№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әрбір он бесінші бала семіздікке шалдыққан..

Әрбір он бесінші бала семіздікке шалдыққан..


Бүгінде жас-кәрі демей жылдам әзірленетін тағамдарға әуестік басым. Фаст-фуд тағамдары өмірімізді жаулап, аттап басқан әр қадамымызда алдымыздан шығатын болды. Әжеміздің майға мыжып берген наны мен көжесін қорек еткен өзіміздің де осыған аңсарымыз ауып тұратын болды. Ал, балалар мен жасөспірімдерге, чипсылар, кепкен нандар және крекерлер мен қытайдың сан алуан мармеладтары, аты да, заты да түсініксіз сырты жылтыр тіскебасарлар ұнайды. Оларды жегенде сықырлап, еліктіргіш дәмімен көңіл күйді жақсартқандай әсер береді. Бірақ, оның денсаулыққа өте зиян екендігін медициналық зерттеулер дәлелдеді. Олар неге қауіпті? Оларды қолдан әзірлеуге бола ма? Міне, осы сауалдар төңірегінде ізденіп көрген едік.


Еліміздегі әрбір он бесінші бала семіздіктен арыла алмай әлек. Бұл – жасы 8-ден 10 жасқа дейінгі жеткіншектер. Жалпы артық салмақтан қиналып жүрген жасөспірімдердің саны соңғы бес жылда 15 пайызға артқан. «Бұған фастфуд себеп», – дейді мамандар. Иісі мұрын жаратын, тез дайындалған тағаммен жүрек жалғап алуға үлкен-кішінің бәрі құмар. Бұл тағамдардың құрамында дәрумендер болмайды, есесіне колориясы жоғары. Семіздік, гастрит, әлсіздік – фастфудтың нәтижесі болып табылады. Семіздіктен адам бойындағы зат алмасу бұзылып, әр түрлі ауруға шалдығады. Балғындарымыз бұрынғы кездегi жеткіншектермен салыстырғанда табиғи тағамнан алыстап барады. Бұл – бүкiл әлемдiк мәселе. Ғалымдар бүгiнде Орта Азия аймағында дұрыс тамақтанбау салдарынан балалардың 10 пайыздан астамының бойы дұрыс өспегенiн анықтаған. Керiсiнше, семiздiкке шалдыққан балалар көбейген. 2000 жылдан берi семiз балалар саны 80 пайызға артыпты. ЮНИСЕФ зерттеуi бойынша, Орта Азияда 2000-2017 жылдар аралығында бес жасқа дейiнгi семiз бүлдiршiндер саны 1,6 миллионнан 3,2 миллионға көбейген. Аймақ халқын азық-түлiкпен қамтамасыз ету көрсеткiшi артқан сайын семiздiкке шалдыққан балалар да көбейген. Ал, елiмiзде 6-9 жас аралығындағы балалардың 20 пайызы артық салмақтан зардап шегуде. Мектеп оқушыларының тең жартысы күн сайын тәттi жасанды сусындарды iшедi. Қазiргi балалардың үштен екiсi жасанды тағамға тәуелдi. Көбi табиғи сүт, дәндi дақылдарды қаламайды, өйткенi ағзасы жасанды тағамға үйренiп кеткен.
Әп-сәтте даярланатын тамақты балалардың 80 пайызы жейді екен. Яғни, тез дайындалатын хотдог, гамбургер, донер, пица, чикен сынды тағамдарды тұтынғанды құп көреді. Осындай тағамдарды үздіксіз тұтынудың салдарынан оқушылар арасында семіздік, жүрек, жүйке, қаназдық, қан айналым жүйесінің бұзылуы, тыныс алу, ас қорыту мүшелерінің сырқаттануы, құрт ауруы белең алып келеді. Одан бөлек, қытай елінен келетін түрлі кеспелерді жиі қолданғандар кардиометоболиялық қатерге, тіпті инсультқа шалдығуы мүмкін екенін дәрігерлер айтып та, жазып та жүр. Себебі, кеспенің формасын сақтап қалу үшін темекі өнеркәсібі мен антифриз өндірі­сінде қолданылатын пропиленгликоль сұйықтығы қолданылады. Ал кеспенің дәмдеуішіндегі трет-бутилгидрохинон антиоксиданты парфюмерияда, лактар мен шайырды жасап шығаруда қолданылады екен. Бұдан басқа кеспенің құрамында моносодиум глутамат (ол ақ кристалдар түріндегі тағамның дәмін күшейткіштер), натрий және А бисфенолы бар. Тіпті, қытайлық тағамдар ғана емес, олардың пластмассадан жасаған ыдыстары да адам өмiрiне қатер төндiретіні дәлелденген. Өйткенi, меламинi бар ыдысқа салынған тағамыңыз бiр-ақ сәтте уға айналып, ажалыңызға себеп болады. Сондықтан, дүкен, базарларға барғанда, абай болыңыз, ағайын. Ең бастысы, “сақтансаң, сақтаймын” қағидасын жадыңызға түйiп алған жөн секілді.
