» » Жаңақорған ауданында 37 мыңнан астам гектарға егін егіледі

Жаңақорған ауданында 37 мыңнан астам гектарға егін егіледі


Сейсенбі күні өткен 2023 жылдың соңында аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетовтың арнайы өкімімен бекітілген міндеттердің орындалу барысын талқылаған аудан әкімдігі мәжілісінде бүгінгі - ертеңгі ел әлеуетінің негізін қалайтын ең басты амал - әрекетіміз – көктемгі дала жұмыстарын ұйымдастыру тақырыбы сөз болды. Бұл туралы аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев хабарлама жасады.

«Аудан бойынша 37781 гектарға егіс егу жоспарланып отыр. Ауданда ауылшаруашылық өндірісімен айналысатын 781 шаруашылық құрылымдары болса, соның 485-і егін шаруашылығымен айналысады. Оның ішінде 175 шаруашылық күріш еккелі отыр. Биылғы жылы күріш 8346 гектарға, күздік бидай 3151 гектарға, жаздық бидай 194 гектарға, жаздық арпа 30 гектар, тары 260 гектарға, дәндік жүгері 700 гектарға, күнбағыс 46 гектар, жоңышқа 5000 гектар, сүрлемдік жүгері 30 гектар, қант қызылшасы 5 гектар, картоп 580 гектар, көкөніс 616 гектар, бақша 2095 гектар жерге орналастырылғалы отыр. Азық-түлік қауіпсіздігін сақтау бағытында қосымша жерлер ашылып 295 гектар жерге картоп, көкөніс, бақша орналастыру бағытында жұмыстар атқарылуда», – деді хабарламашы.


Түсінгеніміз, биыл облыс әкімінің тікелей тапсырмасы бойынша ауыл халқының азық-түліктік дақылдармен өз - өзін қамтамасыз ету әлеуетін арттыру талабына оң басымдықтар беріліп отыр екен. Отбасылар ынтымақтасып егістікпен айналысып, нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қорын жасап алуы алдағы уақытта да нарық саясатының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен сеп. Осы бағытта шаруашылықтарда 150 га жер шеңгелден тазартылып 90 га жер сақадай-сай тұр. Ауданда 2087 тонна күріш тұқымы дайын. Басқа дақылдар тұқымдығы да жеткілікті Минералды тыңайтқыштар мен гербицидтер де қажетті деңгейде бөлінуде. Техника, жанар-жағар май мәселесінде іркіліс болмауы үшін қажетті жұмыстар атқарылуда. Бұл бағытта 1422 тонна дизель отыны бөлініпті. Оның 200 тоннаға жуығы шаруашылықтарға таратылып берілмек. Осы мәселелер туралы айтқан бөлім басшысының хабарламасынан соң аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысындағы басты олқылықтар – егістіктерге су баратын каналдардың талапқа сай тазаланбауын сынға алды. Осы бағыттағы қаперсіздіктен алдағы уақытта алдымыздан шығар кедергілерді ескертіп, жауапты тұлғаларды орнынан тұрғызды.

Ауданда екі-үш жылдан бері күріштің көлемі 6 мың гектардың айналасынан аспауы көптің көңілін күпті етіп, шаруа қожалықтары мен қарапайым шаруалардың қайта-қайта қолқалауымен жоғары орындарға шығып, биылғы жылы аудан аумағында күріш егуді 8346 гектарға арттыруға қол жеткізген әкім егістікке су баратын каналдар жайы жалғыз - жарымның емес, жалпының еңбегін еш, тұзын сор етерін, сондықтан бүгіннен бастап бір кісідей ынтымақты тірлік қажет екенін ескертті. Шаруашылықтардың барлығы ұйымдаса отырып, осы аумақтағы жерге нақты су баратындай етуге ерте көктемнен әрекетке көшкені жөн. Хабарламада тазалауды қажет ететін каналдар жайы талқыланды, Түгіскен ауылында канал сағасында лайқа басқан 41 шақырым жер демеушілер күшімен қазылып басталғаны жөнінде білдік. Өйткені канал бойында 370 га егістік жерге су уақтылы баруы керек. Елдікке сын болар алдағы науқанда ауызбіршілікпен қимылдағандар ғана ұтады. Бұған дейін жұмысты дұрыс ұйымдастырмай, салбөкселікке салынған Қожакент, Өзгент, Машбек ауылы атқа мінерлеріне де осы талапты қойды әкім. Ал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшылығына осы жұмыстардың барлығын қадағалауды тапсырды.

Ізгі ниеттің ізденушілері кем

Әкімдік мәжілісінде жергілікті жердегі тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеру үшін оларға ауыл шаруашылық дақылдарын егіп алуға жан-жақты жанашырлықпен жасалған жұмыс жайына тоқталды. Бұл ізгі ниеттің де ізденушілері кем болып тұр. Мәселен, Сүттіқұдық ауылында 800 га жерді меншіктеп, мемлекеттен қаржы бөліп, он бір скважина қаздырып, жарық жүргізіп, су келтірген енапат еңбектің шырайын кіргізер шынайы егелері нақтыланбай тұр. Ауылда басы артық жұмыс көзі жоқ, жым-жырт қалғыған қарапайым тұрмысқа жан бітіріп, туған жер топырағын түлетуде тілек қосып, қимылдайтын-ақ кез. Бұл агроаймаққа ауыл халқы ғана емес, кент тұрғындары да егінін егіп, несібесін теріп алуына мол мүмкіндік бар. Скважина іске қосылып, жұмыс болмаған жағдайда құмға көміліп, көзі тұншығады. Осы мәселені ескерткен әкім халықтық бастаманы тиісті мәреге апаруға дәрменсіздік танытып отырған ауыл әкімдерін қатты сынға алды.

