Нью - Йорк сапары: экономикалық серіктестікке дем береді.
Апта басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясына қатысу үшін арнайы Нью-Йоркке жұмыс сапарымен барды. Сондайақ, Президент сапар аясында JPMorgan Chase & Co, Citi, Goldman Sachs, NASDAQ секілді жаһандық қаржы институттарының басшыларымен кездесіп, экономикалық серіктестікті нығайту, инвестиция көлемін арттыру бойынша тың талқылаулар жасады. Сонымен қатар, Boeing, ExxonMobil, General Electrics, Wabtec, Microsoft сияқты трансұлттық компаниялардың жетекшілерімен, сарапшылар тобының өкілдерімен де жүздесті.
Алдымен Президент америкалық қаржыгерлерге Қазақстандағы ауқымды саяси және экономикалық реформалар туралы мәлімет берді. Мемлекет басшысы бұл маңызды өзгерістердің қаржы-экономика секторына ықпалы тұрғысынан мәні зор екенін жеткізді. «Бизнес пен қаржы институттары үшін бұл нені білдіреді? Бұл нарыққа шығу жолын кеңейту мен ашықтықты қаматамасыз ету. Жалпы, жеке сектор мен халықаралық серіктестер үшін жаңа мүмкіндіктер ашу дегенді білдіреді», деді Президент.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың маңызды секторларында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы Қазақстанның мүмкіндіктеріне назар аударды. Мемлекет басшысы өз сөзінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әлауқат қорымен ынтымақтастықтың перспективаларына тоқталды. Президент Қордың активтерін жекешелендіруге байланысты жаңа мүмкіндіктер ашылатынын атап өтті.
Мемлекет басшысы жаһандық қаржы институттарының жетекшілерімен кездесті. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика, жасыл экономика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы салаларындағы еліміздің зор әлеуетіне, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығында жасалған қолайлы жағдайға назар аударды.
Бүгінде Қазақстан ауыл шаруашылығы саласында тың серпін байқалады. Оның ішінде, Сыр өңірінің өнімінде өркендеу бар. Бүгінде Сыр елінің ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 20 мемлекетіне экспортталуда. Экспортталған өнімнің 91,8 пайызы облыстың негізгі дақылы, яғни Сырдың бренді күріш өнімі екен. Бұл өнім Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Моңғол мемлекеті, Тәжікстан, Түркмения, Украина, Грузия, Литва, Түркия және Ирак мемлекетіне жөнелтілуде. Сол секілді экспорт көлемін көбейтуді меже етіп, әртараптандыру бағытына басымдық бере бастадық. Жалпы, биылғы жылы 188,5 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылса, оның ішінде дәнді дақылдар – 91,7 мың гектарды, майлы дақылдар – 5,9 мың гектарды, мал азықтық дақылдар – 71,3 мың гектарды, картоп, көкөніс, бақша – 19,6 мың гектарды, негізгі дақыл күріштің көлемі 78,6 мың гектарды құрады. Бір сөззбен айтқанда, аграрлы салада даму басым.
Кездесу соңында Президент Қазақстан Үкіметі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда америкалық іскер топтарға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Яғни, жаңа жобалар мен байыпты бастамаларға нақты қадаммен келген инвесторларға Қазақстанның есігі ашық.
Айта кететіні, Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі жаһандық саммитке қатысатын болады. Ондағы мақсат – бүгінгі нарық жүйесінің, сауда интеграицясының әлеуеті сарапталады.