№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Уақыт белдеуін ауыстырған кім: Экобелсенді сын-пікірлерге жауап берді

Уақыт белдеуін ауыстырған кім: Экобелсенді сын-пікірлерге жауап берді

                                                                                    Фото: bogatyr.club
Kyzylorda-news.kz
 Наурыздың 1-інде Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшті және уақыт бір сағат артқа шегерілді. Бұл өзгеріске қарсы шыққандар да баршылық. Бұрынғы уақыт белдеуін қайтару жөніндегі петиция 50 мың қол жинап, ресми қарауға қабылданды. Осы ретте Қызылорданың, кейінірек тұтас Қазақстанның сағат белдеуін ауыстыру бастамасын көтерген Болат Нұрқожаев KazInform агенттігіне сұхбат берді.
− Болат мырза, уақыт белдеуін өзгерту туралы ой сізге қайдан келді? Қашаннан бері ойластырып жүр едіңіз?
− 2005 жылы Қазақстанда жазғы және қысқы уақытқа көшу тоқтатылды және Қызылорда мен Қостанай облыстарының уақыты 1 сағат алға жылжыды. Сонда күн батпай, түнгі 11-ге дейін ұйықтай алмай жүрдік. Ал адамға кешкі 10-11 арасында ұйқыға кетуі пайдалы екені белгілі. Бұл мәселе Парламентте бірнеше рет көтерілді, халық қалаулылары дұрыс шешімін шығарар деген үмітпен жүрдік. Алайда 2013 жылға дейін ештеңе өзгермеді. Сол аралықта біздің Қызылорда суицид бойынша алдыңғы орынға шығып кетті. Бұған дейін суицид – адамның осалдығы деп ойлайтынмын. Зерттей бастасам, бірден «десинхроноз» шыға келді, яғни адамның биоритмдерінің қалыпты жұмыс істемеуі, гормондардың дұрыс бөлінбеуі суицидтің бір себебі болуы мүмкін. Одан әрі қазбалағанда онкология мен диабет шықты, көптеген аурулардың себебі уақытқа байланысты екені жазылған.
Тіпті адамның семіздікке ұшырауын алайық, таңертең адам өз уақытымен оянса, тәбет шақыратын грелин гормоны бөлінеді, үйден тамақ ішеді. Ал енді мәжбүрлі түрде, уақытынан ерте оянған баланың миы оянбаған, қажетті гормоны бөлінбеген. Оның тәбеті мектепте, сабақ ортасында ашылады да, асханадан қуырылған тамақ, газдалған сусын алып ішеді. Неліктен күші тасып тұрған балалар энергетикалық сусын ішеді? Себебі олар ағзасындағы энергия жетіспеушілігін, ұйқы жетіспеушілігін толтырғысы келеді. Тіпті жетпеген қуатты ойынқұмарлықтан іздеуі мүмкін, себебі адам жеңіске жеткенде дофамин – рахат гормоны бөлінеді. Бұл – өте үлкен мәселе. Ал кешкісін адам ағзасында липтин – тоқтық гормоны бөлінеді. Егер уақыт белдеуі дұрыс болмаса, кешкі сағат 9-10-ға дейін күн батпаса, ағзада бұл гормон бөлінбейді. Сәйкесінше кей адамдар тамаққа тойып алады, күндізгі тамақты қорытып жатқан ағзасына салмақ салады. Мұның соңы семіздікке апарады, тіпті диабетке ұласады.
Барлық ауруларға қатысты дәлелдер мен ғылыми сілтемелер бар. Осының бәрін көрген соң, Қызылорданың уақытын ауыстыру мәселесін көтердік. Бұл шамамен 5 жыл бойы талқыланды, тұрғындарға басты себептерін, уақыттың ағзаға әсерін түсіндірдік. Осылайша 2018 жылы 21 желтоқсанда Қызылорда уақыты бір сағат артқа шегерілді. Ең алғашқы күні мектепке бара жатқан балалардан: «Бүгін қалай ұйықтадыңдар?» деп сұрадым. «Аға, бүгін оятқышсыз өзіміз ұйқыдан тұрдық», - деп жауап берді. Бұл нені білдіреді? Демек бұған дейін балаларды мәжбүрлеп ұйқысынан оятып келдік. Жеті жылда Қызылорданың халқы бұл уақытқа үйренді, ерте жатып, ерте тұруға дағдыланды. Мына біз тұрған аллеяның өзіне адамдар таң атысымен келіп, серуендейді.
