Зейнетақы аннуитеті: үлгілік шарт өзгерді
Соңғы кезде қазақстандықтарға «зейнетақы аннуитеті» деген ұғым таныс болып қалды. Бұл – әрбір жұмыс істейтін адамның бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) қаржыға байланысты айтылатын сөз. Сондықтан аннуитетке байланысты өзгерісті көп адам қалт жібермей оны дұрыс пайдалануға ұмтылуда. Негізінен зейнетақы аннуитеті мерзімінен бұрын зейнетке шығуға қатысты жасалатын төлем.
Зейнетақы аннуитеті – зейнетақы жинағын сақтандыру компаниясына аударып, сол қаражаттың есебінен ай сайын тұрақты төлем алып отыруына мүмкіндік беретін сақтандыру өнімі. Осыған орай биыл 16 қазаннан бастап елімізде зейнетақы аннуитетінің үлгілік шартына өзгерістер енгізіледі деп күтілуде.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) қаражат көздеріне, мұрагерлерге төленетін төлемдерге қатысты талаптарды нақтылады. Яғни төлемдерді кешіктіргені үшін сақтандыру компанияларының жауапкершілігін күшейтті. Бұл жайында Uchet.kz басылымы хабарлаған болатын.
Басылымда айтылғандай, зейнетақы аннуитеті бойынша сақтандыру сыйлықақысы үш бөлек қаражаттан қалыптасады. Яғни басқа сақтандыру ұйымынан аударылатын сатып алу сомасы, БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары мен сақтанушының өз қаражаты. Сақтанушы бір мезгілде сақтандырылған тұлға болып саналады. Ал сақтандыру компаниясы оның пайдасына өмір бойы сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға міндетті.
Сақтанушы немесе сақтандырылған адам қайтыс болған жағдайда сақтандыру компаниясының міндеті бар. Қайтыс болған адамның отбасына немесе жерлеуді ұйымдастырған адамға әрбір сақтанушы үшін айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) кемінде 35 еселенген мөлшерінде (2026 жылы 151 375 теңге) біржолғы төлем жасап береді. Егер сақтандырылған адам көзі тірісінде кепілдендірілген сақтандыру төлемдерін толық көлемде алып үлгермесе, қалған соманы шартта көрсетілген тұлғалар, ал олар болмаған жағдайда мұрагерлер ала алады.
Төлемді алушы қаражатты біржолғы немесе ай сайынғы төлем түрінде алуды өзі таңдайды. Біржолғы төлем мөлшері сақтандыру сыйлықақысын есептеу кезінде қолданылған индекстеу мөлшерлемесі мен кірістің тиімді жылдық пайыздық мөлшерлемесі ескеріле отырып анықталады.
Егер сақтандырылған адам алғашқы ай сайынғы төлемді алмай тұрып қайтыс болса, шартта көрсетілген тұлғаларға немесе мұрагерлерге сатып алу сомасы біржолғы төлем ретінде беріледі.
Сақтандыру компаниясы сақтанушыны сақтандыру төлемдерінің мөлшерін есептеу нәтижелерімен таныстыруға міндетті.
Сақтандыру сыйлықақысы түскен жағдайда компания бұл туралы сақтанушыға қаражат есепшотына түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде хабарлауы керек. Хабарламада аударылған зейнетақы жинақтарының сомасы көрсетіледі.
Егер зейнетақы аннуитеті туралы шарт жаңа сақтандыру ұйымымен жасалса, бұрынғы сақтандыру компаниясы сатып алу сомасын сақтандыру бойынша деректер базасын қалыптастырып, жүргізетін ұйымнан тиісті ақпаратты алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде жаңа сақтандыру компаниясына аударуы тиіс.
Егер сақтандырылған адам сақтандыру төлемдерінің мөлшерін азайтып, қаражатты БЖЗҚ-ға қайтару туралы өтініш берсе, сақтандыру компаниясы тиісті соманы қорға 20 күнтізбелік күн ішінде аударуға міндетті.
Сақтандыру төлемдерін уақытында жүзеге асырмаған жағдайда сақтандыру компаниясы әрбір кешіктірілген күн үшін төленбеген соманың 1,5%-ы мөлшерінде өсімпұл төлеуге міндетті. Бұл ретте өсімпұлдың жалпы мөлшері төленбеген соманың 50%-нан аспауы тиіс.
Сақтанушы өзінің жеке деректері немесе банктік реквизиттері өзгерген жағдайда бұл туралы сақтандыру компаниясына 10 күнтізбелік күн ішінде хабарлауға міндетті. Егер сақтанушы жаңа реквизиттер туралы компанияға хабарламаса, ай сайынғы төлемдер дұрыс деректер ұсынылғанға дейін тоқтатылады.
Шартқа енгізілетін барлық өзгерістер мен толықтырулар тараптар қол қоятын қосымша келісім арқылы рәсімделетінін еске саламыз.
Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ
Фото: ашық дереккөзден




