Шавқат жеңіске жетті
Кеше АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында аралас жекпе-жектен UFC промоушенінің кезекті турнирі өтті. Аталған жарыстың басты бәсекелерінің бірінде күні бүгінге дейін жеңілістің кермек дәмін татпаған қазақтың қайсар ұлы Шавқат Рахмонов жартылай орта салмақтағы үздіктер тізімінде тоғызыншы орында тұрған АҚШ-тың белді спортшысы Нил Мэгнимен айқасты
Бүгінгі таңда біздің ғана емес, барша шетелдік БАҚ өкілдері жарыса мақтап жатқан Шавқат Рахмонов бұл жолы да қазақ жанкүйерлерін қуаныш пен шаттыққа бөледі. Барлығы 34 бәсеке өткізіп, 26 мәрте жеңіске жеткен 35 жастағы Нил Мэгни қандасымызға лайықты қарсылық көрсете алмады. Бәсеке басталған бетте тізгінді қолына алған Шавқат оған бірнеше ауыр соққысын дарытты. Нил үзіліске дейін шыдады. Екінші раундта да дәл сол жағдай қайталанды. Десек те бұл жолы қазақ спортшысы бәсекені ұзаққа созбады. Үзіліске үш секунд қалғанда Рахмонов Мэгниді қылқындырып тастады. Осылайша, Шавқат өзінің 16-шы жеңісіне қол жеткізді.
Сол жарыста жеңіл салмақтағы Сергей Морозов та (17-5) октагонға шықты. Биыл жазда 33 жасқа толғалы отырған ол UFC-дегі үш бәсекенің екеуінде қарсыластарына жол берді. Енді жерлесіміздің жеңілуге қақы жоқ еді. Осы жолы Морозов Раулиан Пайвамен (21-4) күш сынасты. 26 жастағы Бразилия өкілінің осыдан екі жыл бұрын біздің Жалғас Жұмағұловты ұпай санымен ұтқаны есімізде. Өзінің командалық әріптесі жіберген есені Сергей қайтарды. Алғашқы раундта бразилиялықтың басымдығы байқалғанымен, одан кейін Морозов тізгінді қолға алып, ұпай санымен жеңіске жетті.
Сонымен қатар Лас-Вегаста жартылай жеңіл салмақтағы Сайран Нұрданбек те (37-10) сайысқа шықты. Қытайда туып-өскен қандасымыз америкалық Ти Джей Браунмен (16-8) күш сынасты. Өте тартысты өткен жекпе-жек Сайранның пайдасына шешілді.