№35 (8746) 4

04 мамыр 2024 ж.

№34 (8745) 30

30 сәуір 2024 ж.

№33 (8744) 27

27 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Ең бастысы – елдің саулығы

Ең бастысы – елдің саулығы


Жаңақорған ауданаралық аурухананың мәжіліс залында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазыловтың төрағалығымен өткен есепті кездесуде 2021 жылы атқарылған жұмыстар және 2022 жылға жоспарланған міндеттер нақтыланды. Бұл салада озық тұсымыз, жеткен жетістіктер және кеткен кемшілік, келешекке межелі жоспарлар жүйеленді.


Алдымен, Сабит Бексейітұлы Жаңа­қорған ауданаралық аурухана бас дәрігері қызметін осы кезеңге дейін абыройлы атқарып, зейнет жасына келген Яхия Қадірбекұлына сала басшылығы атынан құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты. Тәжірибелі ма­манның өңір денсаулық саласына сің­ірген еңбегіне ерекше тоқталды.
– Әсіресе Жаңақорғанға келгендегі еңбегіңізді жоғары бағалаймыз. Үш жылдың ішінде тоқырауда тұрған саланы бірізге түсіріп, кадр, қаржы мәселесін оңтайлы шештіңіз. Білікті дәрігер ғана емес, мықты менеджер екеніңізді көрсете білдіңіз, – деп жылы лебізін білдірді.
Жиынға арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев ел халқы атынан өз ризашылығын жеткізді. Кешегі пандемия, төтенше жағдай кезінде ақ халатты жандардың қатерлі сынды ауыздықтауына бас бола білген тұлғаның табанды қызметіне алғысын жеткізді.
Жаңақорған ауданаралық аурухана бас дәрігері қызметіне тағайындалған Сәкен Үсейновке сәт-сапар тілеген басқарма басшысы Сәбит Бексейітұлы: «Сәкен Әлеудинұлының еңбек жолы жаңақорғандықтарға жақсы таныс. Аудандық медицина саласында талай жыл еңбек етті. Облыс орталығында да қызмет жолы бар білікті басшының аудан денсаулық саласының тізгініне ие болуы сала жұмысына серпін беретініне сенеміз, – деп тілектестік білдірді.
Жиынның келесі бөлімінде 2021 жыл­ғы атқарылған жұмыстардың қоры­тынды есебі тыңдалды. Хабарламаны б­ас дәрігердің уақытша міндетін атқарған Зауреш Тлепбаева жасады.
Аудан денсаулық саласы бойынша 172 жоғары білімді дәрігер жұмыс жасайды, дәрігермен қамтылу дең­гейі 10 мың тұрғынға шаққанда 22.6, дәрігерлердің 100-інің немесе 58,1 пайызының біліктілік санаты бар. Облыс көлемінде мамандарды қайта даярлау және біліктілігін арттырудың перспективалық жоспарына сәйкес есепті кезеңде 70 дәрігер, 178 буын медицина қызметкері біліктілігін арт­тырды. Материалдық-техникалық база­ны нығайту, медициналық қызмет сапасын арттыру мақсатында өткен жылы рентген сәулесі көмегімен және компьютерлік өңдеу арқылы адам ағзасында анықталған патологиялық процесті компьютерлі томография ап­параты, ультрадыбыстық меди­циналық диагностикалық жүйе, 2 дана бу стерелизаторы алынған. Был­тырғы жылдың тағы бір жаңалығы, көптен күткен Жаңарық дәрігерлік амбулаториясының ғимараты жаңадан салынып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Биыл Қаратөбе дәрігерлік амбулаториясының, Қашқанкөл меди­циналық бекеті және Төменарық ау­ылдық ауруханасының құрылысын салу жоспарланып отыр екен.
2021 жылы аудан бойынша барлық дәрігерлік қабылдау 483 367, яғни 1 тұрғынға шаққанда 6.3 көрсеткішті құрады. Оның ішінде 80,6 пайызы емханада қабылдауда болса, 19,4 пай­ызы үйден қаралғандардың үле­сінде. 2020 жылмен салыстырғанда сыр­қат­шылдық 30.9, аурушаңдық 26.8 көрсеткішке төмендеді. 2021 жылы туу көрсеткіші 2,5 пайыз, табиғи өсім 3,2 пайыз жоғарылаған.
