» » Салыққа салғырттық жат немесе көлеңкелі экономиканың көлемін қалай қысқартамыз?

Салыққа салғырттық жат немесе көлеңкелі экономиканың көлемін қалай қысқартамыз?


Әлемнің озық елдері цифрлы технологияға ден беруде. Неге дейсіз бе? Басты себеп – экономикадағы көлеңкелі қаржыны қысқарту. Иә, бұл – әлем елдеріндегі өзекті мәселеге айналды. Біздің елде де көлеңкелі экономикамен күресу мемлекетттік деңгейде көтеріліп, белгілі бір шаралар қабылдануда. Нәтижелі ме? Мұны сараптамалық материалда анықтаймыз...


Дерек көздерінде, «көлеңкелі эко­номиканың» салдарынан елде 2020 жылы бюджетке 617 млрд теңге көле­мінде шығын келді. Санда бар, санатта жоқ қаржы айналымына тосқауыл қойыл­маса, 2025 жылы мемлекет қазынасы 1,2 трлн теңгеден қағылуы мүмкін. Бұл қаржыға жүздеген әлеуметтік нысандар салып, мыңдаған ша­қы­рым жолды жөн­деуге болар еді. Бірақ мүдделі топтар қал­таға басуға дағдылы.
Бұл ой қайдан келді дейсіз бе? Қазан айында өткен аудан әкімдігінің мәжі­лісінде Руслан Рүстемұлы:
– Облыстағы шағын кәсіпкерліктің дамуы, саны жөнінен алдыңғы орын­дамыз. Онда бөлшек сауда көлемі неге тым төмен? Бұл – біздің ауданда нөлдік көр­сеткішпен есеп тапсыратындар азай­­май тұр деген дерек пе? Үлкен сау­да орындары сауда айналымын аз мөлшерде көрсетеді. Жақында аудан­дағы ірі сауда үйінің біріне барып, касса­сының маңында 15 минут тұрдым. Сауда қызу жүріп жатты. Касса алдында ұзын-сонар кезек. Осы қысқа уақытта 20 адам сауда істеді. Олар орта есеппен 15-20 мың теңгеге сауда жасады десек, тәулігіне кем дегенде 3 млн теңгенің айналымы болады. Дұрыс. Сауда сәтті болсын! Айналып келгенде, халыққа қызмет көрсетіп жатыр ғой! Бұған еш қарсылығымыз жоқ. Қайта қуанамын! Бірақ сол сауда орнының салыққа тап­сырған есебін қарасаңыз, болмашы ғана. Бұл қалай болғаны?! Жаңағы сауда үйі тәулігіне 3 млн теңге көлемінде сау­да жасаса 1 жылда 1 млрд теңгеге сау­да жасайды екен. Олардың тобына «Бере­ке», «Заңғар», «Нұрасыл», «Қара бура» сауда орын­ын жатқызуға болар. Біздің аудан­ның бөлшек сауда көлемі 4,1 млрд теңге болса, сонда төрт қана сауда үйінің сауда айналымы емес пе бұл көрсеткішіміз? – деген еді.
Осыдан кейін өзім де кенттегі «Заңғар», «Бекере», «Ғани», «Қара Бура», «Магнит» және т.б ірі-ірі сау­да орынына арнайы бардым. Әрине, тексеру үшін емес. Журналист ретінде мән-жайға терең қанығу үшін. Бір ғана Хорасан ата көшесінде көлікке қызмет көрсететін орындар, автобөлшек сататын магазиндер, азық-түлік және құрылыс заттарын сататын сауда үйлері, кофе мен мейрамхана және т.б кәсіпкерлік нысандар бар. Тіпті кенттегі кәсібкерлік субъектілерінің басым бөлігі осы көшеде секілді. Бірақ бұл нысандардан кассалық аппа­ратты табу қиын. Міне, көлеңкелі эко­но­мика осыдан қалыптасады.
Біз де аудан басшысы секілді ірі сауда үйіне барып, сауда айналымын бағам­дадық. Әрине, әкім айтқандай, халыққа қызмет ететін орталықтың саудасы сәтті болсын! Оған еш қарсылығымыз жоқ. Қайта қуанамыз ғой! Бірақ кәсіпкерлер табысты жасырып, салыққа болмашы қаржы төлеп отырғаны анық. Біз соған көз жеткізе түстік.
Біз бақылаған «Ғани» сауда орнында бар-жоғы 10 минуттың ішінде 3 кассада 10 адам сауда жасады. Оның әр қайсысы кемінде 5 мың теңгеге сауда істеді дейік. Сонда 10 минутттың ішінде жоқ дегенде 50 мың теңге сауда болды. Бір сағатта 60 минут десек, 300 мың теңге. Бір күнде 12 сағат жұмыс жасады дейік, сонда (12×300=3600000) 3 млн теңгеге сауда болды деген сөз. Мейлі 2 млн теңгенің саудасын жасасын. Ал, қолдағы бар дерекке сүйенсек, бұл сауда орны 6 айға 10 млн теңге салық төледі. Енді, өзіңіз болжай беріңіз, біздің еліміздегі экономикалық ахуалдың жайын. Бұл бір ғана емес, барлық кәсіпкерлік нысандар оңай олжаға осылай әрекет етуді әдет қылды.
