Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қасымжомартты қайдан танисыз?

Қасымжомартты қайдан танисыз?


Ел болашағы таңдауға түскен тағдырлы кезеңде өткен жалпыұлттық сайлауда жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ел көшін өрге мығым оздырып келе жатқанына әлем жұртшылығы куә. Президент мемлекет тағдырына ақыл-парасатпен, зиялы зейінмен ден қойып, дамудың даңғыл жолына бастады. Елімізде Президентпен аттас адамдар саны – 654. Касымжомарттардың саны – 69 адам, ал Қасым-Жомарт атты азаматтар республика бойынша 30 адам. Ал біздің Жаңақорғанда Президентпен есімдес 5 азамат тіркелген. Олар кімдер? Қандай салада еңбек етуде? Біз осыны зерделеп көрген едік.


Ең алдымен, Қасым-Жомарт деген есім нені білдіреді? Осы сұрақты тарқатсақ, «Қасым» араб тілінен аударғанда «көрікті, әдемі» дегенді білдірсе, Жомарт қазақ тілінде «қолы ашық» және «адамгершілігі мол» дегенді білдіреді. Ал, Президенттің есімі қан майданда опат болған ағасының құрметіне қойылыпты. Ол есімі жайлы ой толғағанда «өзімнің есімім үшін тағдыр көруге жазбаған көкеме қарыздармын. Ал жаны жомарт, пейілі кең азамат болсын деп армандаған анам мені Жо­март атапты», – деп жазады Қасым-Жомарт Тоқаев өз кітабында.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әке­сі Кемел Тоқаев белгілі жазушы, қаламгер болғаны көпшілікке белгілі. Кемел Тоқаевтың Қасым деген үлкен ағасы болған екен. Алайда ол 1942 жылдың ақпанында Ұлы Отан соғысында қаза тауып, Кемел 18 жасында тұл жетім қалыпты. Жалғыз бауырының қазасы Кемел Тоқаевтың өміріндегі ең қиын кезең болып, жан жұбанышын табу үшін өзінің перзентіне ағасының есімін телиді. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әке туралы толғаныс» атты кітабында кеңінен тоқталып өтеді.
Ал, біздің Жаңақорғанда Қасым-Жомарттар 1999-2001 жылдары өмірге келген екен. Бұл кезде Қасымжомарт Тоқаев Қазақстан премьер-министрі болып, есімі еленіп жатқан шағы еді. Талап елді мекенінде 1999 жылы туылған нәресте бүгін самбо күресі бойынша шебер атағына ие, шәкірт тәрбиелеп жүрген спортшы екен. Алматы қаласында жасөсірімдер спортының дамуына бар жігерін арнап жүрген жас туралы бірі білсе бірі біле бермейді. Туған жерден түлеп ұшқан жасты іздеп, арнайы қоңырау шалып, жайын білдік.
– Жаңақорған мен үшін киелі мекен. Сол топырақта балалық шағымның ізі қалды. Мені достарым, енді әріптестерім «президент» деп қағытып жатады. Мен үшін президенттің есіміне ие болу үлкен жауапкерші­лік жүгін жүктейді. Сондықтан әр ісіме есеп беріп, барынша абыройлы еңбек етуді мақсат етудемін, – деді Қасымжомарт Айбарысұлы.
Келесі Қасымжомарт Төлеген 2000 жылы, Түгіскен ауылында өмірге келген. Отбасылық жағдайымен 2015 жылы Түркістан шаһарына қоныс аударады. Дарынды жас ел басшысының сан қырына еліктегені байқалады. Жастайынан полигот болып, 4 тілде еркін меңгереді. Қазақ ұлттық университетінде мемлекеттік грант негізінде оқуға қабылданады. 2020 жылы «Үздік студент» атанып, әлемнің 9 елінде білімінін жетілдірген. Жеткен жетістіктері туралы сөз еткен жас біраз қызықты ақпараттарды айтты.
– Президентпен аттас болу – бақыт. Кез-келген ортада тез танылып, танымал тұлғалармен тез тіл табысып кетуге жол ашылды. Қасым-Жомарт Кемелұлының білім деңгейіне жетуді армандаймын, әрі сол үшін көп тіл білуді мақсат еттім. Қазір әлемнің 9 тілін меңгеріп, оны практика жүзінде қолданып жүрген жайым бар. Бірнеше университеттің бірнеше киностудиялардың аударма ісін жүргізіп, қосымша табыс табудамын. Әрі өзім екі-үш мектепте ағылшын пәнінің мұғалімімін, бос уақытымда ақылы тіл үйрету сабақтарым бар. Қысқасы, бос уақытымды пайдалы іске арнап келемін, – деді ол.
