркебұлан Ержановтың айтқаны көп ақиқатқа көзімізді ашты. – Осыдан үш жыл бұрын Алматы қаласында букмекерлік кеңседе бір жылға жуық жұмыс істедім. Бір күнде мыңға жуық адам ұтысқа қатысып, бәс тігетінін көрдім. Бірінің асығы алшысынан түссе, енді бірінің тауы шағылып, барынан айырылып, үйіне қайтарға ақша таппай отырады. Байқағаным, кейде әбден тісқаққан ойынқұмарлар жанына достарын, таныстарын әкеліп, ойынға қызықтырады. Тіпті, қыз-келіншектердің арасында да құмар ойындарға тәуелділер аз кездеспейді. Жап-жас қазақтың қыздарының ата-анасы оқуға салған ақшасын ойынға тігіп, бармағын тістеп өкініп қалған жайттарына да куә болдым. Қалтасындағы соңғы теңгесіне дейін ойынға тігіп, барар жеріне қажет 100 теңге үшін айналаға алақан жайған көрініс сұмдық. Менің ол жердегі жалақым жақсы болды, тек ары қарай жұмыс істеуге жүрегім шыдамады, – деген сөзінен-ақ көп жайттың сыры байқалып тұр емес пе?
Байқап қарасақ, бүгінде құмар ойынның түр-түрі кездеседі. Тіпті, ешқайда шықпай-ақ қолыңдағы ұялы телефонға сан алуан ойынды жүктеп алып, ақша салып, оны көбейтемін деп күнін босқа өткізетін жастар аз емес ортамызда. Осындай ойындардың смартфонда да жарнамасы жүр. Ішіне кіріп, карта нөміріңді жазсаң бітті, сосынғысы белгілі, алдымен 5 мың, 10 мың, кейін есепшотыңдағы қаражатыңның қайда кеткенін білмей қаласың. Бұл ойындар пайдаға кеңелтемін деп батпаққа батырады. Қолыңдағы барыңнан айырады. Ар жағы белгілі, құмарға берілген адам депрессияға ұшырап, денсаулығынан айырылып, жүйкесі жұқара бастайды.
Тіпті есінен адасып, қылмыстық жағдайларға ұрынатындар көп. Ең ауыры, құмар ойынға салынушылар арасында өзөзіне қол жұмсайтындар да жыл санап артып барады. Статистика бойынша, жылына Қазақстанда 5000-нан аса адам өз-өзіне қол жұмсаса, олардың басым бөлігі – құмар ойынның құрбаны болғандар. Иә, дамыған елдерде құмар ойындар психологиялық ауру ретінде денсаулыққа байланысты мәселелердің халықаралық статистикалық жіктемесі тізіміне тіркелген.
Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ойынқұмарлықтың қауіпті екенін ескере отырып, «лудомания» деген арнайы медициналық диагноз енгізді. Осы арқылы жаһандық ұйым құмар ойындар мен компьютер ойындарына тәуелділер нашақорлар мен маскүнемдер сияқты эмоционалды жандар екенін мойындады. Мәселен, АҚШ-тың құмар ойындар проблемаларымен күрес жөніндегі қауымдастық зерттеулеріне сүйенсек, әлемдегі кез келген қала тұрғынының аяқ астынан қылмыскерге айналуы 6 пайыз болса, маскүнемге айналуы 34 пайыз, нашақорлыққа салынуы 32 пайызды көрсетсе, ойынқұмар болуы 48 пайызға жетеді екен. Өкініштісі, бұл көрсеткіш жылданжылға өсіп барады. Ал біздің елде орта есеппен 350 мың адам құмар ойынның құрбанына айналса, олардың орташа қарызы 10 млн теңгеден асады. Сондай-ақ әрбір 10 жұптың 7-еуі құмар ойынның кесірінен ажырасады екен. Жә, ер азаматтар түзде жүріп құмар ойынға бой алдырса, отбасы, ошақ қасында жүрген нәзік жандардың қолындағы ұялы телефон арқылы сан алуан ойынның шырмауына шырмалып, несиені негізсіз алып, қарызға белшеден батып жатқандарына жол болсын. Жас ғұмырын осындай ойсыздыққа шырмап, адасып жүргенін сезінбейтіні өкінішті. Кездейсоқ жетістік пен бос үмітке тәуелділік торына кез-келген жанның түсіп қалуы ықтимал. Көбіне құмар ойынға өзіне көңілі толмайтын, эмоциясын басқара алмайтын, айналамен қарымқатынасы жоқ жандар баратынға ұқсайды. Лудомания деп аталатын бұл дертті емдеу оңайға соқпайды екен. Алдымен жақындарының қолдауына мұқтаж мұндай жандар өзін жалғыз, керексіз сезінуден осындай жаман әрекетке барады дейді психологтар.
Психологтың зерттеуінше, интернетті шамадан тыс қолдану адамды стреске түсіреді және адамның физикалық күйіне, жүйке жүйесіне, жеке өміріне, экономикалық және әлеуметтік жағдайына кері әсерін тигізеді. Содан болар, бүгінде компьютерлік ойындар уақыт өткізудің ғана емес ақша табудың жолына, спорт құралына да айналды. Айта кетейік, компьютерлік ойындар арқылы спортшы атануға да болатын спорт түрін «киберспорт» деп атайды. Алғаш рет АҚШ-та 1997 жылдан киберспорт бастау алған. Ал бізде 2018 жылғы 25 маусымнан бастап киберспорт Қазақстанда ресми спорт түрі болып тіркелді. Бүгінде киберспорттың әртүрлі бағыты бойынша Қазақстанда командалар ұйымдастырылып жарыстарға қатысып жүр екен. «Естімеген елде көп» деген осы болар. Психолог мамандар балалар бұл ойындарға қызықса, оларды жуық арада тоқтату мүмкін емес екендігін айтып, дабыл қағуда.
Сонымен қатар, осы құмар ойын жөнінде ауданның «Құм сақаба» мешітінің имамы Ержан Сейітжаппаровтың да пікірін білген едік.
– Қоғам өмірінде құмар ойынға салынып кеткен қаракөздерімізді көріп жүрміз. Талай адамның отбасын ойран қылған карта ойыны жастардың санасын улауда. Бірнеше күн жата-жастана карта ойнайтын ойынпаз жандар жеткілікті. Қолындағы барынан айырылған олар харам дүниеге әуес. Ата-анасының айтқанына көнбеген бауырымыз өзгенің де ақылын алмайды, жақсы жолмен жүруді қаламайды. Құмар ойынға шариғатта тыйым салынған. Соған қарамастан көпшілік харам істі жанына серік етеді. Ақырында өз әрекетінен жақсылық көрмеген кісіде өкініш пайда болатыны хақ. Отбасылық жанжал құмар ойынның кесірінен туындайды. Үйдің берекесін қашырған азарт дүниеден арылу оңай емес. Жас кезінен құмар ойынға бейімделген азаматты дұрыс жолға түсіру оңай емес. Құмар ойыннан аулақ болу керек, – дейді.
Қорыта айтқанда, құмар ойындар ересектер санасын улап бітсе, виртуалды әлемге тәуелділік жеткіншектердің психикасына жойқын зардабын тигізуде. Сондай-ақ компьютерлік ойындарды жетік меңгеріп шамадан тыс пайдалану әсіресе, жасөспірімдердің жүрегін қатайтып, айналасындағы адамдар мен тіршілік атаулыға мейірімдерін азайтатынын әсте естен шығармаған абзал.

Әсел РЗАЕВА
13 шілде 2024 ж. 216 0