Жасанды интеллект: заң жобасының маңызы қандай?
![](/uploads/posts/2025-01/medium/1738128657_zhi.jpg)
ЖИ-дің мүмкіндігі көп болғанымен, одан қауіп-қатер де жоқ емес. Жасанды интеллект саласының реттелмеуі жеке деректердің ұрлануы, алаяқтықтың көбеюі секілді күрделі мәселелерге алып келуі мүмкін. Осы қатерлерді сейілтуге, сонымен қатар жасанды интеллектіні дұрыс бағытта дамыту мақсатында ЖИ туралы заң жобасы қажет. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында атап өтті.
Дүниежүзінде жасанды интеллектіні реттеу мәселесі күн тәртібіне шықты. Қазіргі таңда көптеген ел ЖИ-дің қоғамға тигізер әсерін жан-жақты зерттеп, оны дамыту мен реттеу арасындағы тепе-теңдікті табуға тырысып жатыр. Осы бағытта еліміз де қалыс қалмай, Жасанды интеллект туралы заң әзірлеуді қолға алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні реттеу мәселесін еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы басты міндеттердің бірі ретінде қарастыратынын айтқан. Президенттің пікірінше, ЖИ-ді шектеп қана қоймай, оның даму мүмкіндігін кеңінен пайдалану қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында: «Нейрожүйелердің пайдасы ұшан-теңіз болғанымен, одан туындайтын қатерлер де бар. Мысалы, алаяқтар фотобейнежазбалар жасап, адамның даусын келтіру үшін де соны пайдаланады. Сондықтан көптеген мемлекет жасанды интеллект технологияларының қолданылу аясын заңмен реттеуге кірісті. Біздің депутаттарымыз да жасанды интеллект туралы заң әзірлеу керек деп бастама көтерді. Осы маңызды жұмыспен тиянақты түрде, мұқият айналысу қажет. Жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану қағидаларын жасап, оның этикалық мәселелерін жан-жақты ойластыру керек. Бірақ осы саланы реттегенде жасанды интеллектіні шектеуге емес, керісінше, оны дамыту жағына мән берілуге тиіс. Бұл технологияларды кеңінен қолданысқа енгізу орасан зор мүмкіндіктерге жол ашады. Оны қалт жібермей, игілікке жарату қажет», деді.
Жасанды интеллект саласын реттемесе, ол қауіпті де болуы мүмкін. Сондықтан ЖИ туралы заң қабылдау өте маңызды. Біріншіден, ЖИ жеке деректермен жұмыс істейді. Егер деректер дұрыс қорғалмаса, адамдардың жеке өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төнеді. Екіншіден, ЖИ-дің жұмысында қателіктер болуы мүмкін. Кейбір алгоритмдер әділетсіз шешімдер қабылдап, адамдарға зиянын тигізуі ықтимал. Заң арқылы алгоритмдердің әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз ету керек. Үшіншіден, заң технологияларды тежеуге емес, дамытуға көмектесуге тиіс. ЖИ технологиялары күн сайын дамып жатыр, сондықтан заң икемді болып, жаңа өзгерістерге бейімделуі қажет.