Президент бизнесті тексеруге мора­торий жариялады. Өте дұрыс шешім, байыпты бастама. Иә, кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау. Енді кәсіпкерлер елдіктің бір жүгін көтеруде елдің қазынасына әділетті салық төлеуді ойлауы да керек-ақ. Озық елдердің тәжірибесінен осыны көруге болады.
Көлеңкелі экономиканың көлемін төмендету – ел алдында тұрған маңызды міндеттің бірі. Яғни әлдекімнің қал­та­сына түсіп жатқан жасырын табыс­ты анықтап, мемлекет қоржынына түсі­ру маңызды мәселе. Осы ретте, ауданы­мыздағы кәсіпкерлердің жай-күйін білу мақсатында аудандық кәсіпкерлік, өнер­кәсіп және туризм бөлімінің басшысы Қаржыбек Тәжі­байұлымен тілдесуді жөн көрдік.
– Білесіз бе, облыста ең кәсіпкері көп біздің ауданда. Мысалы, бізде 5624 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Сыр өңі­рі­нің өзге аудандарында бес мыңның үс­тінде кәсіпкері жоқ. Солай бола тұра, олардағы кәсіпкерлік нысандардың ба­сым көпшілігі «ЖШС» болып тіркелген әрі табыс көзін жасырмайды.
Бір ғана мысал, бізде ірі-ірі сауда орын­дары болғанымен халқы шамалас Қа­залы, Шиелі ауданынан бөлшек сау­даның көлемі көп емес. Неге? Себебі сау­да үйлері кассалық аппаратты қолдан­бай­ды, әрі тұрғындар да оны талап ете бермейді. Көлеңкелі экономика дең­гейінің артуынан экономиканы құл­ды­рап, елдің келешегіне кері әсер ете­ді. Біздің ауданымыз «Береке», Заңғар-1», «Заңғар-2» «Ғани», «Қара­бура», «Магнит» ірі сауда үйлері бар. Бұлар­дың барлығы да жеке кәсіпкерлер ре­тінде тіркеліп, алты айда бір рет есеп тапсырады. Сондағысы 6 айда 10 млн теңге көлемінде қаржы құяды. Тек «Қарабура» ғана 25 млн теңге төлейді. Егер осы сауда орталықтарының бар­лығы жеке кәсіпкерліктен «ЖШС-ға» өтсе, ай сайын есеп беріп, салық тө­лейтін еді. Әрі қызметкерлерінің әлеу­меттік төлемдер (зейнетақы және медициналық сақтандыруға қоры) жүр­гізеді. Бұл – жұмыс берушіге де, жұмысшыларға да өте тиімді. Осы бағытта кәсіпкерлер арасында түсін­дір­ме жұмысын жүргізудеміз. Одан басқа қолдан келетін шара жоқ. Өйткені, 2023 жылдың қаңтарына дейін мараторий жа­рия­ланды.
Қайбір жылдары «Магнит» сауда үйінің иесі несие алатын болып, облыс­тан мамандар келіп, құжатын тексерді. Қа­сына еріп бардым. Сонда мамандар «күндік табысыңыз қанша?» деп сұрады. Кәсіпкер нақты жауап бере алмады. Об­лыстан келген маман, «компьютеріңіз қосылып тұр ма, көрсем бола ма?» деп рұқ­сат сұрады. Оның келісімен компью­терге кіріп, таңертеңнен сағат 17.00-ке дейін 1 393 000 мың теңгенінің саудасы болғанын көрді. Ары қарай өзіңіз бағам­дай беріңіз...
Бір жолы мынандай оқиға болды. «Нұрбек аңшы» дүкені «ЖШС» ретінде тіркелген. Сонда барып сауда жасадым. Әңгіме арасында есепті уақыты тапсыру­дың маңызын түсіндірдім.
Ол: – Сіз кімсіз, есеп сұрайтын. Сіздің қандай құқығыңыз бар? – деді.
– Әй, көкем-ау, мемлекетке төлейтін заңды есебіңді тапсырмайсыз ба, – де­сем.
– «0» есеп беремін, – дейді.
Оған: «сіздің дүкеніңізден сауда істе­дім ғой, ең болмаса соңы көрсетіп, 1 тиын болса да тапсырыңыз» деп ескерттім.
Сөйтсем, маған шағымданыпты. Иә, әр адамның құқықтық еркі бар. Шағым­­­дансың. Бірақ салық төлеудің маңы­зын айттым ғой! Сонда бәріміз «0» есеп­пен салық төлейміз де, сөйте тұра Үкіметке сапалы жол салуды, мектеп пен аурухананы салуды міндеттейміз. Бұл – әділетті ме, әділдік қайда? Біле білсек, елдің қазынасы – салықтан құралады. Біз осыны түсінуіміз тиіс, – деді сала бас­шысы.
