Су – өзекті мәселе

Биылғы құрғақшылық шаруаларға ауыр тиді. Жығылғанға жұдырық болып Сырдың деңгейі төмендеп кетті. Қазір аяқ су мәселесі Жаңақорған кентінде де өзекті. Аптап ыстықта көпшілік қора-жайдағы егістігі мен төрт түлігіне су жеткізе алмай қиналады. Қажеттілікті ауыз суды пайдалану арқылы шешеді. Ал ауызсу желісі толық іске қосылған жоқ. Жыл өткен сайын аудан орталығындағы халық саны артып, әкімшілік аумағы кеңейіп келеді. Демек су жетіспеушілігі алдағы уақытта өзекті мәселеге айналары анық. Мұны аудан басшылары жақсы түсенеді әрі облыстық, республикалық деңгейдегі басшыларға мәселені ашық айтып, шешуге дем беруді ұсынып келеді. Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы халықшыл істерге мұрындық болып жүретінін жақсы білеміз. Ол жауапты министрлік мамандарын шақыртып, өткен сенбіде аудан әкімдігінде бас қосып, алқалы жиын өтуіне түрткі болды.
«Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырамын». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай нақты міндет қойды. Өйткені 2030 жылға қарай әлемдегі су тапшылығы 40 пайызға жететінін мамандар айтып, дабыл қағуда. Осының алдын алып, су мәселесін ертерек ретке келтіру өте маңызды.
Жиында көтерілген екі мәселе – бірі жер асты суының игілігін тұрғындар көру қажеттілігі болса, екінші, ауыз су жүйесінің екінші желісінің салынуын тездету.
Жиынды аудан әкімі Руслан Рүстемов ашып, аудандағы атқарылған жұмыстар мен негізгі мәселеге қысқаша тоқталды.
– Аудандық бюджет есебінен өткен жылы 4 елді мекенге ауыз су жүйесін жаңғыртуға жоба-сметалық құжат әзірленді. Биыл Төменарық, Екпінді, Сунақта ауылдық округіне Ұлттық қордан 808 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыс жүргізілуде. Одан бөлек, тағы Қожамберді, Сүттіқұдық, Жайылма елді мекенінде ауыз судың сервистік желісін қайта жаңғырту үшін жоба-сметалық құжат әзірленуде. Жаңақорған кентінде ауыз су сервистік желісі аяқталып, іске қосылуға да жақын. Бірақ, бұл мәселені толық шеше алады деуге келмейді, сондықтан бүгінгі жиында осы төңірегінде талқыланатын болады, – деді аудан басшысы.
Алдымен аудандағы су құрылысының барысын, өзекті мәселелер жайлы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Сапарбаев қысқаша түсініктеме берді.
– Ауданда 35 елді мекен болса, оның 32-і орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылды. Жиделі топтық су құбыры арқылы кент тұрғындарының 40 пайызы ғана таза суды тұтынуда. Ал, мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асқан жоба арқылы 5400 абонемент ауыз сумен қамтылу керек бола, қазір 3000-ға жуық тұрғын үй су жүйесіне қосылды. Бірақ, бұл алдағы уақытта толықтай мәселені шешеді деген сөз емес... – деді бөлім басшысы.
Қайрат Әбдірахманұлының ұсынысы «Шалқия ЦИНК» ЛТД АҚ теңгеріміндегі су жүйесінен мамыр, маусым, шілде, тамыз айында уақытша суды пайдалану. Алдағы уақытта «Жиделі» топтық су құбырынан екінші желі тартылып, су желісінің құрылысы толық аяқталғанша «Алтыкрант» аумағының суын пайдалануға әбден болады.
Бұл бойынша сәуір айында меморандумға отырғанын, алайда өндіріс орнының басшылығы рұқсат бермегенін алға тартты. Көтерілген мәселе бойынша «Шалқия ЦИНК» ЛТД АҚ-ның құқықтық-сүйемелдеу бөлімінің басшысы Сағи жауап берді.
– Бірінші мәселе – меморандумдағы келісім бойынша заңдылық көтермеді, яғни қате шықты. Екіншісі – біздегі суды «Арал» ОДСП мекемесі халыққа сата алмайды, яғни тұрғындар тұтына алмайды. Өйткені, ертең жергілікті жұрт уланып немесе ауруға душар болса біз кінәлі боламыз. Үшіншісі – біздегі объектілердің пайдаланылмай тұрған себебі «Монолит дизаин» ЖШС мемлекеттік сатып алу конкурсында жеңімпаз болып, кенттегі су қоймаларын (водозавор) салу тиіс. Алайда бұл компания шартта көрсетілген жұмысты орындамай, тастап кетті. Біз олармен соттасудамыз. Егер суды пайдалануға берсек, онда біз жауапсыз мекемеден сотта ұтыламыз, – деді ол.
Ел ағасы Алшынбай Тұртанов жер астындағы тұщы су, яғни көл барын дәлелмен айтты. Су – халықтың байлығы, оны халық пайдаланбаса онда оның не керегі бар деген құрылыс саласының ардагері:
– Қазір әлем халқы судан тапшылық көріп жатқаны белгілі. Ал, біздің аудан тұрғындары судың үстінде тіршілік етуде. Кенттің 40 пайызы ғана таза суды тұтынып отырса, қалғанының суы жарамсыз күйде. Әрине, зауыт, өндіріс орны біздің елге керек, бірақ бірінші кезекте жергілікті жұрттың әлеуметтік жағдайын ойлауымыз керек. Осынша байлығы бар Жаңақорған жұрты неге бір суға зар, біздің сұрайтынымыз төрт айда 12 мың куб алу. Қалғанында шаруамыз жоқ, онсызда мемлекет қаржысынан осы зауытқа қаншама қаржы құйылуда, ол қайда кетуде? Бұған біз араласпаймыз, – деді.
