№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қоңырау үні – қос ішек күмбірі

Қоңырау үні – қос ішек күмбірі


Білім ошақтарында жез қоңырау сылдырының орнына домбыра үнінің салтанат құруы қандай ғажап. Әсіресе, өскелең ұрпақтың бойына жастайынан ұлттық болмысымыздың дәні себіліп, құлағында күй күмбірлеген әр бала болашақта ұлы даланы иемденген ер қазақтың ұрпағы екенін сезінетіні анық. Дәл осыны ескерген Білім министрлігінің аппарат кеңесінде мектептерде дәстүрлі қоңырау үнін ұлттық аспап – домбыра ішегінен төгілген күй әуеніне ауыстыру ұсынылған еді. Білім саласына келген өзгерістен қалыс қалмай, аймақтың бірнеше мектебі сыңғырлаған қоңырау үнін қазақтың шалқар күйімен ауыстырды.


Мектептерге күй орнату туралы білім министрлігінің аппараттық кеңесі барысында Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев мәлімдеген еді:
– Мамандардан дәстүрлі қоңырауды күйлерге ауыстыру туралы ұсыныс түсті. Сабақтың соңында шертпе күй, үзіліс соңында төкпе күй ойнатуды ұсынамыз. Ғалымдар домбыраның дыбысы баланың психикасына жағымды әсер ететінін атап өтті,– деді Ұлттық академия басшысы алқалы жиында.
Осыдан бастап елдің бірнеше мектептерінде жүйе енгізіле бастады. Мектептерде қоңыраудың орнына күй күмбірлегенін өзіміз де естіп жүрміз.
– Біздің қазақи болымысымызды айшықтай түсетін ұлы өнерді өсіп келе жатқан жас буынның санасына құю, қазақтың музыкасын дәстүрлі білім ошағында орнықтыру өте орынды жүйе деп білемін. Бұл жүйе бала тәрбиесіне де жағымды әсерін береді деген ойдамын. Қазір осы өзгерісті ауданда алғашқылардың бірі болып бастап кеткен мектептер бар. Мәселен №247, №162 сынды бірнеше мектеп талапқа сай деңгейде қоңырау үнін күймен алмастырды. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады деп ойлаймын, – дейді аудандық білім бөлімінің тәрбие ісі және қосымша білім беру жөніндегі әдіскері Мира Жандарбекова.
Шынында, кеңестік дәуірден мұраға қалған, шіркеудің шақыруына көп ұқсас қоңырау үнін неге ұлылар ұрпаққа аманаттаған ұлттық күйге алмастырмасқа? Күйді басынан аяғына дейін қою шарт емес. Қоңыраудың уақытына қарай шертпе күй мен төкпе күйді қоюға әбден болады. Сонда бүгінгі буын күй құдіретін сезініп, оның шығу тарихын ұғынып өсері анық.
Осы орайда, ауданда алғашқылардың бірі болып дәстүрлі қоңырауды күмбірлеген күймен алмастырған Исатай Әбдікәрімов атындағы №168 мектеп директоры Нұрбол Ыдырысовтың ойын білген едік. Ол былай дейді:
– Осыдан 2 жыл бұрын ұлттық өнерді насихаттау мақсатында мектептерде «қоңырау орнына күй ойналсын» деген ауызша тапсырма келген еді. Жаңалықты естісімен Бесарық ауылындағы №247 мектептің қоңырауын күйге алмастырдық. Кейіннен қызметім Қожакент ауылына ауысып, ауылдағы жанашыр азаматтардың демеушілігімен бұл мектепке де орнаттық. Мектептің іші мен сыртына барлығы 9 дыбыс ұлғайтқыш бағана (колонка) қойылды. Ол да бұрынғы қоңырау сияқты бір тетікпен басқарылады. Екі күйді орнаттық. Бірі – сабақтың басталғанын білдірсе, екіншісі – сабақтың аяқталған уақытында қойылады, – дейді ол.
Біз одан әрі мектеп ошақтарына қоңыраудың орнына күй ойнайтын қондырғыны орналастырып беріп жүрген кәсіпкер Бексұлтан Асқаровпен пікірлестік. Ол жаңашыл бастаманы қала мектептерінде көріп, өзі де меңгеріп алғанын жасырмады.
– Үзілістен хабар беретін домбыра үнінің мектептің әр бұрышында анық естілуі үшін арнайы дыбыс ұлғайтқыш бағаналар қойылады. Күй мектептің әр қабатында, тіпті әр сыныпта ойнауы шарт. Қазір аудан бойынша 15-тен аса білім ордасына күй-қоңырау орнатылды. Расында, мектеп табалдырығында күй қойылса адамның бойын асқақ рух, ерекше мақтаныш сезім кернейді екен. Міне, осы сезімді әр ұлан бойына сіңірсе, келешек елін сүйетін азаматтардың қалыптасатынына сенемін, – дейді Бексұлтан.
Оның айтуынша, кей мектептер үлкен дыбыс ұлғайтқышты дәлізге шығарып, үзіліс уақытында күйді ойнатып, сонымен іс біттіге санап жатады. Дегенмен ол әдіс стандартқа сай емес. Бірінші қабат дәлізінде ойнаған музыка жоғарғы қабаттар мен сыныптарға анық естілмейді. Сондықтан күй орнатуды арнайы жүйе арқылы қондырған абзал.
Қазақтың маңдайына біткен күй құдіреті Махмұд Қашқари заманынан бастау алады. Түркі ғалым «Диуани-лұғат-ат-түрк» деп аталатын түркі тектес сөздерінің жинағында «күй» сөзінің көне түркідегі «көк» сөзінен шыққандығын, тәңір мағынасындағы «көкпен» көгендес, тамырлас, түптес екендігін жазған. Бұл айқындаманы қазақтың тіл ғылымының ғалымы Құдайберген Жұбанов пен қазақтың күй ілімінің академигі Ахмет Жұбанов қуаттайды. Демек, бабадан балаға аманат болып, бүгінгі ұрпаққа жеткен ұлттық мұрамызды өскелең ұрпақтың санасына сіңірудің кері әсері болмасы хақ. Одан баланың бойындағы қазақы болмыс жанданып, өзінің шыққан тегін мәңгі жадында сақтайтыны айқын.

Айсұлу АЛДАНАЗАР
11 маусым 2024 ж. 214 0