Ортақ қазынаның ортаймауына әр­бір азамат жауапкершілікпен қа­рап, мемлекет алдындағы міндетке бейқам­дық танытуына әсте болмайды. Бұл ретте, аудан тұрғындары салықтық мін­дет­терін орындауға қаншалықты ат салысуда. 2021 жылы салықтық тө­лем­дер қалай орындалып жатыр? Бұл сұрақ­тарға аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Талғат Мұстафаевтан сұрап көрдік.
– Жаңақорған ауданы бойынша Мем­лекеттік кірістер басқармасымен 2021 жылдың 9 айдың қорытындысы бойын­ша мемлекеттік бюджеттің жоспары 15066353,8 мың теңге болса, жалпы 18656160,3 мың теңге түсіп, 123,8 пайыз орындалды. Оның ішінде, аудандық бюджетке 2067415,9 мың теңге түсім түсті.
Өткен жылдың осы кезеңімен салыс­тырғанда түсімнің өсу қарқыны 137,1 пайызды құрады. Аудан көлемінде кәсіпкерлік субьектілерімен жүргізілген түсіндірме жұмыстары барысында салық есептілігін 0-дік көрсеткішпен тапсырған 35 салық төлеушіге 2019 жылдың 1,2 жартыжылдығына 17 053,0 мың теңге айналым сомасына қосымша салық есептілігі тапсыртылып, жергілікті бюджетке қосымша 255,8 мың теңге салық түсімдері түсті. Камералдық бақы­лау бойынша 3 тоқсан 2021 жылы 115 тұлғаға 142748,4 мың теңгеге хабарлау қалыптастырылған. Оның 300,0 мың теңгесі нақты ақшамен өндірілген.
Сондай-ақ 3 тоқсан 2021 жылы 115 тұлғаға 2 909 009,0 мың теңгеге хабарлама қалыптастырылып 23 386,0 мың теңге нақты ақшамен төлем жасалған. Ал 76 440,5 мың теңгеге артық ақшаның есебінен өндірілген. Камералдық бақы­лау бойынша 4 тоқсан 2021 жылы 13 тұлғаға 123 163,4 мың теңгеге хабарлама қалыптастырылды. Оның ішінде 7 тұлғаға 63 714,1 мың теңгеге хабар­лама қолмен шығарылды. Алдағы уақыт­та да, бұл бағытта қосымша кіріс көздерін іздестіру мақсатында жұмыстар жалғасын таба береді. Жаңақорған ауданында 01.10.2021 жылға 676 заңды тұлға, 4 224 дара кәсіпкер және 991 шаруа қожалығы, барлығы 5 891 салық төлеуші тіркеу есебінде тұр. Қазіргі таңда кәсіпкерлік саласына тексеруге рахымшылық бергендігіне байланысты салық есептілігін мерзімінде тапсырмау жағдайы жиілеп кеткен. Бір ғана 1 жартыжылдық 2021 жылы 1438 кәсіпкерлік субьектілеріне хабарлама шығарылған. Яғни тіркелген кәсіпкерлер саны 4157 болса, 34,5 пайызы кеш тапсырған. Сонымен қатар қәзіргі таңда 12.5 көрсеткіші бойынша бір жыл ішінде кірістер бойынша нөлдік немесе бос декларацияны (911.00, 910.00, 912.00, 220.00 СЕН ) ұсынған дара кәсіпкерлер бойынша жұмыстар жүргізілуде. Талдау барысында салық төлеушілердің басым бөлігі кәсіпкерлігін ашқанымен нақты табысы болмағандықтан салық есептілігін 0-дік көрсеткішпен тапсыруға мәжбүр болуда. Алайда салық кодексінің талаптары бойынша 0-дік көрсеткішпен салық есептілігін тапсыруға тиым салынбаған. Осыған байланысты каме­ралдық бақылаумен немесе уәкілетті органдардың мәліметіне сәйкес табысын жасырып отырған салық төлеушілер тізімі алынып бағалау көрсеткіші осы арқылы белгіленсе деген ұсынысымыз жүзеге асса нұр үстіне нұр, – дейді жау­апты маман.
Дұрыс-ақ, салық түсімі артып, аудан­дық бюджет толыға берсің. Бірақ одан асыра орындауға мүмкіндік мол ғой! Мәселен, көлік салығын 300 пайызбен орындайтын елді мекендерге мониторинг жүргізіп, жоспарлауы қаншалықты шынайы жүргізілетінін анықтауға бола­ды. Жалпы, салыққа байланысты мәселе көп.

P.S. Салық – айналып келгенде өзімізге қайтатын капитал. Көшелердің жарық-тандырылуы, құрылыстардың қарқын алуы біз бен сіздің салып отырған салықтан жүзеге асырылады. Бізді мақсат осыны түсіндіру, ұғындыру ғана...

Әсел РЗАЕВА
09 қараша 2021 ж. 523 0