Баяндамада қайтыс болғандардың нозология бойынша талдануында бірінші орында жүрек қан-тамыр аурулары тұрғаны, былтыр бұл аурумен қаза бол­ғандар 2020 жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмендегені айтылды. Келесі кезекте, тыныс алу жүйесі ауруларының 2020 жылмен салыстырғанда 87 жағ­дайға төмендегені туралы деректер келтірді.
– 2021 жылы жалпы мүгедектікпен есепке алынғандар саны – 849, 2020 жылмен салыстырғанда 213 жағдайға көбейді. Мүгедектікке шыққандардың нозология бойынша талдануына келсек, қан айналым жүйесі, қатерлі ісік және көз ауруларынан тіркелді. Балалардан алғашқы рет мүгедектіктен өткендер ішінде жүйке жүйесі, психикалық аурулар мен сүйек-буын жүйесі басым, – деді баяндамашы.
Рас, қазір туа бітті мүмкіндігі шек­теулі балалар аз емес. Оған басты себеп экологияның ластануында дейді дәрігерлер. 2021 жылы аудан көлемінде 2332 босану болса, 2020 жылмен салыстырғанда 234-ке артқан. 14 жасқа дейінгі балалардың шетінеуі былтыр 35-ке, оның ішінде, 0-1 жас аралығында шетінеген бала саны 23-ке жеткен. Облыстың бас дәрігері осы жағдайлар бойынша қатаң бақылаулар болатынын ескертті.
– Бала тағдыры бұл бірінші орындағы мәселе. Жаңақорғанда тірі нәрестені өлі етіп тіркеу орын ала жаздады. Оны жақсы білесіздер, қазір нәрестенің жағдайы жақсы, оны өзім бақылауда ұстаймын. Адам тағдырына бей-жай қарамайық, сондықтан гинекология бөлімінің меңгерушісі Руслан Садықов, сізге арнайылап айтамын, осындай жағдай қайталанса, кешірім болмайды. Сіз білікті дәрігерсіз, осындай жағдайдың алдын алып, жұмыс жасаңыз. Ақ халатты абзал жан деген атқа кір келтірмеңіздер, – деді өңірдің бас дәрігері.
– Аталмыш жағдайды талдау бары­сында анықталған кемші­ліктер қандай?
– Басты кемшілік – әйел-ананың жүк­тілікке гравидаралды дайындықсыз келуі, профилактикалық тексерістерден өткізілмегені, жүкті әйелді амбулаторлы деңгейде бақылау кезінде жалпы тәжірибелі дәрігер, акушер-гинеколог және акушерка тарапынан ананы толық көлемді тексеру, емдеу, бақылау жасалмауынан, шала туылған нәрестеге жалпы тәжірибелік дәрігерлік жұмыс сапасыз жүргізілуі, психомоторлық және физикалық дамуының бағаланбауы, уақытылы стационарлық емге жолдан­бауынан туындаған. Ата-ана­ларға жалпы қауіп белгілері бойынша түсін­дірме жұмыстары жүргізілмеген, пат­ронаждық мейірбике жұмысы сапасыз, медициналық немесе әлеуметтік қауіп-қатерлер анықталмаған. Аурухана деңгейінде ауыр жағдайда түскен нәрестені дұрыс бағалап, бейінді мамандармен дер кезінде қаралып, консилиум, тексеру-зерттеу жұмыстары уақытылы жүргізілгенде мұндай жағдай орын алмас еді, – дейді баяндамашы.
Айта кетерлігі, былтырғы жылмен салыстырғанда жол апаты мен суицид бойынша да өсім байқалады. Тубер­ку­лезбен аурушаңдық бойынша көрсеткіш төмендеген. Күндізгі стационар бөлімі­нің 2020 жылғы науқастарды жатқызу жоспарының орындалмауы кейбір ау­ылдық емдеу ұйымдарының аталмыш жоспарды төмен деңгейде орындауы салдарынан болды, дейді баяндамашы. Олардың көшінде Байкенже, Келінтөбе, Жаңарық, Төменарық, Қаратөбе бар. Ал, вакцинациялау бойынша аудан көрсеткіші 84 пайызды құрайды.
