» » «Адалдық бұрышы» атына сай ма?

«Адалдық бұрышы» атына сай ма?


Ала жіпті аттамауды, адалдық атты қасиетті қанға сіңіруді мұрат етсек, жаңа Қазақстанның жарқын болашағын тәрбиелеріміз анық. Осы мақсатта білім ордаларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ашылған алғашқы баспалдақ «Адалдық бұрыштары» туралы не білеміз?


Елімізде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда бірқатар жобалар қатарында «Адалдық дүкені» ашылды.
Бұл елімізге соңғы жылдары ғана келді, онда да әлі толыққанды қалыптасып үлгермеді деуге болады. Шет елдерде жұмысы тұрақтанып үлгерген бұл жүйенің ережесіне келсек, ол жерде өзіңізге қажетті заттарды алып, алынған тауар үшін ақшаны кассалық жәшікке қалдырып, есеп айырысасыз. Яғни, дүкенде сатушы жоқ, затты сатып алушылар өздеріне қызмет көрсетеді. Сауда тәртібінің басты ерекшелігі осында. Дүкенге қойылған тауарды сатып алу немесе тегін алып кетуді адамның ар-ұяты біледі. Cатушысыз дүкен біздің елімізде тек мектептер мен оқу орындарында кездеседі. Басқа орындарда мұндай сауда орындарын ашуға тұрғындар дайын емес секілді.
«Тәрбие – тал бесіктен» демекші мұндай жобаны жүзеге асыру жастардың тәрбиесі мен адалдығын арттыруға бағытталып отыр. Осылайша, бұл мекен жеткіншектердің әлеуметтік жауапкершілігін шыңдайтын орынға айналмақ. Сондай-ақ, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті» қалыптастыруға әсер ететін нысан болмақ. Ешбір қадағалаушысы жоқ дүкеннен қажетті затын сатып алған балалар қулыққа немесе қиянатқа жол бермей, өзін-өзі адалдыққа және әділдікке тәрбиелей алады.
Аудандық білім бөлімімен «Адалдық бұрышының» «Парасат бұрышы» деп аталатынын білдік және «Адалдық клубы» Жаңақорған ауданында 42 мектептің бәрінде бар екендігін айтты, бірақ дүкен туралы мардымды жауап ала алмадық. «Мың рет естігенше, бір рет көрген артық» деп, көз жеткізбекке кент мектептерінің табалдырығын аттап, сатушысыз дүкеннің жағдайын көрдік. Орталықтағы №169 Н.Илялетдинов атындағы орта мектептің әлеуметтік-педагогы Жазира Сайпировамен тілдестік.
– Мектепте карантинге дейін «Адалдық дүкеніміз» болды. Оқушылар мен мұғалімдер сабағына қажетті оқу құралдарын өздері алып отырды. Бірде жоспарланған есеп кем шықса, кейде артық шығып қайырымды оқушылардың бар екені көңіл қуантты. Кейбір оқушылар қайырымдылық жәшігі деп санап, ештеңе алмай-ақ ақшаларын салып жататынына да куә болдық, – дейді ол.
Атаулы бұрыштың басқа мектептерде де хал-күйі осындай. Осыдан 3 жыл бұрын жер-жерде жақсы қарқын алғанымен, дәл қазіргі уақытта «Адалдық дүкендерінің» жұмысы уақытша тоқырап тұр. Қоғамдағы жағдайдың салдарынан. Бұдан бұрын Жайылмадағы №195 мектеп-гимназиясына жолым түскені бар еді. Кенттегі мектептерден кездестірмеген дүниені Жанат Жүсіпова басшылық етіп отырған мектептен кездестірдім.
– Оқушылар күнделікті өздеріне керекті оқу құралдарын алып, төлем жасап отырады. Әрине, мұғалімдер де сабақ барысына керекті дүниесін осы жерден табады. Мектебіміз бұндай бастамаға дағдыланып қалды. Жиналған қаражатқа дүкен қорын толықтырып отырамыз. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, ұрпағымызды алтын ұя мектептен адалдыққа баулысақ, болашақта жемқорлықсыз қоғамның іргесін қалайтын осы жеткіншектеріміз емес пе, – дейді мектеп басшысы.