Төменарық, Қожамберді, Сунақата және Екпінді, Жайылма ауылдық округінде ниеттенген отбасылардың барын Сүттіқұдық ауылында 40 гектар жердің ғана игерілгенін білдік. Әр скважина қасында 3-4 га жерге түрен салынып, қоршауын жүргізу басталыпты. Жалпы бұл жұмыстарды мамыр айына дейін бітіру тапсырылды. Агрозонасы жоқ Қыраш, Қосүйеңкі, Манап елді мекендерінде әкімдердің ұйымдастыруымен осындай қимыл-әрекеттің қажеттігі айтылды. Осы бағытта аудан бойынша 295 гектар жердің ғана игерілуі көңілді көншітпейді. Екпінді, Еңбек, Жайылма, Жаңақорғанның да ынталы азаматтары арнайы агрозонада бас біріктіріп берекелі кәсіпті қарқындатар болса ауыл халқын жұмыспен қамтудың бір көзі осы.

Әкім келесі кезекте ауыл әкімдеріне шаруаларға жеңілдетілген жанар-жағар майдың, несиелердің уақытында бөлінуіне ықпал етуді тапсырды. Егістікке керекті дизель отыны 20 шаруашылыққа 240 теңгеден беріліп отыр. Енді алдағы уақытта осының тапшылығын болдырмау бағытында зерттеп-зерделеп, қажетті шараларды қабылдау жөнінде кәсіпкерлік бөліміне тапсырма берді. Дизель отыны мен бензиннің қосымша қорын қамдау жөнінде ескертті.


Күн тәртібіндегі екінші мәселе – азаматтарды көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқанының орындалуы бойынша Жаңақорған ауданы қорғаныс бөлімі бастығы Нұрбол Есенәлиев баяндады. Ол қазірде 3185 азамат аудандық қорғаныс бөлімінде тіркеуде, оның ішінде 1292 азамат мерзімді әскери қызмет жасында, 1893 азамат түрлі себептермен шақырудан босатылғанын айтты. Осы шақыруда 134 азамат әскерге жөнелтілу керек. Осыған орай барлық кент, ауылдық округ әкімдеріне тапсырма берілген. Дәрігерлік сараптамадан өткізуге 1517 шақырту қағазы жібертілген. Соның ішінде 119 бала комиссиядан өтті. Бұл жұмыстарда Жаңақорған кенті мен Көктөбе, Шалқия ауылдық округтері алда келеді екен, керісінше Аққорған, Қожакент, Ақүйік, Жаңарық, Өзгент, Жайылма, Байкенже ауылдық округтері көштің соңында қалыпты.


Қорғаныс бөлімі басшысы жалпы еліміз бойынша шекара қызметіне 400 баланың орны толмай тұрғаны, оның ішінде Қызылорда облысының үлесі 27-ні көрсетіп тұрғанын айтты. Алдағы уақытта мемлекеттік тапсырыстың орындалуына әкімдер бізбен бірігіп жұмыс жасаса деген тілегін жеткізді. Сонымен қатар ауданда сарбаздарды дәрігерлік тексерістен өткізуде облыс бойынша тек біздің ауданымызда нақтылық пен жүйелілік сақталып келе жатқанын, қорғаныс министрінің №727 бұйрығы бойынша шақырылушы азаматтардың ішкі құрылысын және жүректі УДЗ-дан тексеру қосылғанын, бізде бұл мәселелер де толық шешімін тапқанын айтып, сала басшысына рахметін жеткізді. Бір кілтипан, әскерге барудан жалтарған бала, жіберуге қарсы ата-ана көп. Бұл орайда аудан әкімі «Мұнымен әр ата-ана баласына жақсылық жасадым деуі қате. Қиындықта қайралмаған, Отанын қор¬ғаудан қашатын жанның ертеңі не болады? Ер емес, ез тәрбиелеп шығарып жатырмыз. Денсаулығы жақсы баланың бетін қайтармау керек» деді. Бұл бағытта аудандық ішкі істер бөліміне қорғаныс бөлімімен бірге жоспарды орындауды тапсырды.

Үшінші мәселе, кент және елді мекендердің санитарлық тазалығы туралы арнайы слайдта аудан әкімі жанынан тағайындалған арнайы комиссияның ауылдарды аралағандағы бейне түсірілімдері назарға ұсынылды. Сунақата, Екпінді, Шалқия, Ақүйік, Қаратөбе ауылдық округінің атына сындар айтылып, қатаң ескертулер жасалды. Одан әрі облыста бір жылға екі рет «Үлгілі ауыл» номинациясы белгіленгенін, қай аудан таза болса сол өңірге погрузчик, су себетін машина, мусоровоз, басқа да құралдар берілетінін айтты. Сондықтан елді мекендерді де ретке келтіру, аркаларын жаңалау, жарықтандыру мәселесінің өзектілігін қаперге салды. Осы орайда әкімнің орынбасарларына бекітілген территориялар бойынша жауапкершілік сұралатынын ескертті. Кәсіпкерлік бөліміне орталық көшелердегі дүкендердің алдына егелерінің жарық орнатуын міндеттеуді тапсырды. Бұл бағытта ауданның тұрғын үй коммуналды шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобилль жолдары мекемесі басшылығына да нақты тапсырмалар жүктелді.

                                                                                                                                             Әлібек Жарықбаев
11 сәуір 2023 ж. 184 0