» » » ТӘЖІРИБЕСІ ТОЛЫСҚАН ТӘРБИЕШІ

ТӘЖІРИБЕСІ ТОЛЫСҚАН ТӘРБИЕШІ

 Бесарық бекетіндегі №247 орта мектеп жанындағы «Балбөбек» шағын орталығының ашылғанына жеті жылдан асты. Бала тәрбиесімен шектелмей, елді мекен өміріндегі қоғамдық жұмыстарға, түрлі семинарларға белсенді қатысып, жаңа бағдарламаларды меңгеруге ерекше мән береді. Біз тәрбие орталығының белді маманы Кенжегүл Тілепбергенованы сөзге тарттық.

   Иә, әрбір үйдің үкілі үмітін келешекке жалғаған жас ұраққа тәлімді тәрбие беріп, ойы озық, өмірге бейім азамат етіп өсіруге үлес қосатын ұстаз қауымының орны қашанда төр. Қазақта «дұрыс қанаттанған түзу ұшар» деген нақыл бар. Сондықтан, әр баланың қауырсыны қатайғанға дейін санасына сәуле нұрын шашып тұратын асыл жандардың абзалы – ұстаз. Сегіз жыл тәрбиешілік қызметте жүрген Кенжегүл апай мұндай ұлағатты жастарға ұқтырып келеді.

   Шымкент қаласы, Алғабас ауданы, Бөген елді-мекенінде өмірге келген кейіпкеріміз мектеп қабырғасын бітірісімен тәрбие жұмысына кіріседі. Яғни, еңбекке ерте араласады. Он сыныптық білім ошағын тәмамдап, өзі оқыған мектепте 4-5 сыныпта өтетін ұзатылған күн тобында тәрбиеші қызметінде болады. Осылай жастайынан бала тәрбиесіне төселіп, өнегелі ұрпақ өсіруде өрісі кеңейеді.

  – Кәсіби маман атану үшін агро-техникалық колледжде «тракторист» дипломын алдым. Тәжірибемді толықтыру үшін Ресейге көлік шығаратын зауытқа жұмысқа орналастым. Алайда, баспалдақ бала тәрбиесіне бейімделгеннен кейін Түркістандағы Ы.Алтынсарин атындағы колледжде мұғалім мамандығы бойынша білімімді шыңдадым, – деді Кенжегүл Аманжолқызы.

  Тағдыр таңдауымен Талаптан теңін тауып, тұрмыс құрады. Төрт ұлды өсіріп, жетілдіріп, араға қаншама жыл салып өз саласына қайта оралды. Оралып қана қоймай, жұмысына жауапкершілікпен қарап, көпке үлгі бола білді. Бүгінде орталықта ауыл балалары «Бәйтерек» және «Еркетай» тобында тәрбиеленуде. Орталықтағы еңбек жолын бала күтушіліктен бастаған кейіпкеріміз қазір 25 бала бар «Бәйтерек» тобында сауат ашудан сабақ береді.

  Тәжірибелі тәрбиеші аудан көлемінде өтетін семинарларға жиі қатысып, өз біліктілігін арттыруда. Мәселен, 2014 жылы алғаш мастер-класс өткізіп, жастарға үлгі бола білді. Еңбекқорлығымен, ізденімпаздығы ұстазға 2017 жылы ІІ санатты алып келді.
Ашық сабақ, рухани шараларды жиі өткізу, «Тәй-тәй» бағдарламасы аясындағы сабақтарды жиі өткізу бала санасының жетілуіне оң әсер етеді дейді апай.

  – Қазақ даналығында «балаға өз тіліңмен емес, өз тілімен сөйлес» дейді. Расында, баланың болашағына дұрыс бағдар берген абзал. Себебі олар елдің ертеңі. Тәрбиемен қатар олардың толыққанды қалыптасуы маңызды. Баланың жасы ұлғайған сайын оның сөздік қоры арта түсуі керек. Мұндай да ата-ана салғырттық танытпауы тиіс. Біздер күнделікті баланың танымын кеңейту мақсатында тақырыптық ертеңгіліктер ұйымдастырып тұрамыз. Оған қоса, «Шебер қол» деген арнайы дәрісті балғындарды еңбекке баулимыз, – деді ұстаз.

  СӨЗ СОҢЫНДА. Біз сөз еткен Кенжегүл Тілепбергенованың бойындағы кеңдік, балаға деген мейірімі, мақсатына жетудегі ізденісі әріптестеріне үлгі-өнеге...

                                                                                                                                                        Әли ТЕМІРБЕК.


14 қаңтар 2019 ж. 1 097 0