№24 (8735) 23

23 наурыз 2024 ж.

№23 (8734) 19

19 наурыз 2024 ж.

№22 (8733) 16

16 наурыз 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
» » Қыс – қарымен көрікті

Қыс – қарымен көрікті

Бұл сөздің мәнін биыл ерекше сезініп жүрміз. Әсіресе, 2020 жылдың 11 қаңтарда таңғы сағат 08.00-де басталған қар кешкі 20.00-ге дейін дейін жауады. Мұндай табиғи құбылыстар жылда қайталана бермейтіні рас.

Синоптиктер не дейді?

Бүгінде есік алдындағы қардың қалыңдығы қоныш бойлап, бәтеңкеге қар толады. Қар тазалайтын күректер де кәдеге жарады. Көпшілік қар тазалаған, аққала істеген сәтін әлеуметтік желіге жүктеп, қызу талқыға салуда. Жұрт арасында мұндай қар соңғы рет қашан болғанын сұрап, сауалнама жүргізіліпті. Әлеуметтік желінің белсендісінің бірі 1993 жылы қалың қар жауып, қырдан Сырға ақбөкен ауғанын жазыпты.
Бұл туралы классик жазушы Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыс» атты әңгімесінде тамаша суреттелген. Міне, 28 жылдан кейін қайтадан қалың қар түсті. Тек ауған ақбөкендерді көрмедік демесек...
Оңтүстік өңірде жылдағы жағдайға қарағанда айтарлықтай қардың қалың түсуін мамандар былай түсіндіреді.
– Жаңақорғанға түскен қар қалыңдығы 13 см. Өткен 10 жылда мұндай қалың қар тіркелген жоқ. Осы күнге дейін 2-3 см ғана қар түскен еді. Ауданның климаттық жағдайына байланысты биылғы жылы қарлы-жауынды жыл болады деп күтілуде. Алдағы аптада күндіз +5 пен +7 аралығында күн жылы болғанымен, 22 қаңтардан бастап -10, -20 градус аяз болуы ықтимал. Оңтүстік шығыстан соққан жел секундына 15-20 метр соғады, – дейді «Аққұм» ауа райын бақылау бекетінің маманы Бұдабай Алдашев.
Маманның пікірінше, биыл жауын-шашын мол, ырыс-несібеге толы жыл болмақ. Өңірде қаңтар айының ауа райы болжамына сәйкес, күн жылы болады. Алайда, синоптиктер облыста қар аралас жауын жауатындығын, желдің күшейетіндігін айтып отыр. Көктайғақ та болуы мүмкін.

Қар тазалау – ортақ іс


Қардың қалың түсуі жол қатынасына айтарлықтай кедергі келтіретіні сөзсіз. Кенттің және ауылдық округтердің жол қозғалысын қалыпқа келтіру үшін арнайы қар тазалау қолға алынды. Біз осы жөнінде аз-кем ақпар алдық.
Кенттің көшелерін қар құрсауынан тазалау жұмысы таңғы сағат 7.00-де басталды. Қар тазалауға төрт техника тартылды. Мұны «Жаңақорған тазалық» ЖШС-нің жұмысшы тобы атқарды.
– Жолдың беткі қабаты қар, асты мұз болуына байланысты қарды тазалау жұмысы айтарлықтай ауыр болды. Бір көлікпен қар күресек, екінші техникамен мұзды ойып өттік. Үшінші көлікпен тұз аралас құм сепсек, төртінші көлікпен тау болып үйілген қарларды тысқа тасыдық. Жұмысшылар үзіліссіз жұмыс жасауының арқасында кенттің орталық көшелеріндегі қалың қарды тазаладық, – деді кәсіпкер Мұхамеджан Рүстемов.
Алдағы апта жылы болғандықтан қар айтарлықтай еріп, кент жолдары батпақты болуы да ықтимал. Бұл жөнінде кент әкімі аппаратының бас маманы Алма Мамирова:
– Әрбір тұрғын өз үйінің ауласын қардан тазалау қажет-ақ. Егер қар ерісе батпақтан аяқ басып жүру мүмкін болмай қалатынын айтпаса да түсінікті. Кенттің көше комитеттері ортақ іске тұрғындарды жұмылдыруын сұраймыз, – деді.
Мамандардың пікірінен кенттің алдағы күндерге әзірлеген нақты жоспары барын, соған сай қарекет етіп жатқанын түсіндік. Ал, ауыл аймақтағы халық қандай жағдайда? Мұны ауыл әкімдерінен білдік.
Төменарық ауылдық округінің әкімі Нұркен Қошқарбеков ауыл аралық жолдар мен ауыл ішілік жолдарды қардан тазалау ісі толық аяқталғанын айтты.
– Ауылдағы техниканың көмегімен күре жолдарды қардан ашып, мектеп, аурухана, клуб үйлерінің ауласын қол күшімен күреп шықтық. Алдағы ауа райына сай болжамды жоспар дайындап, кез-келген табиғат құбылысына төтеп беруге дайынбыз, – деді ауыл әкімі.
Аудан орталығынан алшақ жатқан ауылдың бірі Қандөз ауылдық округі де ауыл ішіндегі негізгі жолдары қардан тазалапты.
Бесарық округі таулы аймақта орналасқандықтан өзге ауылдарға қарағанда қар қалыңырақ түскен. Сондықтан барлық жолдарды қардан ашу ісі де оңайға соқпады. Күн ұзаққа жүргізілген жұмыстың нәтижесінде қос ауылда жол қатынасы ретке келді. «Айнұр» мейрамханасынан бастау алатын жолға және ауыл ішілік жолға тұзды құм төселді. Осы секілді өзге ауылдар да қар тазалау қарекетіне кіріскен.

Мақпал ПАТЕНОВА

16 қаңтар 2021 ж. 680 0