№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қазалы ауданының әкімі тағайындалды

Қазалы ауданының әкімі тағайындалды



Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Қазалы ауданында өткен кадрлық өзгерістерге байланысты актив отырысында ауданның жаңадан тағайындалған әкімі таныстырылды.
Алдымен аймақ басшысы ауданның бұрынғы әкімі Мұхтар Оразбаевтың еңбегін атап өтіп, алғыс білдірді.
«Мұхтар Әуесұлы Қазалыда 3 жылға жуық уақыт қызмет жасап, ауданның дамуына сүбелі үлес қосты. Өздеріңізге белгілі, халықтың өмір сүру сапасын арттыруда экономикалық өсім мен тұрақтылық маңызды. Сіздердің қолдауларыңызбен мұнда әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы қалыптасты. Кейінгі жылдары құрылыс жұмыстары қарқын алып, тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған нақты шаралар жүзеге асырылды. Өткен жылы 17 377 га жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмендігіне қарамастан, Қазалы жыл қорытындысымен өнімді өңдеу саласы бойынша «Озат аудан» атанды. Былтырғы жыл қорытындысымен негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 5,9 млрд. теңге, оның 50 пайызы жеке қаражат есебінен тартылған инвестицияны құрайды. Мұхтар Әуесұлының осы кезге дейін атқарған қызметіне алғысымды білдіремін», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.Аудан дамуына қосқан үлесі үшін Мұхтар Оразбаевқа облыстың ең жоғары марапаты – Қызылорда облысының «Құрмет грамотасы» табысталды.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі және Қазалы аудандық мәслихатының келісімдерімен, облыс әкімінің өкімімен Қазалы ауданының әкімі лауазымына Шермағанбет Мейрамбек Зинабдинұлы тағайындалды.
«Мейрамбек Зинабдинұлы – баршаңызға жақсы таныс білікті маман, тәжірибелі басшы. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалымен етене таныс, мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өтіп, басқарушылық лауазымдарда мол тәжірибе жинаған әлеуеті жоғары кадр. Бұған дейін аудан әкімі және екі өңірде облыс әкімінің орынбасары болып, өз жұмысын жоғары кәсіби деңгейде атқарды.
Мейрамбек Зинабдинұлы аудан әкімі ретінде Мемлекет басшысының тапсырмалары мен алға қойған міндеттерді орындауға, халық сенімі мен жауапкершілік жүгін көтеруге білім-білігі мен күш-жігерін арнайды, басталған игі бастамаларды одан әрі дамыту жолында аянбай еңбек етеді деп сенемін, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.Актив отырысында «РЗА» АҚ президенті Самұрат Имандосов, құрылыс саласының ардагері Өмірзақ Түктібаев және аудандық мәслихаттың депутаты Ибадулла Тілеп Мұхтар Оразбаев пен ауданның жаңа әкімі Мейрамбек Шермағанбетті құттықтап, қызметтеріне сәттілік тіледі.
Мейрамбек Зинабдинұлы 1972 жылы Жаңақорған ауданында дүниеге келген.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Тарих», «Экономика», Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетін «Құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген, педагогика ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын 1994 жылы Жаңақорған ауданындағы №239 мектептің тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған. 2001-2016 жылдары Жаңақорған ауданы әкімі аппаратының басшысы, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары, облыстық білім беру, тілдерді дамыту жөніндегі басқармалардың басшысы, Қызылорда облысы бойынша білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы жауапты қызметтерін абыроймен атқарған. 2016-2021 жылдары Ақтөбе облысы Қобда ауданының әкімі, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары кезінде тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуде білікті, тәжірибелі басшы екенін көрсетті. 2022-2023 жылдары Қызылорда облысының білім басқармасының басшысы лауазымында қызмет етті.
2023 жылдың шілде айынан бері Қызылорда облысы әкімінің орынбасары ретінде денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, білім, спорт және туризм салаларын өркендетуге, аймақтың әлеуметтік әлеуетін жетілдіруге зор үлес қосты.
19 ақпан 2024 ж. 224 0