 Қызылорданың жайы түсінікті болды. Ал тұтас Қазақстанның уақытын ауыстыруға не түрткі?
− Қызылорданың уақыты ауысқанда Қостанай уақыты да бірге ауысуы керек еді. Өйткені біз бір белдеуде орналасқанбыз. Ал Өскемен қаласы бұрынғы уақытпен алтыншы сағаттық белдеудің батысында өмір сүрді. Нақты ғылыми дерекке сүйенсек, бір сағаттық белдеудің өзінде батысы мен шығысындағы халықты салыстырғанда шығысындағы халық күннің атысымен тұрады, батысындағы халық соған ыңғайланып, бір сағат ерте тұрады. Бір сағаттық белдеудің өзінде диабет, онкологиялық, жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдығу факторы көп екені анықталған.
Ұмытпасам, 6-сыныптың оқулығында «75 меридианда күн тас төбеде тұрғанда сол жерде сағат 12 болады» деп жазылған. Енді 7,5 градустан бөлсек, сол меридианның екі жағында – 67,30 минут пен 82,30 минут арасы бір сағаттық өлшем болып саналады. Өскеменде талтүс уақыты 11 жарымда болуы керек, тиісінше Түркістан, Қарағанды, Ақмола, СҚО батыс жағы 12 жарымда болады. Белдеулік уақыт деген осы. Өскеменде талтүс уақытын 11 жарым етпесек, Түркістанда қалай 12 жарым болады? Егер Өскеменде талтүсті 12 жарым етіп қалдырсақ, Түркістанның талтүсі 1 жарымға жылжып кетеді.
1 наурызға дейінгі ескі уақыт белдеуі өткен ғасырда Сталиннің тұсында енгізілген. Оған еш ғылыми негіз жоқ, пайдасы да жоқ, ендеше ол уақытқа неге қайта оралуымыз керек? Ресей де 2011-2014 жылдары барлық уақыт өлшемдерін қолданып көрді. Ең соңында белдеулік уақыттан артығы жоқ екенін түсініп, декреттік уақыттан ресми бас тартты. Көршілес Өзбекстан бесінші сағат белдеуінде тұр. Кезінде Ташкент пен Шымкенттің таң атуын салыстырып көрсеткенмін. Бір уақытты алып қарағанда Шымкентте тас қараңғы, ал Ташкентте тіршілік қайнап жататын. Енді Өзбекстанның демографиясын қараңыз, экономикалық дамуын қараңыз, жастардың жұмысқа қабілетін қараңыз. Адаммен ара қатынасын, сыпайылығын қараңыз, яғни оларда өрескелдік, ашушаңдық мінез жоқ.
Бұрынғы уақыт адамдарды кеш жатып, кеш тұруына ықпал етті. Ерте тұрған жағдайда да таңғы тез ұйқы фазасы есебінен жетпеген ұйқының орны толтырылып келді. Баланы кішкентайынан мәжбүрлеп, миынан бұрын өзін оятып алсақ, психикалық стресс жасасақ, қандай адам болып шығады? Ата-анасымен конфликтке барады, мектепте 1-2 сабақты сіңіре алмай, мұғаліммен, сыныптастарымен дауласуы мүмкін. Сол процестердің бәрі кешегі күнге дейін бізде болды. Сондықтан «Бұрынғы уақыт дұрыс еді» деген пікірдің еш негізі жоқ.
 Өзіңіз білетіндей, жаңа уақытқа қарсы петиция 50 мың қол жинады. Сондағы басты уәждердің бірі – таң алдындағы жарықтан адамдардың оянып кетуі. Бұған не дейсіз?
