» » Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде сақтап қалды

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде сақтап қалды



Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды ҚР Ұлттық Банкінің баспасөз қызметі.   Сарапшылар айтқандай, кейбір елдерде инфляцияның баяулауына қарамастан жаһандық инфляцияның қысымы әлі де жоғары болып тұр. Қазақстанда жылдық және айлық инфляция, біз күткендей, наурыз айында төмендегенін көрсетті.  
Инфляциялық процестердің баяулай бастағанына қарамастан, инфляцияның орнықты және тұрақты төмендеу тренді туралы айтуға әлі ерте. Тұрақсыз инфляциялық күтулер, мемлекеттік шығыстардың ұлғаюы, жанар-жағармай және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық нарығында уақыты келген реформалар түріндегі проинфляциялық факторлар сақталып және іске асырыла бастады", - деп атап өтті Ұлттық Банк.   Факторлардың жиынтық балансы ортамерзімді келешекте инфляцияны төмендету үшін 2023 жылдың бірінші жартысында базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейде ұстап тұру қажеттігі туралы бұрынғы коммуникацияны қолдап отыр. Базалық мөлшерлеме бойынша бұдан кейінгі шешімдер 2023 жылғы мамырдағы жаңартылған болжамда жаңа деректерге, оның ішінде, жанар-жағармай мен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық нарығындағы реформалардың параметріне байланысты болады.   Инфляция баяулай бастады және болжам траекториясына сәйкес келеді. 2023 жылдың наурыз айында жылдық инфляция өткен жылғы жоғары базаның есептен шығуынан күтілгендей 18,1%-ға дейін төмендеді. Сонымен қатар, инфляцияның баяулауы ақпандағы реттелетін қызметтер тарифінің және оңтүстік өңірлерде егіннің жойылып, үсікке тап болуына байланысты жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері бағасының өсуімен, сондай-ақ жоғары сұраныс жағдайында көлік қызметі құнының өсуімен шектелді. 2023 жылғы ақпанда айлық инфляцияның төмендеу динамикасы тоқтағаннан кейін (а/а 1,3%) наурызда 0,9%-ға дейін одан әрі төмендегенін көрсетті. Дегенмен, ол тарихи орташа деңгейден (2017-2021жж. наурызда 0,6%) жоғары қалыптасуын жалғастырып келеді", - дейді мамандар.   Инфляцияның орнықты бөлігі де баяулауды көрсеткенімен, проинфляциялық ортаның сақталуын дәлелдеп, әлі де жоғары қалпында қалып отыр.   Қаңтар-ақпан айларында инфляциялық күтулер төмендегеннен кейін қайтадан жеделдеді. Наурызда бір жылдан кейін күтілетін инфляция респонденттер тарапынан 16,5% деңгейінде бағаланды (ақпанда - 14,2%). Инфляциялық күтулердің факторларына - азық-түлік бағасының өзгеруі, сыртқы оқиғалар, теңге бағамының өзгеруі, сондай-ақ жалақы мен зейнетақының өсуі жатады.   Сыртқы инфляция баяулағанына қарамастан жоғары қалпында қалып отыр. Азық-түліктің әлемдік бағасы үздіксіз төмендеп келеді, бірақ, әлі де соңғы бес жылдағы орташа мәндерден жоғары қалыптасады. АҚШ-та және ЕО елдерінде азық-түлік пен қызметтердің жоғары бағасы тұтынушылық инфляцияны жоғары мәндерде ұстап тұруын жалғастыруда. АҚШ ФРЖ мен ЕОБ риторикасы банк секторында туындаған қиындықтарға қарамастан мейлінше қатал күйінде қалды. Сонымен қатар ЕОБ-тың пайымдауынша, инфляция әлі ұзақ уақыт бойы жоғары қалпын сақтап қалады. Әлемдік рецессия күтуін күшейткен АҚШ пен Еуропаның банк секторындағы қиындықтардың салдарынан және шикізатқа сұраныс мейлінше төмен болуына орай 2023 жылы мұнайдың бағасы базалық сценарий бойынша белгіленген орташа есеппен 1 баррель үшін 88 АҚШ доллары деңгейінен төмен қалыптасып отыр. Дегенмен, биыл ОПЕК+ құрамына кіретін елдердің мұнай өндіруді жоспарлы түрде қысқартуы, санкцияларға байланысты Ресейдегі төмен мұнай өндірісі, сондай-ақ, Қытай шекарасы ашылғаннан кейінгі қалпына келу үрдісі қолдау көрсетеді.   Проинфляциялық тәуекелдер сақталып, ішінара жүзеге аса бастады. Құбылмалы инфляциялық күтулер елдегі проинфляциялық ортаның жоғарылағанын көрсетеді.   Реттелетін тауарлар мен қызметтер бағасының өсуі салдарынан инфляцияның ықтимал жеделдеу тәуекелі сақталып, ішінара жүзеге аса бастады. Сонымен бірге республикалық бюджет шығыстарын елеулі түрде қайта қарау және бюджеттік қағиданы пайдалануды уақытша тоқтату - белгісіздікті туындатып, тәуекелдер балансын проинфляциялық жағына ығыстырады. Жанар-жағармайға және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықтың реттелетін қызметтеріне бағаның өсуіне байланысты инфляциялық тәуекелдерге қарамастан реформалардың уақыты келіп, олар орта және ұзақмерзімді келешекте экономикада жинақталған теңгерімсіздікті төмендетуге бағытталған", - деп түсіндірді баспасөз қызметі.   Осы жағдайларға байланысты, Ұлттық Банк 2023 жылдың бірінші жартысында базалық мөлшерлемені қазіргі мәнде сақтап қалуды орынды көреді. Бұл еліміздегі инфляциялық процестердің біршама бәсеңдей түсуіне қолдау көрсетеді, бюджет шығыстарының өсуін реттеуге және инфляциялық күтулердің жоғары деңгейде тұрақталуына жол бермеуге мүмкіндік береді.
09 сәуір 2023 ж. 724 0