Иа, айта берсек бұл тізімдерді жалғай беруге болады. Дегенмен, аудандық емхананың иммунолог дәрігері Ботакөз Есенкелдіқызымен тілдесіп , көкейдегі сауалға жауап алған едік.
– Әлбетте, адамзаттың саулығын сақтауда дұрыс тамақтануды жолға қою керек. Дүкендегi сыртында «табиғи» деген жазуы бар шырындар мен жемiс езбелерi де бала денсаулығына аса пайдалы емес. Өйткенi, бұл өнiмдер құтыға құйылмастан бұрын бiрнеше қайтара өңдеу, қайнату процестерiнен өтедi. Ал ұзақ қайнатылған жемiс-көкөнiстер құрамындағы пайдалы элементтердi жоғалтатыны белгiлi. Анасы өзi қолдан әзiрлеген жемiс сығындылары мен ботқаны ешқандай зауыт өнiмi алмастыра алмайды. Адам дұрыс тамақтанбайтын болса, ағзасында дәрумендер жетіспеушілігі пайда болады. Демалыс пен физикалық еңбектің үйлесімі бұзылуы, үнемі депрессия, стресс, нашар ұйқы иммунитетті әлсірете түседі. Қазіргі заманда адам ағзасын әлсірететін факторлар бұрынғыдан көп. Адамдарда қозғалыс азайды, тамақтану дәстүрі бұзылды. Тамақтану сандық және сапалық жағынан ұтымды болуы керек. Саламатты өмір салтын сақтау, физикалық белсенділік, таңғы жаттығу, жүгіру, жаяу жүру, жүзу, серуендеуге мән берген дұрыс. Әсіресе, тез дайындалатын тағамдар мен газдалған сусынды ұлттық сусын қымыз бен шұбатқа айырбастағанда ғана біз иммунитеті мықты, ауруға төтеп беретін ұлтқа айналатынымызды ұқтырды, – дейді иммунолог маман.
Аудандық санитарлық эпидемиологиялық бақы­лау басқармасының маманы Жанар Айдосоваға хабарласып, аудан нарығындағы тағамдардың тек­серуден өткізілу жайын сұрадық.
– 2022 жылы өнімдердің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу аясында аудан көлеміндегі 12 дүкеннен барлығы 204 өнімдері алынып, оның ішінде 9 дүкеннен алынған өнімдердің 17-нен сәйкессіздік анықталған, атап айтқанда: санитарлық-гигиеналық зерттеу қорытындысы бойынша таңбалануы бойын­ша сәйкессіздік 13, микробиологиялық зерттеуден 4 сәйкессіздіктер анықталды. Мемлекеттік сатып алу жұмыстарының нәтижесінде сәйкессіздік анық­талған өнімдерді сатылымнан алу туралы дүкен егелеріне, яғни жеке кәсіпкерлерге ұйғарымдар беріліп, сатылымнан алынды. Ал, 2023 жылға мониторинг жұмыстары жүргізіліп жатыр. Негізі, "Білім беру объектіле­ріне қойылатын санитария­лық-эпидемиология­лық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Рес­публикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-76 бұйрығы бар. Яғни, газдалған, емдік және емдік-асханалық ми­нералдық суды, тәтті алкогольсіз сусындарды, алкогольсіз энергетикалық (сергі­тетін) сусындарды, диффузиялық қойытылған шырындар мен фаст-фудтар, гамбургерлер, ход-догтар, чипсілер, кептірілген нан, қытырлақ нанды, ащы тұздықтар, кетчуптар, ащы дәмдеуіштерді, пастерленбеген сүтті, термиялық өңделмеген сүзбені және қаймақты, генетикалық түрлендірілген шикізаттар және құрамында генетикалық түрлендірілген көздер бар шикізаттарды, йодталмаған тұзды және құрамын­да темір бар витаминдермен, минералдармен байытылмаған (фортификацияланбаған) жоғарғы және бірінші сұрыпты бидай ұнын пайдалануға жол берілмейді, – дейді маман.
Байқап қарасақ, тиісті мамандар жүйелі жұмыс жасап-ақ жатыр. Дейтұрғанымен, алдымызға келген астың құрамына сақ болып, баламыздың аузына салған әрбір түйір тағамға мән беруге өзіміз жауаптымыз.