− Сағат ауысса да, ауыспаса да адам толық қараңғыда ұйықтауы керек, ол үшін қалың перде сатып алу керек. Бұл – ешқандай лоббизм емес. Адам ұйқыға кеткенде ағзаны қалпына келтіретін басты гормон – мелатонин түзіле бастайды. Егер бұрынғы декреттік уақытпен түнді кештеу бататындай етсек, адамның ұйқы мезгілі кешке қарай жылжиды, яғни ағзада мелатонин гормоны дұрыс бөлінбейді. Мысалы, шырт ұйқыда көзіңізге жарық түссе, мелатонин секрециясы күрт үзіліп, орнына стресс гормоны «кортизол» бөлінеді де, демалудың орнына стресс алып тұрасыз. Сондықтан ұйқы қанбайды. Ұйықтардан 1-2 сағат бұрын көзге жарық түспеуі керек, смартфон қарамау керек. М. Уолкердің «Зачем мы спим» деген кітабын оқып көріңіз, онда ұйқысы қанбаған адамдарда альтруизм төмендейтіні, бір-біріне жанашырлығы азаятыны жазылған. Креатив пен жаңаша ойлау азаяды. Біз табиғи уақытты пайладанбай, жасанды уақытпен қаншама ғалымнан, креативті идеядан айырылып жатырмыз? Экономикамыз қанша пайданы жоғалтты? Диабет, рак сынды аурулар көбейді ме, қарау керек.
Екінші мәселе – балалардың жарықпен ластану факторы. Көптеген үйде ақ түсті неон шам жанып тұрады, бұл кеңсеге арналған шамдар, оны жұмсақтау сарғыш шамға ауыстыру қажет. Ауруханалардың өзі аппақ шам жағады, терезесінде жалюзи жоқ, көшедегі шам көзге түседі. Тұрғын үйлердің қасбеті де прожектормен жарықтанатын болды. Қалалардың жарықтануына қараңыз, мұның бәрі биологиялық ритмдерді бұзу арқылы ағзаға кері әсерін тигізеді. 15 секунд жарықтың өзі мелатонинді үзіп жібереді. Жарықпен ластану және сағаттық белдеудің ауысуы бір-бірімен тығыз байланысты.
Сондықтан, таңертең жарыққа оянатындар, бірінші кезекте бөлмесін қараңғылауы керек, үнемі бір уақытта тұрып, бір уақытта жатуға дағдылануы қажет. Сонда ағза ритмі орнына келіп, денсаулық түзеле бастағанын бірден көресіз. Қызылордада ұйқысын реттеп, диабеттен айыққан адамдар бар.
Бізді 5 медицина институты қолдады, оның ішінде Онкология-радиология институты қолдау көрсетті. Себебі, ол мамандар қазіргі ғылыми жаңалықтардан хабардар. Ал петиция жазып, 50 мың қол жинағандар бұл аспектілерді білмейді. «Барлық 20 млн адамның пікірі неге ескерілмеді?» деп айтылып жүр. Мысалы, балалардың пікірін қалай сұраймыз, еліміздің 30 пайызы – жасөспірімдер мен балалар. Олардың мүддесін кім ескереді? Дәрігер ем тағайындауда, ота жасауда науқастың пікірін сұрауы қажет пе? Сондықтан бұл да – денсаулыққа тікелей қатысы бар, көпшіліктің емес, мамандардың шешімін қажет ететін тақырып.
Тағы бір танымал адам «Түнгі үште таң атып кететін болды. Бұл менің әдетте ұйқыға жататын уақытым» деп жазыпты. Енді балалардың режимін соған ыңғайлауымыз керек пе? «Менің балам кешкі 10-да ұйықтап қалады, ал мен 12-ге дейін жүргім келеді» дейтіндер бар. Не деген өзімшілдік?! Біз не үшін өмір сүріп жатырмыз? Біздің келешегіміз бала емес пе? Баланың денсаулығынан артық не бар?
 Медицина, биология бойынша сіздің арнайы біліміңіз бар ма? Кәсіпкер болсаңыз, жылдар бойғы зерттеулер сіздің қаражатыңызға жасалды ма?
