«Омикрон» штамы туралы не білеміз?
Оңтүстік Африкада бастау алған коронавирустың бұл штамы әлемнің өзге де 100-ге жуық елінде анықталды. Олардың қатарында: Гонконг, Белгия, Чехия мемлекеті бар. Бүгінгі күні «омикрон» штамы Нұр-Сұлтан және Алматы қаласында зертханалық жолмен расталды.
Мутацияға ұшыраған вирустың ең бірінші белгісі – тамақтың ауруы мен қышуы және әлсіздік, бастың ауруы (маңдай мен самай бөлігі), тәбеттің, ұйқының бұзылуы. Сондай-ақ науқастарда тамырдың қатты соғуы мен дене қызуының көтерілуі де бар.
Толыққанды симптоматикасы зерттелмеген «омикронның» «дельтаға қарағанда» жұғу қаупі 70 пайызға жоғары. Адам ағзасында 70 есе тез көбейеді. Өлім-жітім көрсеткіші жоғары болмағанымен, көпшілік жағдайда вирус тудыратын ауыр зардаптарымен қауіпті. Яғни «омикронмен» ауырған адамда тромбоз, инфаркт, инсультке шалдығу, мүгедектік халге түсу тәуекелі өте жоғары болады.
«Омикрон» штамының таралуына байланысты карантиндік шаралар қайта күшейтілді. Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқарма басшысы Шынар Айдарова:
– Өз қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету әрқайсымыздың сақтық шараларын ұстану деңгейімізге байланысты. Осы ретте ревакцинация эпидемияны жеңудегі бірден-бір құрал болып табылады. Сондықтан азаматтық жауапкершілік танытып, ұжымдық иммунитетке қол жеткізудің қамын жасауымыз керек. Сондай-ақ әлеуметтік байланыстарды шектеп, вирустың таралу қаупін азайтуға күш салу керек. Cебебі ауру жұқтыру көбіне тығыз байланыста болатын жерлерде, желдетуі нашар бөлмелерде арта түседі – дейді.
Жаңақорған ауданы бойынша жыл басынан бері коронавирус жұқтырғандар саны 208 адамды құрайды. Күннен-күнге вирус жұқтырушылар қатары көбеюде. Бір күнде 20-30 адамға таралуда. Бүгінде жұқпалы аурулар орталығында 21 науқас ем алуда.
Мамандар вирустың жаңа толқынынан aман өту үшін эпидемияға қaрсы іс-шараларды қатаң ұстaнып, әлеуметтік қашықтықты сaқтау, қоғамдық орындарда үнемі бетперде тағу, қол жуу, көз бен мұрынның шырышты қaбығына қол тигізбеу, адамдар көп шоғырланған орындaрға бармауға кеңес береді. Бұл вирусты жұқтырған адам көп мөлшерде сұйықтық ішуі тиіс. Ал дене қызуы көтерілгенде ересектер парацетамол, балаларға ибуфен беру керек. Тамақ пен мұрынның шырышты қабатын үнемі шайып құрғап кетуінен сақтану керек. Жөтел пайда болғанда дәрігер берген препараттарды пайдаланып, үй ауасының қалыптылығы үшін ылғалдату жұмыстарын жүргізіп отыруға кеңес береміз.
Рауза ӘЗІЛХАН