Арыз-өтініштер бойынша 70 құжат түскен. Олардың ішінде, медициналық көмекке көңілі толмау басымырақ. Медициналық қызметкерлердің этика-деонтология талаптарын сақтамауы, ауруханаға жатқызу, дәрі-дәрмек сұра­ғандар мен мүгедектікті алуға өтініш бергендер де қатарда бар. Мекеменің «Open Janakorgan Auruhana» әлеуметтік желідегі парақшасында жыл бойында тұрғындар тарапынан денсаулық сақтау саласына қатысты ұсыныс-пікірлер жазылған. Жауапты маман Ербол Бакировтың айтуынша, мерзімінде кері байланыс орнату мақсатында желі бетінде жарияланған барлық мәселелер бойынша уақытылы ішкі талдау жұ­мыстары жүргізіліп, тиісті шаралар қабылданған.
Есеп беру соңында алдағы міндеттер жүйеленді. Аудан тұрғындарының медициналық қызметке қолжетімділігін қамтамасыз ету және емханадағы қалып­тасып жатқан ұзын-сонар кезектерді болдырмау мақсатында кенттің темір­жол желісінің оңтүстік беткейінен талапқа сай келетін ғимарат тауып, №1 жалпы тәжірибелі дәрігерлік бөлімнің аймақтарын, зертхананы, сондай-ақ тар буынды мамандардың бір бөлігін қажеттіліктерге сәйкес көшіру мәселесін түбегейлі шешу ұсынылды.
Тозығы жеткен Қаратөбе дәрігерлік амбулаториясы ғимаратының құрылысын шешу бағытында шаралар қабылдау, аудандық ауруханаға науқастарды жос­парлы жатқызу үлесін арттыру мақсатында тиісті шаралар қабылдау және ауруханаға ауыр жағдайда түс­кен, қайтыс болған науқастарды ұдайы емдеуді бақылау комиссиясында талқылап отыру мәселесі айтылды.
– Ауданда мәселе жоқ емес, бар, оны білемін. Түгіскенде орын жетіс­пейді, соған жұмыс жасауымыз керек. Екіншіден, жедел-жәрдемнің екі ғана бригадасы бар, олардың шалғай ауылдарға қатынауы қиын. Негізінен 10 000 адамға шаққанда бір бригада болу керек, демек, Жаңақорғанда әлі де бригада қосу мүмкіндігін қарастыруы­мыз керек. Сондай-ақ мобильді топтың күшін жетілдіре түсуге тиіспіз. Пандемия, індеттің ошағы әлі де жалғаса береді. Біз бәріне дайын болуымыз керек. Былтыр қандай мамандар келді? Енді қай бөлімге дәрігер керек?
– Лор маманын қабылдасақ, биыл бізге керегі УЗИ және окулист маман.
– Дұрыс, оны да шешудің жолын тездетуіміз керек. Бітірген жас мамандар, арнайы оқып жатқан 160 кадр бар. Солардың ішінде жаңақорғандықтар болса, талдау жасап, қажетті мамандарды алыңыздар. Сакен Әлеудинұлы, өзіңіз де білікті дәрігерсіз, қандай маман қажеттігін біліп отырсыз. Саланың кем-кетігін жамап, жұмысты жетілдіруге қарым-қабілетіңіз жетеді. Сондықтан бірінші кезекте тәртіп, екіншіден, УЗИ мамандарына баса назар аударсаңыз. Өйткені аудан тұрғындарының дені Шиелі мен Түркістанды жағалап кетеді. Шыны керек, Жаңақорған ауданында медицина саласының әлеуметтік жағ­дайы өзге аудандарға қарағанда әлде­қайда жақсы. Тек жұмысты жүйелі ұйымдастыруды жолға қою керек, – деді.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бой­ынша облыстық оңалту орталығының ди­рек­торы Ерғабит Орманұлы жыл көлемінде атқарылған жұмыстарына тоқталып ха­барлама жасады. Медици­налық кеңес соңында Сабит Бексейітұлы хабар­ламашыларға қосымша сұрақ­тар қойып, биылғы жылды жақсы жұмыспен қорытындылауды тап­сырды.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
05 ақпан 2022 ж. 224 0