− Жасырары жоқ, менің мамандығым құрылысшы, қазір кәсіпкермін. Хронобиология саласын зерттегеніме 13 жылдан асып кетті. Әмір Қуат, Сұлтан Төлеуханов, Ольга Шестакова, Татьяна Гончарова секілді тәжірибелі ғалымдармен көп пікірлестім. Солардың шақыруымен ҚазҰУ-да қысқа курстан өттім. Бұл курс маған өте пайдалы болды, көптеген еңбектермен таныстым. Мәселен, 1995 жылы Ханиса Сәтпаева жазып кеткен «Адам физиологиясы» кітабында «Бүгінгі медицинаның болашағы – сау адамның гигиенасы мен профилактикалық жағдайын жасау. Осы ретте барлық медициналық шешім шығаруда биологиялық ритмдер ескерілуі керек» деп тұр. Биологиялық ритмдерді ескеру дегеніміз – әрбір емнің, әрбір дәрінің, тіпті ота жасаудың өз уақыты бар. Ал егер уақыт ауысып кетсе, сағат 8-де берілетін дәрі 6-да берілсе, оның пайдасы болмайды.
Қаражат туралы өте орынды сұрақ қойдыңыз, қазір әлеуметтік желіде дәрігерлер ақшаға сатылды деген қауесеттер жүр. Жаңа есімі аталған ғалымдар таза энтузиазммен жұмыс істеді, бұл үшін бір тиын алған жоқ. Мен өзім Астанаға, Өскеменге өз қаражатыма сапарладым, кәсіпкер болғасын шамам жетті. Мұндағы басты әңгіме – балалардың, тұтас Қазақстан халқының денсаулығы. Барлық факторлардың неге әкеп соғатынын біле тұра, көре тұра, қалай үндемей қарап отырайын? Сондықтан бұл мәселеде аянып қалған жоқпын, ештеңеге өкінбеймін, бұл шешімнің дұрыстығына толық сенімдімін.
Мен қазір Дүниежүзілік табиғи уақытты қолдаушылар альянсының мүшесімін. Ол жерде Америка, Еуропа, Аустралияның өкілдері бар. Қазір қандай да бір себептерге байланысты уақытын өзгерткен барлық елдер дұрыс уақыт белдеуіне оралу мәселесін көтеріп жатыр. Мысалы, Еуропарламент 2018 жылы жазғы уақытқа көшіруден бас тартты. 2018 жылы физиология бойынша Нобель сыйлығын алған ғалымдар бар. Бұл саладағы зерттеулер көбеймесе, азайған жоқ. Әрине, «ғалым емессің», «медицина маманы емессің» деген сын көп айтылады. Былтыр 5 институттың ғалымдарымен кездестім, 13 жыл бойы осы тақырыпты зерттедім, күн сайын көптеген ақпаратты ақтарамын. Маман деп кімді айтамыз? Тек қана дипломы бар адам ба, әлде сол саланы толық білетін адам ба? Өзімді сол ғалымдардың деңгейіне теңестіргенім емес, бірақ кезінде «Жер Күнді айналады» деген Галилейді де соттаған. Инквизицияның заманы емес, әйтпесе мені де уақыт белдеуін кері қайтарғаным үшін соттағысы кеп жүргендер баршылық (күледі).
 Қазақстанда уақыт белдеуімен айналысатын ұйым бар ма?
− Уақыт белдеуін ауыстырарда ведомствоаралық топ құрылды, сол топ әлі бар. Петицияға 50 мың қол жиналды және ол жақын арада қаралады. Меніңше, ең кемінде Премьер-Министр орынбасарының төрағалығымен топ құрылып, түрлі саланың ғалымдары бас қосуы керек. Себебі, заң бойынша, бір министр екінші министрге тапсырма бере алмайды. Медицина саласының мамандары әлі күнге дейін бұл тақырыптан алшақ отыр. Педагогтер, мектеп директорларының бәрі қыстың күні балалардың сабаққа кешігіп баратынын, ұйқысы қанбайтынын жақсы біледі. Бірақ ешқайсысы бұл мәселені көтермейді. Жалпы, уақыт белдеуін ауыстыру – медицинаның мәселесі. Ал медицина мәселесі халыққа сауалнама жасау арқылы шешілмейді. Сондықтан мұндай қарсылықтың боларын білдік, бірақ абсурд деп есептейміз.
13 маусым 2024 ж. 230 0