» » Көлік салығы: қашан және қанша төлеу керек

Көлік салығы: қашан және қанша төлеу керек



Көлік мәселесі халық үшін өзекті. Көлік құралдарына салынатын салық – мемлекет пен көлік құралдары арасындағы экономикалық қатынасты реттейтін негізгі тірек деуге болады. Көлік құралдарының иелері республиканың автокөлік жолдарын пайдаланады. Ал осы автокөлік жолдарын қаржыландыру мемлекеттік бюджеттен жүзеге асырылады. Сондықтан да көлік салығының экономикалық мәні зор. Анығын айтқанда, салықты уақтылы төлеп отыру – әр азаматтың міндеті. Алайда, қолдың қысқалығы қолбайлау болып, талай азаматтар уақытын өткізіп алып жатады. Біздің редакциямызға келіп немесе қоңырау шалып, кеңес сұрайтындар да аз емес. Осы тұрғыда Жаңақорған ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Серікболсын Сайымбаевпен көптің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап алған едік.
– Серікболсын Өтепбергенұлы, заңнамаға сәйкес ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін көлік салығын өсімпұлсыз төлеудің соңғы күні деп белгіленді. Егер көпшілік арасында осы уақытта мүмкіндігі болмай, төлей алмаса мемлекет алдында қарыз болып қалмас үшін не істеу керек? Қарапайым халыққа көмек болсын, бұл тығырықтан шығатын жолды айтып берсеңіз?
– ҚР 2017 жылғы 25 желтоқсандағы №120- VI «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (әрі қарай-Салық кодексі)» кодексінің 494 бабының 4 бөлігіне сәйкес, Жеке тұлғалардың салық төлеуі тұрғылықты жері бойынша бюджетке есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 1 сәуірінен кешіктірілмей жүргізіледі. Ең бірінші қанша салық салық төлейтініңізді анықтап алыңыз. Айта кетейік, салықты бір жылға емес, көлік сатып алғаннан бері нақты уақытқа төлейсіз. Мысалы: 2022 жылдың шілде айында автокөлік сатып алсаңыз 6 айға төлейсіз. Оған дейінгі салықты сізге сатқан адам төлеуі керек. Яғни салық қарызы сіз сатып алған кезде сізге берілмейді. Егер жыл басынан бері меншігіңізде болса, онда бір жылға төлем жасауыңыз керек. Қанша салық төлейтініңізді білу үшін Мемлекеттік кірістер комитетінің kgd.gov.kz сайтынан және е-Salyg Azamat мобильді қосымшасынан калькулятор арқылы есептеп білсеңіз болады немесе Мемлекеттік кірістер басқармасынан білуге болады. Халыққа айтарым, мүмкіндігінше уақытында төленгені дұрыс. Дер кезінде төлесе ешқандай өсім қосылмай, есептелген қаражатты ғана береді.
– Барлық көліктің салығы бірдей ме?
– Маркасы бірдей көліктің барлығының салығы бірдей емес. 2013 жылдың 31 желтоқсанынан кейін 3 000 куб см жоғары Қазақстанда өндірілген (құрастырылған, жасалған) немесе ҚР аумағына әкелінген жеңіл автокөліктердің салығы жоғарылаған. Сондықтан көлемі жоғары жаңа автокөліктердің салығы ескі көліктерге қарағанда көтеріңкі. – Пикап, лимузин, электрокөліктердің салығы қандай?
– Бұрын бұлар жүк көлігі мен автобустар санатына қосылатын Двигатель көлемі 4 литрден асса да олардың салығы жеңіл көлікке қарағанда төмен болатын. Салық кодексіне енгілген өзгеріске сәйкес олар да жеңіл көлікке саналып, салығы двигатель көлеміне қарай жеңіл көлік ретінде есептеледі. Ал электрокөліктер салықтан босатылған. Гибридтер жеңіл көлік ретінде салық төлейді.
– «Бұл өмірде екі-ақ нәрседен құтыла алмайсың, ол – өлім мен салық». АҚШ реформаторларының бірі Бенджамин Франклиннің осы сөзі салықтың маңызын айқындап, америкалықтардың арасында салықтық мәдениеттің қалыптасуына жол ашқан деседі. Өкінішке қарай, біздің салыққа келгенде салғырттық танытатынымыз рас. Айтыңызшы, салықты кімдерге төлемеуге болады?
