Карантин кезіндегі емтихан, ҰБТ және диплом: оқушылар мен студенттер нені білуі тиіс
Төтенше жағдайға байланысты кей оқушылар емтиханнан босатылса, студенттер диплом жұмысын үйден қорғауы мүмкін
Биыл карантинге байланысты мектеп оқушылары мен студенттер қашықтан оқыту форматына көшті. Төтенше жағдай мерзімі әрі қарай ұзартылса, қорытынды аттестация, ҰБТ, кешенді емтихан мен диплом жұмысын қорғау қалай өтетінін хабарлайды Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасаған zhanaqorgan-tynysy.kz.
Жиынтық бағалау қашан және неше рет өтеді
Бұған дейін бөлім бойынша жиынтық бағалау (СОР) бір тоқсанда әр пәннен бірнеше рет болатын. Биыл төртінші тоқсанда БЖБ тек бір рет өткізіледі. Білім және ғылым министрлігі оның мерзімін 4 мамырдан 8 мамырға дейін белгілеп отыр.
Оқушылар бақылау жұмысын үйде жазатындықтан, мұғалім оны нақты қай күні тапсыру керек екенін көрсетуі тиіс.
БЖБ мына пәндер бойынша өтпейді:
• өзін-өзі тану;
• көркем еңбек;
• музыка;
• дене шынықтыру;
• кәсіпкерлік және бизнес негіздері;
• графика және жобалау;
• қоғам және дін.
Ал тоқсан бойынша жиынтық бағалау (СОЧ) бір рет – 18 мамырдан 22 мамырға дейін өтеді.
Жазғы демалыс 25 мамырда басталады.
Қорытынды аттестация емтиханы болмайды
Төтенше жағдайға байланысты биыл 9 және 11 сынып оқушылары қорытынды аттестация емтиханынан босатылды.
Аттестат барлық пән бойынша жылдық баға негізінде беріледі.
Бұған дейін 9 (10) сынып түлектерінің қорытынды емтиханы былай өткізілетін:
• ана тілі бойынша жазбаша емтихан (оқыту тілі бойынша) – эссе түріндегі жазбаша жұмыс, гуманитарлық цикл пәндерін тереңдетіп оқытатын мектеп оқушылары үшін мақала/әңгіме/эссе түріндегі жазбаша жұмыс;
• математикадан (алгебрадан) жазбаша емтихан;
• оқыту орыс/өзбек/ұйғыр/тәжік тілінде жүргізілетін сыныптарда қазақ тілі мен әдебиетінен жазбаша емтихан және оқыту қазақ тілінде жүргізілетін сыныптарда орыс тілі мен әдебиеті пәнінен жазбаша емтихан;
• таңдау пәні бойынша (физика, химия, биология, география, геометрия, Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы, әдебиет (оқыту тілі бойынша), шет тілі (ағылшын/француз/неміс), информатикадан жазбаша емтихан.
Ал 11 (12) сынып оқушылары үшін:
• ана тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан (оқыту тілі бойынша) эссе түрінде;
• орыс/өзбек/ұйғыр/тәжік тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілі бойынша тест және қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілі бойынша тест;
• алгебра және талдау негіздері бойынша жазбаша емтихан;
• Қазақстан тарихы бойынша ауызша;
• таңдау пәні бойынша тест (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзі тарихы, әдебиет (оқыту тілі бойынша), шет тілі (ағылшын/ француз/ неміс), информатикадан тест.
ҰБТ – 2020
Әзірге ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу мерзімі өзгеріссіз қалып отыр.
Сонымен қатар, биыл ҰБТ-да 11-сыныпта 4-тоқсанда өткен бағдарлама сұрақтары болмайды. Тек 5-сыныптан 11-сыныптың үш тоқсанына дейінгі аралықтағы сауалдар қойылады.
ҰБТ өткізу форматы өзгермейді, тек коронавирусқа байланысты қосымша санитарлық шектеулер енгізіледі. Тест тапсыратындар бір-бірінен алыс отырады. Жергілікті жерлерде барлық оқушының дене қызуы тексеріледі.
Тестілеуге қатысу үшін 10 мамырға дейін ent2020.testcenter.kz сайтында онлайн өтініш тапсыру керек.
Тіркеуден өткен кезде, заңды өкілдері 18 жасқа толмағандардың жеке мәліметтерін жинауға және өңдеуге келісім береді.
Айта кетсек, қазір оқушылар ұлттық тестілеу орталығының сайтында жарияланған сынама тестілерді тегін пайдаланып жатыр. Әрбір пән бойынша 70 нұсқа әзірленген.
Білім және ғылым министрлігі карантин ұзартылған жағдайда ҰБТ өткізудің балама нұсқасына көшеді.
Студенттер дипломды қалай қорғайды
Білім және ғылым министрлігі 1, 2, 3 курс студенттері үшін сессия тапсырудың үш жолын ұсынды:
• емтиханды қашықтан тапсыру;
• әрбір пән бойынша бағаны қазіргі баға негізінде қою;
• "I" (Incomplete) бағасын қою арқылы емтихан тапсыру мерзімін шегеру.
Десе де, емтиханды қалай өткізетінін әрбір жоғары оқу орны өзі шешеді.
Ал 4 курс студенттері карантин аяқталмаса, дипломды қашықтан қорғайды.
Диплом жұмысын қорғау үшін студенттер антиплагиат жүйесіне өз жұмысын жүктейді. Осыдан кейін оны оқытушылар мен мемлекеттік комиссияның мүшелері тексереді.
Егер студенттің онлайн режимде диплом қорғауға мүмкіндігі болмаса, диплом жұмысы бойынша сұрақтар жазбаша және кез келген байланыс арнасы арқылы қойылуы мүмкін.
Ал кешенді емтиханға келетін болсақ, мұнда әрбір университет үш жолдың бірін таңдайды:
• кешенді емтиханды қашықтан тапсыру;
• жиынтық бағаны базалық пәндер бағасының негізінде қою;
• кешенді емтиханды кешірек мерзімге ауыстыру (жазға немесе күзге).
Мемлекет басшысының жарлығымен 16 наурыздан елде төтенше жағдай жарияланды. Режим бір айға созылуы тиіс еді, алайда оның мерзімі 1 мамыр сағат 07.00-ге дейін ұзартылды.