» » Орамалдың бәрі жақсы, үлгісі оның үйлессе

Орамалдың бәрі жақсы, үлгісі оның үйлессе

Орамал – нәзік жан иесінің басындағы байрағы, алтын тәжі. Ақиқатында, сұлулықтың символы, адалдықтың белгісі, келіннің келін, әженің әже екенін білдіретіні сөзсіз. Тіпті ол – жаны нәзік жаратылған болмыс иелерінің басындағы бағы мен бақыты.Орамал кез келген қыз-келіншектің көркіне көрік, әдемілігіне сән қосатын ерекше әшекей екеніне ешкім даула­са қоймас. Ең бастысы, ол сыйлық, кәдесый ретінде маңызды қызмет атқарған. Әлі де солай. Бір қуантарлығы, қазір жас қыз-келіншектердің арасында басына орамал тартып жүру сәнге айналуда. Бұрынғыдай кимешек киіп жүрмесе де, әдемі шарфтар мен «тюр­бандарды» сәнін келістіре тағып ал­ған келіншектерді көргенде сүйсінесің. Ора­малдың төрт бұрышы бар, яғни төрт түлігің сай болып, төрт құбылаң тең болсын деген жақсы ниетпен оны басынан тастамайтын жасы үлкен апа­лар, аналарға ол құп жарасып тұрады. Көпшілігіміз мән бермейтін орамал тағу әдісіне қарай әйелдің қоғамдағы орны мен дәрежесі байқалады екен. Мысалы, жас келіншектер, тұң­ғышын босанған аналар мен немере сүйген әжелердің жаулық тағу әдістері мен байламдары да әртүрлі болған. Орамалдың түстері де үлкен мәнге ие. Мысалы қызыл түс тұрмысқа шықпаған қыз балаларға тиесілі болса, кейбір жерлерде жаңа түскен жас келінге балалы болғанға дейінгі аралықта осы ұнамды келеді.
Орталықтағы «Нұр» базарына ар­найы барып, орамал сататын дүкендер­­ді көріп, көздің жауын-алатын сан алу­­ан жаулықтарды қарап шықтым. Сон­дай бір дүкенге кіріп едім, қаз-қатар тізіл­ген орамалдар мен шарфтардан көз алу мүмкін болмады. Құдды өзге әлемге кіріп кеткендей күй кештім. Ағы, көгі, қызылы, жасылы бәрі-бәрі дүкенге сән беріп тұр. Осындай әдеміліктің ортасында ұзын бойлы, аққұба өңді, жүзінен нұр төгілген келіншек маған орамалдың түрлерін көрсетіп қана қоймай, оның қасиетін де тілге тиек етті. Содан бірден танысып, сұқбаттасып кеттік. Пирматова Дина­ра Абдуллақызы аудандық геникология бөлімінде акушер болып жұмыс жасайды екен. Бұл қосымша табыс көзі. Міне, өзі жан-жақты, нағыз бүгінгі заманның белсенді нәзік жан иесі десек артық болмас
– Балам мектепті бітіргеннен кейін қосымша табыс табудың жолын қарас­тырдым. Анаммен ақылдасып едім, орамал әкеліп сат деді. Ешқандай қарсылық танытпадым. Алғаш қолым­дағы 200 мың теңгемен Шымкент қа­ласына барып, бір пакет орамал әке­ліп бастағанмын. Қазір шүкір, дүкенді кеңейтіп, орамалдың барлық түрін әкеліп жатырмын. Сұраныс өте жоғары. Қазір үлкені де, кішісі де басынан орамал тастамайтын болды ғой. Тіпті, өзімнің тұрақты тұтынушыларым да қалыптасқан. Кейде арнайы тапсырыс та беріп жатады. Өзім орамалдың сән­ге айналғанына қуанамын. Көптеген қыз-келіншектер тойға баратын болса да, көйлегімен үйлестіріп алып кетеді. Сұлулық салонына барып, сағаттап шашымызды бұйралатқанша сол ақшаға әдемі орамал алып таққанымыз жақсы деп жатады. Бұл үлкен қуаныш қой, – дейді Динара Абдуллақызы.
Тіпті, кейіпкеріміз орамал тағудың түрлі әдістерін де меңгеріп алған екен. Әрбір келген жанға кеңесін айтып, қалай тақса үйлесімді көрінетінін де айтып отырады екен. Оны дүкенге келген келіншектердің «Динара маған әдемі тюрбан керек. Сен жақсы білесің ғой» деген сөздерінен аңғардым. Содан мен де орамал тағудың түрлерін сұрадым.
– Қазір орамал тағудың әдісі көп. Беті толықша келген қыздарға кез келген орамал жарасады. Көбіне қыздар реңіне, түсіне қарай таңдайды. Беті сопақ бойжеткендер шаштарын түйіп немесе шашының көлемін үлкейтіп тақса болады. Сосын кекіл түсіріп, тақса да жарасады. Мұндай өмірлік аксессуар шаш үлгісін қажет етпейді. Салонға баратын уақытты үнемдейсіз. Кез кел­ген киімге үйлестіріп таққан орамал сіздің ажарыңызды ашады. Ал, орта жастан асып, немере сүйіп отырған апаларымыз бен самайын ақ шалған әжелеріміздің жалаңбас жүргенін көр­генде ыңғайсызданамын. «Орамал тон болмайды, жол болады» деген сөз­дің астарында орамалдың жолы үл­кен екенін меңзейді. Егер бір-бірімен ренжіскен, араз болған ағайынның арасына ақылгөй аналарымыз кешірім сұрап барғанда басындағы орамалын ортаға тастаған. Екі арада жақсы жол сыйластық қарым қатынас жол болсын деген тағы бір ырым ғой. Осыдан-ақ ақ жаулықтың қадір қасиеті аңғарылып тұр ғой, – дейді ол.
Кәсіптің көзін тапқан келіншек екі адамды жұмыспен қамтыпты. Оның бірі сатушы болса, екіншісі инстаграмда арнайы парақшаны жүргізіп отырады екен. Сондай-ақ, маңдай термен тапқан ақшасынан әлеуметтік жағдайы төмен, жалғызбасты аналарға көмек қолын созып, жаңа оқу жылында балаларға қуаныш сыйлауды әдетке айналдырыпты. Міне, нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жан десек артық болмас.

Әсел КЕҢЕСҚЫЗЫ
14 қаңтар 2023 ж. 280 0