АЗАМАТТЫҚ СОТ ІСІН ЖҮРГІЗУДЕ ҚҰҚЫҚТАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ
Азаматтық істер бойынша сот төрелігі барлық адамдардың заң мен сот алдындағы теңдігі негізінде жүзеге асырылатыны баршаңызға белгілі.
Азаматтық процесте тараптар болып талап қоюшы мен жауапкер табылады.
Талап қоюшы дегеніміз-өздерінің бұзылған немесе даулы құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғап талап қою берген немесе азаматтық іс жүргізу заңнамасында көзделген тәртіппен өзге де тұлғалар оларды қорғап талап қою берген азаматтар мен заңды тұлғалар.
Ал өздеріне талап қою берілген азаматтар мен заңды тұлғалар жауапкерлер болып табылады.
Мысалы, өзінің отбасын сақтап қалу мүмкін еместігі жайлы шешімге келіп, ажырасуға бел буып, некені бұзу жайлы сотқа талап қоюмен жүгінген тұлға талап қоюшы болып табылса, оның осы талап қойылып отырған жұбайы жауапкер болып табылады. Немесе өзін жұмыстан заңсыз босатылған деп санайтын қызметкер, яғни азамат сотқа жұмысқа қайта орналастыру жайлы талап қоюмен жүгінсе ол талап қоюшы, ал оны жұмыстан босатқан заңды тұлға, яғни жұмыс беруші жауапкер болып табылады.
Азаматтық процестік Кодекстің 46-бабында іске қатысушы тұлғалардың азаматтық сот ісін жүргізу барысындағы құқықтары мен міндеттері көзделген.Мысалы, олар: іс материалдарымен танысуға, олардан үзінді көшірмелер жазып алуға және көшірмелер түсіруге;
қарсылықтар мәлімдеуге;
дәлелдемелерді табыс етуге және оларды зерттеуге қатысуға;
іске қатысатын басқа да тұлғаларға, куәларға, сарапшылар мен мамандарға сұрақтар қоюға;
өтінішхаттар, оның ішінде талап қоюды қамтамасыз ету бойынша шаралар қолдану туралы, дәлелдемелерді қамтамасыз ету бойынша, қосымша дәлелдемелерді талап ету туралы, татуластыру рәсімдерін қолдану туралы өтінішхаттар беруге;
сотқа ауызша және жазбаша түсініктемелер беруге;
сот процесі барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерін келтіруге;
іске қатысатын басқа да адамдардың өтінішхаттары мен дәлелдеріне қарсы болуға;
сот жарыссөздеріне қатысуға;
сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған жазбаша ескертпелер беруге;
соттың шешімдеріне, ұйғарымдары мен қаулыларына шағым жасауға;
Қазақстан Республикасының азаматтық сот ісін жүргізу туралы заңнамасында берілген басқа да процестік құқықтарды пайдалануға құқығы бар.
Олар басқа адамдардың құқықтарын теріс пайдаланбай, олардың мүдделерін бұзбай, өздеріне тиесілі барлық процестік құқықтарды адал пайдалануға тиіс және істерді қарау мен шешу мерзімдерін қасақана созып жіберуге жол бермеуге тиіс.
Жоғарыда көрсетілген құқықтар тізімі түпкілікті болып табылмайды.
Мұнан өзге іске қатысушы тұлғалар қосымша құқықтарға да ие болуы мүмкін. Мысалы, оңайлатылған тәртіппен немесе сырттай шығарылған шешімнің күшін жою жайлы, істі соттылығы бойынша басқа сотқа жіберу жайлы өтінішхаттар келтіру арқылы.
Ал сот іске қатысушы тұлғалардың барлық процестік құқықтарын толық жүзеге асыруына тиісті жағдай жасауы тиіс.
Іс құжаттарымен танысу тек сот отырысында ғана емес, одан тыс кезде де жүзеге асырылуы мүмкін. Іс құжаттарымен танысу барысында іске қатысушы тұлғалар өздерінің жеке басын куәландыратын құжат пен өкілеттігін бекітетін құжатты көрсетуі тиіс. Іске қатысушы тұлғалар өздерінің құқықтарын жүзеге асыру барысында басқа да тұлғалардың құқықтарына құрметпен қарап, азаматтық сот ісін жүргізу заңнамасының талаптарын бұлжытпай орындауы тиіс.
Азаматтық сот ісін жүргізуде тек талап қоюшыға немесе тек жауапкерге берілген құқықтар да бар.
Мысалы, талап қоюшы:
талап қоюдың негізін немесе нысанасын өзгертуге ;
талап қою талаптарының мөлшерін көбейтуге немесе азайтуға;
талап қоюдан бас тартуға құқылы.
Ал, жауапкер:
талап қоюды тануға құқылы.
Енді екі тарапқа да ортақ құқық:
тараптар істі татуласу келісімімен немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісіммен не дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісіммен аяқтай алады.
Сот өз бастамасы бойынша талап қою нысанасын немесе негізін өзгертуге құқылы емес.
Мысалы, талап қоюшы сотқа жауапкерден 1000 000 теңге қарыз ақша өндіру жайлы талап қоюмен жүгінді делік. Осы дау бойынша ақшаның иесі талап қоюшы өзі талап етіп отырған қарыз сомасының мөлшерін азайтып, жауапкерден 500 000 теңге өндіруді сұрауға құқылы. Немесе ол қарыз сомасының мөлшерін ұлғайтып 2 000 000 теңге сұрауы мүмкін. Аталған тұлға егер, жауапкер іс сотта қаралу барысында қарыз сомасын өз еркімен қайтарса, талап қоюынан бас тартуға құқылы. Егер қарыз сомасын өндірудің қажеттілігі жоқ деген шешмге келсе де талабынан бас тартуға құқылы.
Алайда сот талап қоюдан бас тартуды қабылдамас бұрын талап қоюшыға бас тартудың құқықтық салдарын түсіндіреді. Себебі, егер сот талап қоюдан бас тартуды қабылдаған жағдайда іс бойынша іс жүргізу тоқтатылады және осы тараптар арасындағы дәл осы дау бойынша екінші рет сотқа жүгінуге жол берілмейді.
Жауапкер, егер талап қоюшының өзіне қойып отырған талабымен келіссе, ол талап қоюды мойындауға құқылы.
Ал тараптардың дауды бейбіт жолмен реттеуі, яғни татуластыру рәсімдері негізінде келісімге келуі-бұл олардың тең құқығы болып табылады және дауды реттеудің екі тарап үшін де қолайлы, тиімді тәсілі екені белгілі.