№30 (8741) 16

16 сәуір 2024 ж.

№29 (8740) 13

13 сәуір 2024 ж.

№28 (8739) 9

09 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » » Туризмді табыс көзіне қалай айналдырамыз?

Туризмді табыс көзіне қалай айналдырамыз?


Бала кезімде Ұлы Жібек жолының үстімен ары-бері өткен сайын алыстан көз тартатын Сауран қаласына қызыға қарайтынмын. Көне қаланың тарихымен танысып, топырағын қолыммен ұстағым келетін. Таяуда жолым түсіп, арнайы ат басын тіредім. Алған әсерімді сөзбен жеткізу қиын. Дегенмен түйген ойларымды ортаға салғым келеді.
Түркияға баруға құмармыз. Иранға да ат басын бұратындар көп. Неге? Тарихи орындарын көруге құштарлық бар. Бізде де көне заманның өркениетінің орталығы болған, тұлабойы тарихқа тұнған орындар бар. Бірақ соны кәдеге жарата алмай отырмыз. Сауранда ең бірінші ойға келгені осы.


Расында туризммен қазынасын қампайтып отырған елдер аз емес. Таиланд, Дубай, Египет сынды елдердің негізгі табыс көзі – туризм. Бүгінде коронавирус кедергі келтірді демесеңіз. Бірақ вирус уақытша болатыны анық. Ертең-ақ әлем есін жиып, барыс-келіс қалпына келіп, туризм саласына қан жүгіреді. Сондай кезде өзіміздің потенциалымызды пайдалана алсақ игі.
Өңіріміз тұмса табиғатымен тар­тымды. Оның үстіне, тарихи орындар жеткілікті. Ұлы Дала өркениетінің орталығы болған Сығанақ шаһарының өзі неге тұрады? Одан бөлек, Сырдың бойындағы Өзгент, Аққорған, Құмиян және т.б шаһарлар бар. Алайда онда жету қиынның қиыны. Сондықтан туристік маршруттар өңірдегі көрікті жерлерді аралатуға құлықсыз. Бұған дәлел ресми тіркелген 600-ден астам туристік агенттіктердің 85 пайыздан астамы туристерді шетелге тасымалдаумен ғана айналысады. Ал, бізде инфрақұрылым жетілмеген, сервистік қызмет нашар.
Енді көпшілік көргісі келетін қасиетті нысандарды саралап көрейікші. Әрине Сығанақ шаһарын бірінші орынға қояр едік. Сосын Көккесене, Қатынқамал, Таңбалы тасты айтуға болады. Сондай-ақ, Хорасан ата, Төлегетай-Қылышты, Қылауыз ата кесенесі мен Ақтас мешітінің тарихи мәні тереңде. Осы ізбен туристік маршут құрса қандай жақсы болар еді? Оған себеп те бар. «Жаңақорған шипажайына» келетінде қонақтарды сенбі, жексенбі күндері тасымалдауға әбден болады. Бізде маршруттың жоқтығынан, екінші жағынан, тарихи орындарда жеткілікті деңгейде археологиялық қазба жұмыстарының жүргізілмеуі себепті әлі танылмай жатыр.
2015 жылы Қырымбек Көшербаевтың ықпалымен «Әбдіғаппар-Төлегетай-Қорасан ата» автомобиль жолы орташа жөндеуден өткізілді. Оған қоса, Хорасан ата кесенесінің басында 12 адамдық қонақ үй салынды. Ақтасқа дейін де асфальт жол бар. Сығанақ пен Сауран қаласы күре жолдың бойында. Тек осы бағытта маршрут ұйымдастыру тәуекелі жетпей тұрғандай.
Бүгінде Ақтасқа елдің түкпір-түкпірінен еміне шипа іздеп келушілер көп. Осында бес жылдан бері қатынап, емдік суынан дертіне шипа тауып жүрген келушінің бірі Кеңесұлы Ерсайын өз ойымен бөлісті: «Егер өзімді жайсыз сезінсем Ақтастың жылы суына шомылуға келемін. Бір түскеннен-ақ тұла бойым жадырап, өн бойыма қан жүріп, өзімді жақсы сезінемін» дейді.
