МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗІ

Ауылдың тынысы – мал. Ал малдың өсімі мен сапасы – елдің ырысы мен берекесінің айнасы. Осы бағытта «AMANAT» партиясы мал шаруашылығын өркендету, оның ішінде мал басын көбейту мен асылдандыру ісін басты назардан тыс қалдырмай келеді.
Бұл бағыттағы жұмыстар тек сөз жүзінде емес, нақты іспен дәлелденуде. Асыл тұқымды мал өсірумен айналысып отырған бірқатар шаруа қожалықтарына арнайы мониторинг жүргізіліп, еңбек адамы – малшылардың ұсыныс-пікірлері мұқият тыңдалды. Өйткені ауылдың шынайы ахуалын білетін – сол жерде маңдай терін төгіп жүрген жандар.
Жүйелі бастама өз жалғасын тауып, Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Жаңақорған ауданындағы «Тұртан ата» шаруа қожалығына арнайы барды. Кездесу барысында шаруалармен емен-жарқын әңгіме өрбіп, саладағы өзекті мәселелер мен мүмкіндіктер кеңінен талқыланды.
Іссапарға Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Тұрабаев Қалдарбек Айдарұлы, “Жаңақорған аудандық ветеринариялық станция” ШЖҚ КМК басшысының орынбасары Нұрхожаев Жомарт Қуанышұлы және «AMANAT» партиясы Жаңақорған аудандық филиалының төрағасы Арман Мажитов қатысып, шаруалардың жұмысына оң бағасын беріп, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Бұл кездесулер – ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған нақты қадамдардың бірі. Мал басын көбейтіп қана қоймай, оның сапасын арттыру – бүгінгі күннің басты талабы. Ал бұл бағыттағы бірлескен жұмыс ел экономикасының нығаюына, ауыл тұрғындарының әл-ауқатының артуына жол ашары сөзсіз.