Өте орынды, келесі кезекте екінші мәселеге көшті. «Арал» салынып жатқан кәсіпорындардың бірлескен дирекциясы» филиалының директоры Алтынбек Есенов бүгінгі жағдайға қысқаша тоқталды. Аудан орталығына қанша куб су келуде, келешекте қалай болатынын меже-межемен түсінірді. Ең бастысы, екінші желіге бөлінген 800 млн теңгені келесі жылы игерудің маңызын айтты. Ал, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Ерлан Жоламанов:
– Біздегі басты мәселе – бастаған іс уақытылы тапсырылмайды, мәселен, Талап-Сырдария топтық су құбыры 2014 жылы басталғанымен әлі толық пайдалануға берілмеді. Оның құрылысына күмәнмен қарап отырмыз, тіпті, субсидиясы да шешілмеді. Оның үстіне, аяқ суға басқа, ауыз суға бөлек мекеме жауапты. Көбіне ауылдың саны мен көлеміне назар аударып жатамыз, бұл дұрыс емес, халық санымен өлшенуі керек. Өйткені, жыл сайын демографияда өсім жоғары. Сондықтан әлі де бір жүйеге келе алмай отырмыз, – деп уәжін айтты.
Жиында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитеті «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК бас директорының орынбасары Ерболат Беркінбаев пен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істер комитеті төрағасының орынбасары Бейбіт Шаханов та өз қызметтегі құзырларын сөз етті.
Аудандық мәслихат депутаттары Мәжит Балқожаев, Бақытжан Төлегенов, Нұрлат Байгенже, Серік Мырзахметов аяқ су мәселесі өзектенгенін, мұны тиімді шешу жолын қарастырмаса халықтың әлеуметтік жағдайына әсер ететінін айтты.
Ал, жиынды қорытындылаған Мұрат Бақтиярұлы ауыз суды өндіріске пайдалану қылмыс екенін айтты.
– Егер Жаңақорған жеріндегі жер асты су таза ауыз су болса, онда оны құрылысқа немесе өндірісіке пайдалануға мүлде болмайды. Өйткені, су тапшылығы сезіле бастады, алдағы он жылдықта не болары белгісіз. Сонда біз осы ауыз суды қажетімізге жаратуымыз керек. 14 ұңғыманы жаз айында неге тұрғындар пайдаланбасқа. Өндіріске қажетті суды дариядан алуы тиіс. Бұл тәжірибені «СКЗ-U» ЖШС қолданып, арнайы құбырлар арқылы тартып, пайдалануда. Ал екінші желіні қосуға келесі жылы жұмыс істейміз. Соңғы мәселе – тарифке байланысты. Бізге тарифті көтермей, келешекке нақты бағдар түзей алмаймыз. Бір күнде 1 адамға 140 литр су пайдалануға берілген, бұл тым көп. Сондықтан, ауыз су мен аяқ су тарифін көтеріп, құнын арттыруымыз керек, – деді.
Сенат депутаты арнайы келіп, аяқ және ауыз су мәселесінің ұтымды шешілуіне араласуы мәселенің өзектелігінен хабар берді. Ендігі жерде суды ысырапсыз пайдалану керекпіз. Олай болмаса немере-шөберелеріміз бұл жерде тұрақтамай, сулы-нулы жер іздеп кететіні ақиқат.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
Ал, жиынды қорытындылаған Мұрат Бақтиярұлы ауыз суды өндіріске пайдалану қылмыс екенін айтты.
– Егер Жаңақорған жеріндегі жер асты су таза ауыз су болса, онда оны құрылысқа немесе өндірісіке пайдалануға мүлде болмайды. Өйткені, су тапшылығы сезіле бастады, алдағы он жылдықта не болары белгісіз. Сонда біз осы ауыз суды қажетімізге жаратуымыз керек. 14 ұңғыманы жаз айында неге тұрғындар пайдаланбасқа. Өндіріске қажетті суды дариядан алуы тиіс. Бұл тәжірибені «СКЗ-U» ЖШС қолданып, арнайы құбырлар арқылы тартып, пайдалануда. Ал екінші желіні қосуға келесі жылы жұмыс істейміз. Соңғы мәселе – тарифке байланысты. Бізге тарифті көтермей, келешекке нақты бағдар түзей алмаймыз. Бір күнде 1 адамға 140 литр су пайдалануға берілген, бұл тым көп. Сондықтан, ауыз су мен аяқ су тарифін көтеріп, құнын арттыруымыз керек, – деді.
Сенат депутаты арнайы келіп, аяқ және ауыз су мәселесінің ұтымды шешілуіне араласуы мәселенің өзектелігінен хабар берді. Ендігі жерде суды ысырапсыз пайдалану керекпіз. Олай болмаса немере-шөберелеріміз бұл жерде тұрақтамай, сулы-нулы жер іздеп кететіні ақиқат.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