Мәселен, чипсыға тоқталайық, чипсы жайлы білетініміз, картоптан жасалатын бұл тағамның құрамында бояғыш заттар, көмірсулар, май қосындылары кездеседі. Картоп пайдалы бол­ғанымен чипсы жасау барысында түрлі өзгерістерге ұшырайды. Мәселен, 100 грамм чипсы 510 колорияға тең. Бұл дегеніміз баланың бір күн­дік нормасының жартысы деуге болады. Сол себептен де чипсы семіздік, зат алмасу процесінің бұзылуы, жүрек және аллергиялық ауруларға шалдықтырады. Чипсидың құрамында шын мәнінде қызыл балық, пияз, қаймақ немесе ірімшік бар екен деп сеніп қалмаңыздар. Оның бәрі жасанды химиялық қоспалар ғана. Жасанды дәмдеуіштер аллергия, өкпе және асқазан-ішек жолдарының түрлі ауруларының пайда болуына себеп болуы мүмкін. Оның құрамына дәмді күшейтетін химиялық натрий глутаматы қосылады. Ол кез келген тағамға қажетті дәм бере алады. Ол ми мен ас қорыту жүйесі арасындағы ақпарат алмасу жұмысын бұзады. Ағзаға кері әсерін тигізеді (жүйке тіндерін қоздырады). Ал натрий глутаматы осы тағамға тәуелділікті арттырып, тағамды хош иістендіреді. Міне, соның әсерінен оны қайта-қайта жегің келе беретін күйге ұшыратады
Қоңыр түстi сусынның, яғни «Кока коланың» дәмiмен бала кезден таныспыз. Бөтелке сыртындағы құрамы жазылған қағазына қарасақ: «газдалған су, қант, карамель түсi, кофеин мен дәмдеуiштер бар» деп көрсетедi. Бiрақ, сусынның құрамында тағы бiр «7Х» деген құпия қоспасының бары жиi талқыға салынады. Оны көпшiлiгi бiле бермес. Қолда бар ақпараттарға сүйенсек, белгiсiз заттың мазмұны жазылған ақпарат Джорджия штатына тиiстi Атланта қаласының банкiнде ғана сақтау­лы тұр екен. Ал, бiздiң онымен шаруамыз жоқ. Не болса, ол болсын. Бастысы, «кока-коламызды» iшiп жатырмыз. Дәрiгерлердiң сөзiне сүйенсек, кока-кола әсiресе балалардың баc сүйегiне, ойлау қабiлетiне орасан зор зиян екен. Ал, Америкалық денсаулық сақтау органдары оның рак ауруын туғызуға тiкелей «септiгiн» тигiзетiнiн анықтап отыр. Сусын құрамындағы карамельдiң шын мәнiнде қоңыр қызыл канцерогендердiң қосындысы екенi анықталған. Бұл қосынды бауыр және қалқанша безi рагының өрiс алуына жол ашады. Сондықтан да әрбiр тұтынушы өзiнiң денсаулығына өзi жауапкершiлiкпен қарағанынан басқа амал жоқ дейдi.
Осы тұста, мына жаңалықты оқып көңілім жайланғандай болды. Шымкент қаласындағы «Ладушки» деп аталатын кондитерлiк дүкендер желiсi қымыз бен шұбаттан балмұздақ шығарып, халыққа ұсынып жатыр. Аталмыш дүкеннiң технологы Наиля Махиянованың айтуынша: «Ұлттық тағамдарға деген сұранысты ескерiп, осыдан 2 жыл бұрын қымыз бен шұбаттан балмұздақ дайындауды қолға алдық. Ал бұл балмұздақты нарыққа шығарғанымызға 1 жылдың көлемi болды», – дейдi. Шығарылғанына көп бола қоймаса да, қымыз бен шұбаттан дайындалған балмұздаққа деген сұраныс артып келедi екен. Бүгiнде сауда нарығында ондаған балмұздақтың түрi бар. Айта кетейiк, балмұздақ құрамының 35 пайызы қаймақ, 43-45 пайызы қымыз немесе шұбат, дайындау кезiнде қант ұнтағы мен жұмыртқаның ағы да қосылады. Кондитерлер балмұздақты дайындау барысында ешбiр консервант қолданылмайтынын айтуда. Қазақтың ұлттық сусындары қымыз бен шұбаттан дайындалған балмұздақтың сақталу мерзiмi бiр ай, ал бағасына келсек, бiр келiсi 1980 теңгеден сатылып жатыр екен.

Әсел РЗАЕВА
26 қазан 2023 ж. 329 0