Қандай деңгейде болмасын сайлау науқанына бұқараның ұйымшылдықпен қатысуы маңызды. Өйткені әрбір сайлаушы елдің тағдырына бейжай қарамайтын болса оған үн қоспай отыра алмаса керек. Кейде кейбір азаматтардың аузынан «Менің ешқандай да саясатқа қатысым жоқ. Мен оған араласпаймын, бейтарап болғым келеді» деп өзін барлық жауапкершіліктен сырт ұстап, «сүттен ақ, судан таза» болғысы келетінін байқап қаламыз. Бұл абсурд. Жаңсақ пікір.
Қоғамда өмір сүріп жатырмыз ба, белгілі жағдайда оның обьективті, субьективті көріністерінен ешқандай да тыс қала алмаймыз. Біз сол кеңістіктің ішіндеміз. Жақсылы-жаманды қоғамның сипаты біздің өмірімізге тікелей әсер етеді. Яғни, сен саясатқа араласпаймын десең де саясат сенің өміріңмен тығыз байланысып жатыр. Адам шыр етіп дүниеге келген күннен бастап саясат оның өмірінің бір ажырамас бөлігіне айналарына бір мысал, нәрестеге перзентханадан шықпай жатып, есім қойылып, аты-жөні, азаматтығы жазылған құжат толтырылады. Ол ресми орындарға жолданып, енді оған қоғамның кішкентай бір мүшесі ретінде арнайы статус тағайындалып, заңды мәртебесі бекітіледі. Ата-анаға баланың туылғаны жөнінде куәландырылған құжат арқылы жергөкпұл тағайындалады. Бір жасқа дейін, кешегі жолдаудан кейін бір жарым жасқа дейін жәрдемақы алып отыруың керек. Одан әрі балабақшамен қамту, жалпыға бірдей орта білім беруге мемлекеттің міндеттілігі бар, ауыра қалғанда тегін медициналық көмектің шарттарының әрбірін ұмыт қалдырмай, жүйе-жүйесімен түгендеп, соған қатысты қабылданған заңдарды ереже-тармақтарымен жатқа білмейтін жан жоқ.«Менің саясатта жұмысым жоқ, оның маған не қажеттігі бар?» деп, саясатқа бас ауыртпағанымыз осы ма? Олай болса неғұрлым көпшілікке тиімді қоғамдық жүйенің бағытын айқындауда азаматтық белсенділігімізге тәуелді маңызды науқанға немқұрайды қарау жарасымды болмаса керек. Ендеше, ертеңгі сайлауда «менің даусым не шешеді?» деп жалтармай, ортақ отанымыздың болашақ тағдыршешті мәселесіне жауапкершілікпен атсалысқанымыз дұрыс.
Қандай сайлаудың болмасын өтетіні алдын-ала белгіленеді, ал мемлекеттің болашағына бейжай қарай алмайтын тұрғындар да тыңнан таңдауын жасап, белсенділік танытуы тиіс.
Жалпы, кез келген дауыс беруші мемлекеттік қызмет саласында еңбек етпесе де ел басқару ісіне араласып жатқанын естен шығармаған жөн. Әр адам жеке азамат ретінде жергілікті мәслихаттар, парламент депутаттары, мен елдің президентін сайлау арқылы таңдау жасау құқығына ие.
Қазақстанда сайлауға бару немесе бармау азаматтың жеке таңдауы. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы заңның 3 бабы, 3 тармағына сәйкес Республика азаматтарының сайлауға қатысуы ерікті. Азаматты сайлауға қатысуға мәжбүрлеуге ешкімнің құқы жоқ. Десе де елдік мәселеде енжарлық танытып, тасада қалыс қалуды ешкім де хош көрмесе керек.
Сайлау – халықтың жасырын және ашық дауыс беру арқылы өзі өмір сүретін ортаны басқарушы, халықтың атынан өкілдік етуші тұлғаны таңдау және оған өкілеттік беру үрдісі.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 3 бабында «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп анық көрсетілген.
Баян Үсейінова