Cындарлы сәт жақындаған сайын әркімнің өз таңдауын жасауына сенімі нығая түсті. Өйткені бұл көңіл күй президенттікке тіркелген кандидаттардың сайлау барысындағы жариялы іс-қимылдарымен тікелей байланысты. Оның үстіне ел-жұрт бұл сайлау науқанының ел Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңнамасына сай өтіп жатқандығын нақты көріп, біліп отыр.
Ендеше осы сайлауда еркін елдің әр азаматының ерікті таңдауы болашағымыздың одан әрі жақсара түсетіндігіне сенім ұялатады. Оның бір негізі Орталық сайлау комиссиясы сайлауды өткізу жөніндегі жұмыстарды уақытылы атқарып, барлық талаптардың заңдылығын қатаң ұстануы болып отыр. Әсіресе сайлаушылардың өз таңдауын еркін жүзеге асыра алуы үшін қажетті жағдай жасалуда. Осы орайда Орталық сайлау комиссиясы жергілікті атқарушы органдардың сайлаушылар тізімін қалыптастыруы және олардың сайлаушылар тізіміне өзгерістер енгізу туралы өтініштерін қабылдау, азаматтарды сайлаушылар тізімімен таныстыру және сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жағдайды қамтамасыз ету, тағы басқа жұмыстар толық назарға алынуда.
Азаматтардың тұрғылықты жерi бойынша құрылған сайлау учаскелерiндегi сайлаушылар тiзiмiн дауыс беретiн күнге он бес күн қалғанға дейін дайындап, тиiстi сайлау комиссиялары танысу үшiн сайлаушыларға беруі керек. Содан кейін әрбiр азамат сайлаушылар тiзiміндегi өзi туралы деректердi тексеруге және тiзiмге енгiзiлмегенi, дұрыс енгiзiлмегенi немесе тiзiмнен шығарып тасталғаны, сондай-ақ тiзiмдегi сайлаушы туралы деректерде жаңсақтық жiберiлгенi үшiн шағымдануға құқылы.
Сайлауға дауыс беруші азаматтардың басында түрлі жағдай туындауы мүмкін. Осыған байланысты аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Сұлтан Ибрагимов төмендегідей жауап берді.
– Сайлаушы өзінің тұрғылықты орнын ауыстырған жағдайда тіркелген жері бойынша учаскелік сайлау комиссиясына жүгіне алады. Ол жерде төлқұжатты немесе жеке куәлікті ұсынған кезде учаскелік сайлау комиссиясы дауыс беру құқығын растайтын есептен шығару куәлігін табыс етеді. Дауыс беретін күні дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін көрсеткен кезде учаскелік сайлау комиссиясы бұл азаматты келген орны бойынша сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізіміне енгізеді, – деді аудандық сайлау комиссиясының төрағасы.
Сайлаушылардың дауыс беруі сайлау учаскесіндегі дауыс беруге арналған орында жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат жетіден кешкі сегізге дейін өткізіледі. Сайлаушы өзі дауыс береді. Сайлауда дауыс құқығын басқа біреуге беруге және сол сияқты басқа адам үшін дауыс беруге жол берілмейді. Дауыс беруге арналған бюллетеньдер сайлаушылар тізімінің негізінде Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжатын немесе жеке куәлігін көрсеткен кезде қолына ұстатылады. Сосын сайлаушы бюллетеньді алғандығы туралы қол қояды.
Сайлау бюллетеньдерін сайлаушы дауыс беруге арналған кабинада толтырады және оларды толтыру кезінде басқа біреудің қоса кіруіне тыйым салынады. Ал егер сайлаушы өз бетімен бюллетеньдерді толтыруға мүмкіндігі болмаған жағдайда, өзі сенетін адамның көмегін пайдалануға құқылы, оның аты-жөні дауыс бергеннен кейін сайлаушылардың тізіміне тіркеліп, тұсына сайлаушының бюллетень алғандығы туралы қолы қойылады. Алайда бұл сәтте бір ескерер жайт, бюллетеньді өз бетімен толтыруға мүмкіндігі болмаған сайлаушыға бюллетеньді толтыруға сайлау комиссиясының мүшесі, жергілікті өкілді немесе атқарушы органның лауазымды адамы, кандидаттың немесе саяси партияның сенім білдірілген адамы, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі, яғни журналист және тиісті сайлау комиссиясында тіркелген байқаушы қатысуға болмайды. Өйткені олар сайлаудың мәні де, негізі де дауыс беру болып табылатынын естен шығармау керек.
Сайлау таңдау жасаумен қатар азаматтық құқықтық қатынасты жүзеге асыратын мүмкіндік. Еліміздің басты құндылығы адам және оның өмірі, азаматтардың өзін қауіпсіз сезінуі десек, сайлаудың маңыздылығы тіпті арта түседі. Осы жағдайларды есепке ала отырып, жауапкершілікті сезініп, билік сайлауды таза, адал, әділ өткізуге тырысуы керек. Осы тұста жастар белсенділігі де маңызды.
«Таңдау жоқ», «Лайықты саясаткер жоқ», «Менің дауысым ештеңе шешпейді», «Мен дауыс бергім келетін саясаткер тізімде жоқ» деген сенімсіз ойдың жетегінде бей-жай жүретін кезден өттік. Саяси өзгерістер заманында азаматтың қоғамдағы үні басымырақ болуы тиіс.
Алдағы кезектен тыс Президент сайлауына байланысты аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілқайыр Сыздықовтың пікірін білген едік.
– Сайлаушылардың селқостығын саясаттану ғылымында абсентизм дейді. Бұл әлемде бүгін ғана пайда болған жоқ. Америкада да, Еуропада да, біздің елімізде де бар жағдай. «Дауыс беруге бармасаң, сайлаудан қалыс қалсаң, билікке келген саяси күштен ештеңе талап етпе» деген қағида бар саясатта. Жұрттың бәрінің саяси белсенді немесе саясаттанушы болуы мүмкін емес. Әйтсе де халық дауыс беру арқылы да саясатқа араласа алатынын түсіну керек. Өзінің тұрмысын, өмір сүру сапасын, қоршаған ортаның қауіпсіздігін, бала-шағасының болашағын ойлайтын адам міндетті түрде сайлауға қатысып, дауыс береді және саясатты түсінеді деп ойлаймын, – деп ойын жеткізді.
Әрбір азамат сайлауға қатысып, дауыс беруге құқылы. Себебі мемлекеттің дамуы мен болашағы үшін елдегі әр азаматтың президент сайлауына қатысып, өзінің таңдауын жасауы – үлкен жауапкершілік.
Лаура Бибасарова