№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҰЛТТЫҚ ПАЛАТА КӘСІПКЕРЛЕР ҮШІН ТИІМДІ АЛАҢҒА АЙНАЛДЫ

ҰЛТТЫҚ ПАЛАТА КӘСІПКЕРЛЕР ҮШІН ТИІМДІ АЛАҢҒА АЙНАЛДЫ


Астанада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының V съезі өтті. Жиынға Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев, «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев, ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, мемлекеттік органдар және бизнес қоғамдастық өкілдері қатысты.
Жиынның ашылу рәсімінде Премьер-Министр Б.Сағынтаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді. Мемлекет басшысының құттықтауында биыл құрылғанына бес жыл толған «Атамекен» палатасының осы уақыт ішінде бизнес қауымдастықтың мүддесін қорғайтын тәуелсіз институт ретінде қалыптасқаны аталып өтті. «Ұлттық палата кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді ынтымақтастыққа дәнекер бола білді. «Атамекен» бірлестігі еліміздің тұрақты дамуына өз үлесін қоса береді деп сенемін», делінген құттықтау хатта.
Сонымен қатар Елбасы елдегі бизнесті дамытудың нәтижесінде Doing Business рейтингінде Қазақстанның 36-орынға көтерілгенін, инвестициялық ахуалдың жақсарғанына тоқталды. Сондай-ақ ішкі жалпы өнімнің өсімі 4 пайызды құрап, әлемдік орташа көрсеткіштен асқанын атап өткен. «Инвестициялық жағдайды жақсарту бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Салық және кедендік кодекс жөніндегі жаңа нормалар күшіне енді. Кәсіпкерлікті реттеуге қатысты өзгерістер қабылданды. Онда елдегі бизнес өкілдерінің ұсыныстары барынша ескерілген.
Біздің стратегиялық мақсатымыз – дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу. Ол үшін ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 50 пайызға арттыру қажет. Сонымен қатар төртінші экономикалық революция жағдайында экономиканы жедел жаңғыртып, жаңа технологиялар мен инновацияларды енгізуге бет алдық. Әлеуметтік бастамалар аясында шағын несиелерді қаржыландыру көлемі артып, «Бастау» секілді маңызды жобалар қолға алынды. Осы жылдың өзінде 160 аудан мен 40 шағын қаланы қамтып, 30 мың ауыл тұрғынын кәсіпкерлік негіздеріне оқыту қарастырылған. Алға қойылған барлық мақсат пен міндеттерді жүзеге асыру үшін Үкімет пен «Атамекеннің» жүйелі күш салуы талап етіледі», делінген Елбасының Үндеуінде.
Сонымен қатар Н.Назарбаев «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өзін қазақстандық бизнес-қоғамдастықтың шоғырлануының базалық негізі ретінде дәлелдеп үлгергенін де құттықтау хатында атап өткен.
«Ұйым еліміздің дамуындағы стратегиялық реформаларды жүзеге асырудың тиімді механизмі. Бұл ТМД-дағы отандық кәсіпкерлердің барлығын біріктіретін және заңнамамен бекітілген ауқымды функция мен уәкілеттікке ие жалғыз құрылым. Бұл съезд «Атамекеннің» бес жылдық жұмысын қорытындылауға арналған айтулы оқиғаға айналатынына сенімдімін», делінген Президенттің құттықтау хатында.
Елбасының құттықтауынан кейін Т.Құлыбаев съезді ашық деп жариялады. Сондай-ақ осыдан бес жыл бұрын Мемлекет басшысының «Атамекен» палатасын құру туралы бастаманы қолдағанын атап өтіп, еліміздің барша кәсіпкерлері Елбасына бизнес саласына көрсетіп отырған қолдауы үшін зор алғыс білдіретінін баяндады.
«2012 жылы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында алғаш рет мемлекет пен бизнестің серіктестік қарым-қатынасын берік орнатуға мүмкіндік беретін алаң құрудың қажеттілігі туралы айтқан еді. Бүгінде отандық бизнесті біріктіретін, кәсіпкерлік субъектілерінің құқығы мен заңды мүддесін республикалық және өңірлік деңгейде қорғайтын, азаматтық қоғамның маңызды институты ретінде қалыптасқан Ұлттық палата дәл сондай алаңға айналды», деді Т.Құлыбаев.
Бұдан кейін ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов баяндама жасап, «Атамекен» атқарған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, Ұлттық палатаға төленетін жарна көлемі жылдан-жылға ұлғайып келеді. Міндетті мүшелік жарналардың шектік мөлшері Үкімет тарапынан белгіленген. «Біздің басты бағыттарымыздың бірі – бизнестің мүддесін қорғау. Бес жыл ішінде кәсіпкерлікті қорғау бойынша 23 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Солардың 40 пайыздан астамы оң шешімін тапты. Соның нәтижесінде кәсіпкерлердің меншік құқығы 111,3 миллиард теңгеден астам сомаға қорғалды», деді А.Мырзахметов.