– Салық кодексінің 490 бабының 3 бөлігіне сәйкес, көлік құралдар салығынан босатылған, жеңілдік қарастырылған тұлғалар бар. Атап айтсам, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мінсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағы ордендерiмен және медальдарымен наградталған адамдар, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мінсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСРО ордендерiмен және медальдарымен наградталған адамдар, Кеңес Одағының батырлары мен Социалистiк Еңбек ерлерi, «Халық қаhарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болған, үшінші дәрежелі Даңқ орденiмен және «Отан» орденiмен наградталған адамдар, «Батыр ана» атағына ие болған немесе «Алтын алқа» не «Күмiс алқамен» наградталған көп балалы аналар, мүгедектер – салық салу объектiсi болып табылатын бiр автокөлiк құралы бойынша салықтық кезең ішінде бiр автокөлiк құралы бойынша (қозғалтқышының көлемі 4000 текше сантиметрден асатын, оған қатысты 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін уәкілетті мемлекеттік органда көлік құралының меншік иесінің ауысуына байланысты тіркеу әрекеттері жүргізілген жеңіл автомобильден басқа) қолданылады.
– Ұрланған немесе сенімхат арқылы сатылған автокөліктер мәселесі қалай?
– Сіз құжат жүзінде көліктің иесі саналасыз. Сондықтан салық төлеуіңіз қажет. Бұған тап болмас үшін сату кезінде көлікті есептен шығарып тастаған дұрыс. Салық кодексінің 493 бабының 6 бөлігіне сай Көлік құралдарын тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган салық органдарына беретін көлік құралын айдап әкету (ұрлау) туралы қылмыстық іс қозғау фактісін (күнін) растайтын мәліметтер иелерінен айдап әкетілген және (немесе) ұрланған деп саналған көлік құралын іздестіру кезеңінде салық төлеуден босату үшін негіз болып табылады. Бұл ретте мұндай салықты есептеу (есепке жазу) көлік құралын айдап әкету (ұрлау) туралы қылмыстық іс қозғалған күннен бастап тоқтатылады. Салықты есептеу (есепке жазу) көлік құралдарын тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның салық органдарына берген мәліметтер негізінде көлік құралын айдап әкету (ұрлау) және оны қайтару туралы қылмыстық істі тоқтатқан күннен бастап бастап қайта басталады. Сонымен қатар, егер көлікті келісімшарт арқылы сатып, есептен шығарған болсаңыз, онда оны уәкілетті органның есебінен шығаруға болады. Ал сенімхат арқылы сатылған көлік бұрынғы иесінің атында қала береді. Мемлекеттік тіркеу кімнің атынан жүргізілсе, сол азаматта қалады. Сондықтан уәкілетті органға барып, көлікті есептен шығару керек. Сонымен қатар жүрмейтін, жарамсыз көліктің салығына байланысты көптеген азаматтан шағым түсіп жатады. Мұндай жағдайда пайдаланбайтын, істен шыққан көлікті өз меншігіңіз ретінде есептен шығарып тастаған абзал. Осы тұста айта кетейін, жүрмейтін, жарамсыз көліктің салығына байланысты көптеген азаматтардан шағым түсіп жатады. Мұндай жағдайда пайдаланбайтын, істен шыққан көлікті өз меншігіңіз ретінде есептен шығарып тастағаныңыз жөн
– Салықты қайда төлесе болады?
– Кез-келген екінші деңгейдегі банктердің сервистері немесе интернет-банкинг арқылы, «Қазпошта» бөлімшелерінде, е-Salyg Azamat мобильді қосымшасы арқылы төлеуге болады. Бүл үшін көліктің VIN-коды мен иесінің ЖСН білуі керек. – Белгіленген уақытынан кешіккен жағдайда не болады?
– Көлік салығын төлемесеңіз ағымдағы жылдың 1 сәуірінен кейін Сізге уақытылы төлем жасамағаныңыз үшін хабарлама жібереді. Сонымен бірге салық сомасына өсімпұл қосылады. Салық кодексінің 128-бабына сәйкес, жеке тұлға салықтық берешекті өтемеген кезде салық органы осы Кодекстің 115-бабының 1-тармағында белгіленген тәртіппен жеке тұлғаға табыс етуге жататын салық бұйрығы табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей, осындай салық бұйрығын Қазақстан Республикасының атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен мәжбүрлеп орындату үшін аумақтығы бойынша тиісті әділет органдарына не жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына жібереді. Одан кейін көлігіңіздің жүруіне және өзіңіздің шетелге шығуыңызға тыйым салады. Салық қарызы бар көлікті сату кезінде басқа адамның атына рәсімдей алмайсыз. Сондықтан Салық кодексінің 494 бабының 4 бөлігіне сәйкес, жеке тұлғалардың салық төлеуі тұрғылықты жері бойынша бюджетке есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 1 сәуірінен кешіктірілмей жүргізіп, қарызсыз жүруге әрекет жасаңыз.

                                                                                                                                             Әсел РЗАЕВА
01 сәуір 2023 ж. 276 0