Аталмыш дүкендердің шынайы адалдық атауына бейнекамера қойылмаса өз ар-ожданына сыйынған жеке тұлғаға сенімділік салмағы арта түсер ме екен дейсің? Жүректеріндегі Алла көріп тұр деген ождан жауапкершілігін камерамен бақылаумен ұтамыз ба, ұтыламыз ба? Жалпы, ислам діні адамзатты адал болуға шақырады. Адам баласы адал болу арқылы ғана екі дүниенің сынағынан өзін-өзі құтқара алады. Бұл жөнінде Алла Тағала Құран кәрімде: «(Мұхаммед ғ.с.) бұйырылғанындай тура бол! Сенімен бірге тәубе еткен кісілер де. Және артық кетпеңдер! Өйткені Алла, не істегендеріңді толық көруші» (Худ, 112) деп бұйырады.
Мектептерде білімгерлерді адалдық­қа баулу тек мұнымен шектелмей, жал­пы білім беретін мектептерде тәрбие жұмысын ұйымдастыруға жәрдемдесе­тін және қатысатын «Адал Ұрпақ» ерікті клубы жұмысын жүргізілуде екен. «Адал Ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының негізгі міндеттері мектепте сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты нығайту бойынша бастамаларды көтермелеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сипаттағы іс-шараларды ұйымдастыру болып отыр. «Адал Ұрпақ» ерікті мектеп клубтары мынадай секциялардан тұрады: сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім; сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпарат және шығармашылық; мәдени-көпшілік іс-шаралар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім секциясы дәрістерді, «дөңгелек үстелдерді» және басқа да ағартушылық іс-шараларды ұйымдастыруға қатысады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпарат және шығармашылық секциясы үздік бейнероликтер, суреттер, шығармалар байқаулары мен іс-шараларын ұйымдастыруға қатысады. Мәдени-бұқаралық іс-шаралар секциясы акциялар, флэшмобтарды, диалог алаңдарын және басқа да әлеуметтік-маңызды іс-шараларды ұйымдастыруға қатысады.
Тәрбие жұмысын жүргізуде азаматтар, қамқоршылық кеңестер, ата-аналар комитеті, қоғамдық бірлестіктер, сыбайлас жемқорлыққа қарсы уәкілетті орган және өзге де мемлекеттік органдар қатыса алады. Тәрбие жұмысының мақсаты және міндеттері мектепте аса өнегелі, жауапты бастамашыл және әлеуметтік құзырлы азаматты және патриотты қалыптастыру үшін жағдай жасау, рухани-адамгершілік және азаматтық-патриоттық тәрбиелеуге бағытталған шараларды іске асыру; оқушылардың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру; оқушылардың саяси-құқықтық білімін қалыптастыру; оқушылардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлқының адамгершілік-этикалық құндылық негіздерін қалыптастыру болып табылады.
Біз білім ошақтарындағы жағдайды баян еттік. Жоғарыда сөз еткен «Адалдық дүкені» бұдан біраз бұрын аудан әкімдігі ғимаратында да ашылған көрінеді. Дүкен жарақтауға әкім аппаратымен келісімшартқа отырған Нұрдилла Мырзаев деген кәсіпкеріміз жеңді сыбана кірісіп, тіпті бейнебақылау камерасын орнатуды ұмытпапты. Сөйтсе ардан аттағандар есебінен жаңылдырып, адал ниеті ақталмай, жұмысын тоқтатуға тура келіпті. «Дырдай мекемеде осындай жолсыздық болған соң өзге ұжымдарда ашу талабымнан бетім қайтып қалды» – дейді ол.

Түйін. Жемқорлықты тамырымен жою – күн тәртібінен түспейтін күрделі мәселеге айналды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл кеселден ұлтты айықтыру үшін түрлі жобалар жасауда. Еліміздің көркеюі үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла жұмыс атқармасақ, дендеп кеткен бұл кеселден арылу оңайға соқпасы анық.

Рауза ӘЗІЛХАН
01 ақпан 2022 ж. 330 0