Басқарма төрағасының деректеріне сәйкес, Ұлттық палатаның Бас Прокуратура, Мемлекеттік қызмет істері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттік, Жоғарғы сотпен бірлесе атқарылған жүйелі жұмысының нәтижесінде құқық қорғау органдары тарапынан кәсіпкерлерге жасалатын қысым айтарлықтай азайған. Заңдық тұрғыда бірқатар жеңілдіктер жасалып, рақымшылық шаралары қарастырылған. Соның нәтижесінде 2016-2017 жылдары 400-ден астам кәсіпкер өз жұмысын қайта жалғастырған екен. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен дауларды сотқа дейін реттеу механизмі енгізілді. Қаржы министрлігінің жанынан салық және кеден даулары бойынша апелляциялық комиссия құрылды. Бүгінге дейін салық және кеден тексерулеріне қатысты 157 шағым қаралып, шамамен 40 пайызы кәсіпкерлер пайдасына шешілген.
А.Мырзахметовтің сөзіне сүйенсек, «Атамекен» палатасы ұстанған келесі бағыт – нормативтік актілерді сараптамадан өткізу. Палата құрылғаннан бастап 22 300 нормативті-құқықтық актінің жобасына сараптама жасалып, соның ішінде 434-тен астам заң жобасы қаралған.
«Әрине, бес жыл ішінде біздің жұмысымызда жетістіктермен қатар кемшіліктер де кездескен шығар. Бірақ біз қолымыздан келгенше қамқор болуға тырыстық. Сондықтан сіздердің бағаларыңызды алу, ұсыныстарыңызды есту – біз үшін үлкен мәртебе», деп сөзін қорытындылады ҰКП басқарма төрағасы.
Съездің күн тәртібінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасының атқарған жұмысы бойынша есептер, ҰКП өтпелі кезеңнің аяқталуы Басқарма мүшелерінің өкілеттілігі мерзімін жалғастыру және басқа да мәселелер қаралады.
Сонымен қатар съезд барысында Үкімет пен «Атамекен» арасында өзара қарым-қатынас туралы келісімге қол қойылды. «Ұлттық кәсіпкерлік палатасы туралы» заңның 32-бабына сәйкес, 2018 жылғы 22 шілдеде бесжылдық кезең аяқталады. Осыған байланысты Үкімет «Атамекен» қатысушылары құрамы мен басқару органынан шығады. Соған сәйкес, Премьер-Министр Б.Сағынтаев пен «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Т.Құлыбаев өзара қарым-қатынас туралы келісімге қол қойды.
Б.Сағынтаев «Атамекен» палатасы алғаш құрылғанда түрлі қиындықтар кездескенін, алайда, жүйелі жүргізілген жұмыстың нәтижесінде көптеген шаруа атқарылғанын айтты. Нәтижесінде бүгінде «Атамекен» Үкіметтің тірегіне айналды.
Премьер-Министр Үкімет палатаның басқару органынан шыққанымен, әріптестік жалғаса беретінін мәлімдеді.
Премьер-Министр Үкімет пен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ортақ жоспарлары көп екенін айтты. Басымдыққа ие міндеттердің бірі – кәсіпорындарды цифрландыру және кәсіпкерлікке баулу арқылы халықты жұмыспен қамту.
Б.Сағынтаев «Атамекен» бастамасымен іске асқан «Бастау» жобасының оң нәтижесін атап өтті. Жоба жеке кәсіп ашқысы келетіндер үшін нақты тірек болды, оны Мемлекет басшысы қолдап, шағын несиелеуге қосымша қаражат бөлінді. Осы ретте Үкімет басшысы бақылау-қадағалау функциялары қысқарып, өзін-өзі реттеу енгізілгендіктен, бизнестің жауапкершілігін арттыру қажеттігін атап өтті.
Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Т.Құлыбаев бірлесіп атқарылған жемісті жұмыс үшін Үкімет басшылығына алғыс білдірді. Сондай-ақ өзара іс-қимылдың тетіктері белгіленіп, қыруар шаруа істелгенін атап көрсетті.
«Бес жыл бұрын Мемлекет басшысы әріптестік қарым-қатынас орнату мақсатында бизнес пен билік органдары арасында тиімді диалог алаңын құру туралы тапсырма берген еді. Бүгінде «Атамекен» Қазақстандағы кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау бойынша тиімді диалог және сараптамалық алаң ретінде қалыптасқанын нық сеніммен айта аламын. Біз Парламент және Үкіметпен белсенді жұмыс атқарып келеміз», деді Т.Құлыбаев.
Сонымен қатар жиын барысында еліміздегі кәсіпкерлердің этика және іскерлік әдебі кодексі қабылданды. Құжатқа бизнесмендер этикасының базалық қағидалары енген.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
27 маусым 2018 ж. 964 0