Айта кететіні, ауданда туризм саласы бойынша 14 субьект тіркелген. Олар: үш шипажай, екі балалар лагері, алты қонақ үй, үш демалыс орны, бес жол бойы қызмет көрсету кешені. Бұл деректі аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Қаржыбек Бүркітбаев айтты.
Туризм дамуының бірден-бір жолы – қонақ үй бизнесін дамытып, халықаралық брондау жүйесіне көшу, әрі қонақ үйлерде онлайн төлем жүйесінің (POS-терминалдар) қарастырылғаны жөн. Халықаралық стандарттарға сай болуы маңызды мәселе.
Жылына «Жаңақорған шипажайы» АҚ 14 мыңнан аса адамға қызмет көрсететіні көңілді қуантады. Демалушылар үшін барлық жағдай жасалған. Негізгі емі – «Теріскен» көлінің табиғи батпағы мен тұзды суы. Тіпті алыс-жақын шетелдерге жақсы танылған. Бұл бағыт та сауықтыру туризмін дамытуда таптырмайтын жоба.
Сондай-ақ ұлттық дәстүрлер мен мәдени мұраны кеңінен танымал ету мақсатында этноауыл құрып, экотуризмді дамытып, табиғат аясында балық аулау, атпен серуендеу, қымыз-шұбат ішіп демалатын маусымдық демалыс орнын ашу перспективалы жоба. Осы бағытта Ақүйік өзені бойынан этноауыл құрсам деп жүрген кәсіпкер бар. Ол – Нұрболат Аширов. Оның бұл бизнесіне жолдың сапасыз болуы қолбайлау болып тұр.
– Қаратаудың қойнауының табиғаты тұнып тұр. Тау-тасының сыры тереңде. Өзені қандай десеңші?! Адамдар рухани демалып, серігіп қалады. Сондықтан этноауыл құрып, демалушыларға жағдай жасасам деген ой бар. Бұған толық мүмкіндік те бар. Себебі жаз мезгілінде Ақүйік өзенінің бойында арысы Қызылорда қаласынан, берісі Шиелі, Жаңақорған ауданының тұрғындары келіп демалады. Кейде өзен жағасынан орын таппай қаласыз. Келушілерге сервистік қызмет көрсетіп, табыс табуға болады. Алайда жол мәселесі мен электр жүйесі оңтайлы шешімін таппағаны қиындық туғызады, – дейді кәсіпкер.
Одан бөлек Жаңарық ауылынан Орынбасар Абдықалықов 4×18 метр бассейін салып, онда балық өсіруді жолға қойды. Жайылма ауылынан Жиделі су қоймасы маңынан жеке кәсіпкер Сәбит Бимашов жеке қаражаты есебінен балық аулап, қымыз-шұбат ішіп демалатын маусымдық демалыс орнын табиғат аясында салды. Олардың бизнесін әрі қарай дамытуда қаржылай қолдау болса игі...
Аудандағы туристік бағытты бағ­дарлап, дамытуға болатын саланы сараладық. Сонымен бастапқы сұра­ғымызға жауап берейік. Туризмді табыс көзіне қалай айналдырамыз?
Біріншіден, сервистік қызмет көрсету – қонақ үй қызметі, такси қызметін жетілдіру керек.
Екіншіден, тарихи жерлердің инфра­құрылымы – жол мәселесі, интернет желісі, жарық жүргізу және т.б шешу керек.
Үшіншіден, қысқаметражды фильм­дер, фотоальбомдар және т.б насихаттау керек.
Осы үш мәселе шешілсе, туризмді табыс өзіне айналдыруға болады. Ол үшін бұған мемлекеттік деңгейде мән беру керек-ақ...

Әсел РЗАЕВА
17 қазан 2020 ж. 573 0