Әлем елдері – АҚШ, Еуроодақ, Қытай – ЖИ саласын заңмен реттеп, оның қауіпсіздігіне ерекше мән беріп отыр. Олар ЖИ-ді дамытып қана қоймай, оны жауапкершілікпен пайдалану жолдарын да зерттеп жатыр. Америка жасанды интеллект саласында жаһандық көшбасшыға айналды. Бұл елде ЖИ-ді дамытуға әрі қолдануға көп мүмкіндік қарастырылған. АҚШ-та жасанды интеллектіні реттеу нақты салаларға бағытталған. Атап айтсақ, деректерді қорғау, этикалық стандарттарды сақтау, алгоритмдердің ашықтығы туралы заңдар қабылданған. Федералдық деңгейде ЖИ-дің қауіпті істерге қолданылуына тосқауыл қоюға жауапкершілік шаралары қарастырылып, жеке сектордың технологияны дамытуды жалғастыруына жағдай жасалып жатыр. АҚШ заңнамасы ЖИ-ді инновацияға қол жеткізудің негізгі тетігі ретінде қарастырып, оның дамуындағы жеке компаниялардың рөлін арттыруға ден қойып отыр. Ал Еуроодақ 2021 жылы «Жасанды интеллект актісін» ұсынды. Онда ЖИ технологияларын қолдану қауіпсіздік деңгейіне қарай топтастырылған. Қауіпсіз технологиялар еркін қолданысқа енгізілсе, қауіпті деп есептелетін бағдарламаларға қатаң шектеулер қойылады. Заңда ЖИ-дің адамның негізгі құқықтарын бұзбауын, деректердің құпиялылығын сақтауды, алгоритмдердің әділдігін қамтамасыз ету міндеттелген. Бұл тәсіл ЖИ технологияларын реттеуде адам құқықтары мен қауіпсіздігіне басымдық береді. Қытай болса, жасанды интеллектіні дамытуда мемлекеттік бақылауды күшейтуге мән береді. Бұл елде ЖИ қолдану саласын нақты реттейтін бірнеше заңнамалық акт қабылданған. Қытай үкіметі ЖИ-ді ұлттық қауіпсіздікті нығайту, қоғамдық тәртіпті қорғау, экономиканы цифрландыру құралы ретінде қарастырады. Сонымен қатар Қытайда алгоритмдердің адам құқықтарына зиян келтірмеуі, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қатаң талаптар енгізілген. ЖИ-дің мемлекеттік және әскери салада қолданылуы да ерекше назарға алынған.
Шетел тәжірибесі көрсеткендей, ЖИ-ді заңмен реттеу кезінде әр ел өзіне тән басымдықтарға сүйенеді. АҚШ инновацияға мүмкіндік беретін икемді заңдарды қолдаса, Еуроодақ ЖИ-дің қауіпсіздігі мен адам құқықтарын қорғауға ерекше назар аударады. Ал Қытай технологияны ұлттық мүдделерді қорғауға пайдаланады.
Елімізде «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, заң жобасы үздік әлемдік тәжірибелерге негізделген. Онда ЖИ технологияларының этикалық қолданылуы, мемлекеттік реттеу, ЖИ нысандарының жіктелуі, стандарттау және мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Қазіргі уақытта заң жобасы мемлекеттік органдармен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен келісілген. Бұл заң ЖИ-ді жауапкершілікпен қолдануды қамтамасыз етіп, оның әлеуетін дамытуға бағытталған. Заң қабылданған соң, ЖИ саласындағы стартаптар мен компанияларға қолайлы жағдай жасалып, отандық технология мүмкіндігі артады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл заңның маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, ЖИ-ді шектеудің орнына оны дамытуға басымдық беру керек. Заңға 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында қол қойылады деп жоспарланып отыр.
«Жасанды интеллект мәселелері бойынша заң жобасы бір топ депутаттардың бастамасымен әзірленді. Оның басты мақсаты – осы саланы реттеу, қолдау және дамыту үшін заңнамалық негіздеме беру. Бұл саланың күн сайын өзгеруін ескере отырып, заң жобасындағы нормаларды жұмсақ әрі икемді болып әзірледік. Әлемнің алпауыт мемлекеттері жасанды интеллектіні дамытуды басты басымдықтар ретінде көріп, барлық күшін оны дамытуға салып отыр. Бірнеше апта бұрын Еуропалық одақ та осы саланы реттеу үшін арнайы заңды қабылдады. Басқа мемлекеттер де тиісті жұмыс жүргізуде. Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні дамытуды тікелей өз бақылауына алғаны да, бұл мәселенің еліміздің бәсекеге қабілеттілігі үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Жасанды интеллект әлемді өзгертеді», деді Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.