Тоғыз тілді меңгерген жастың кәсіби жетістігінің өзі бір төбе. Бірде ол Прага қаласына дәріс алуға аттанады. Сол жаққа жеткенде Алматыда қалып қойған документін сұрауға жатақханаға хабарласады. Телефон тұтқасын ала сала: «Сізбенен байланысып тұрған, Қасымжомарт! №21 кабинетте көк файлда құжат тұр, соны мына электронды адресске жолдаңыз» деп бұйыра сөйлепті. Сонда вахтерша апай: «Маған Президент хабарласты» деп қуанып, біразға дейін сөз етіп жүріпті. Күндердің бір күнінде Қасымжомарт елге оралып, оны жатақханадағы достары салтанатпен күтіп алады. Осы кезде әлгі вахтерша апай: «Бәсе, Астанадағы Қасымжомарттың күні неге маған қарап қалды деп едім-ау» деп күліпті. Осы іспетті жиі қызықты жағдайлар орын алады екен.
Ал, Қасымжомарт Әлайдар 2001 жылы Жаңақор­ған кентінде туылған. Ол қазір жеке кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Отбасылы, 2 ұлдың әкесі. Қазақы­лықты сақтаған, құмай тазы баптаған ер. Бос уақытында саятшылықты серік етіп, тау-тасты кезіп, өңірдің сұлу табиғатынан қуат алады. Әрі оны әлеуметтік желіде жариялап, қалың оқырманын таң қалдыруда. Қаратаудың тарихи аймағы туралы тұшымды ақпарат беріп, заманауи блогерлікті меңгерген.
– Инстаграмм парақшамда Ақорда.кз тіркелген. Ара-тұра әңгіме құрып, менің үздік фотоларымды сұрап жатады. Әр фотаны жариялағанда ол туралы жергілікті ғалымдардың пікірін жазып отырамын. Бұл маған үлкен шабыт сыйлайды. Ал, президентке ұқсастығым, жетіқазынаның бірі – тазыны жақсы көремін. Менің 4 тазым бар. Оларды күтіп-баптаудан жаныма рахат табамын, – деді ол.
Біздің төртінші кейіпкеріміз Қасымжомарт Мыр­забекұлы есімді жас 2000 жылы Жаңақорғанда өмірге келген. Әкесі – Чернобыль ардагері болса, анасы Кенжехан Шалабаева 35 жыл балабақшада тәрбиеші болып еңбек еткен. Өзі №56 мектептің белсенді оқушыларының бірі болды. Сынып жетекшісі Дана Утееваның үкілі үмітін ақтап, Қызылорда қаласындағы «Болашақ» жоғары медициналық колледжінде дәріс алды. Қолына диплом ұстаған жас ең алдымен Отан алдындағы парызын өтеуге Шымкент қаласының әскери гарнизонына аттанды. Сол жерде бір жыл медициналық көмек көрсету қызметін абыроймен атқарды. Ол қазір жедел жәрдем бөлімінде жұмыс істейді. Туған жерге қызмет ету бақыты бұйырған жас күндіз-түні халыққа қалтқысыз еңбегін арнауда. Қызметке келгеніне жыл толмаған жас:
– Қасымжомарт есімі маған шабыт береді. Қай салада жүрсем де адал еңбек етіп, абыройлы болуға үлкен мотивация сыйлайды. Оқуда озат болып, ортамда абыройлы болуым да осы есімімнің арқасы деп есептеймін. Студент шағымда Қасым-Жомарт Кемелұлы президент болғанда доастарымның маған деген құрметі мен қошеметі артты. Ұстаздарым үлкен сенім артып, алға жігерлендірді. Арманым, Қасым-Жомарт Кемелұлымен бір рет болсын жүздесіп, қолын алғым келеді, – деді ол.
Қосымша қаражат табудың көзі ретінде массажист мамандығына машықтануда. Болашақта өз кәсібін бастап, тірек қимылы нашар балаларға арналған сауықтыру орталығын ашпақ ниетте. Міне, сол мақсатта Алматы қаласындағы белгілі сауықтыру орталықтарында тәжірибе жинақтауда.
Бесінші Қасымжомарттың жөні бөлек, ол президент таққа отырған сәтте, 2021 жылы 16 желтоқсанда өмірге келді. Олжалы перзентке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың есімі берілді. Мадалиевтердің шаңырағында дүниеге келген ұл қазір небәрі 3 жаста. Анасы Балнұр Базарбек сәбиінің ерекше болып өсіп келе жатқанын айтады.
– Басқа балаларға қарағанда өте зерек, әрі тым алғыр. Қасым-Жомарттың Бақыттың салмағы 2900 грамм, бойы 50 см болды. Қазір тәп-тәуір өсіп келеді. Былдырлаған тіліне сүйсініп, Жаратқанның сыйына шүкір етемін, – деді анасы.

ТҮЙІН. Ұлттық салт-дәстүрімізде жаңа туылған нәрестеге есім қоярда елге елеулі, қадыр-қасиеті артқан тұлғалардың атын беріп, халыққа адал қызмет етер перзент болсын деп ниет етеді. Міне, осы салт-дәстүрдің ізімен есімі Қасымжомарт атанған жастар да ел игілігі жолында өз қызметін бастады. Әрқайсысының көкірегінде «Қасым-Жомарт Кемелұлындай дара тұлға болсам» деген үлкен арман жатқандай.

Мақпал МАРҚАБАЙ
05 желтоқсан 2023 ж. 249 0