№30 (8741) 16

16 сәуір 2024 ж.

№29 (8740) 13

13 сәуір 2024 ж.

№28 (8739) 9

09 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» Қаңғыбас иттер неге көп?

Қаңғыбас иттер неге көп?

Қазақ үшін жеті қазынаның бірі саналған ит атаулының бүгінде қадірі кетіп, құты қашты. Себебі, үйсіз-күйсіз, көше кезген ит көп. Қаңғыбас иттер аудан тұрғындарының үрейін қашырғалы қашан. Әсіресе, баласы үшін уайымдайтын ата-ана қарғыбауы жоқ салпаң құлақтардың саны көбейіп бара жатқанына алаңдаулы.Осы мәселе төңірегінде бірнеше мекемелердің есігін қақтық. Өйткені, күн қысқарып, түн ұзарған уақытта қаңғыбас иттердің мектептен үйге бет алған оқушыларға, қала берді жұмыстан келе жатқан адамдарға да қауіп төндірген жағдайлар аз кездеспей тұр.

Мақаланы жазуымызға кенттегі Ипподром аумағының тұрғыны Әсемгүл Амантаеваның редакциямызға келіп, атаулы тақырып төңірегінде өтінішін жеткізгені арқау болды.
– Мен Қадір Тағаев көшесінің тұрғынымын. Соңғы уақыттары айналамызда иттер көбейді. Тіпті, тобырымен жүріп, түнімен тынышымызды алады. Олардың жанынан бала түгілі, өзіміз қорқақорқа өтеміз. Егер қолыңда азық-түлік, нан бар екенін байқаса қыр соңыңнан қалмай ере жүреді. Сол үшін дүкенге баратын кезде жолдасымды немесе үлкен баламды қасыма ертіп алатын болдым. Бір апта бұрын көршіміздің 5-ші сынып оқитын қызын ит тістеп алды. Періштесі қаққан екен, дер кезінде адамдар көріп, көмек қолын созып, аман қалды. Әйтпесе, аш қасқырдай анталағандардың ашуы жаман екен. Аудандық ветеринария бөліміне талай мәрте хабарластық. Алайда, заңның осалдығы қолға тұсау болып отырғанын айтады. Өте өкінішті, бірақ бұлай қол қусырып қарап отыруға болмайды. Сондықтн сіздерге де келуді жөн көрдік», – деп әңгімесін түйіндеді.

Біз де дереу қолға қалам алып, жауапты мекемелердің есігін қақтық. Себебі бұл мәселе аудан үшін өте өзекті. Осы тақырыпты талай мақалаға арқау етсек те, түйіні тарқаталымай тұр. Мән-жайды білмекке аудандық ветеринария бөліміне бардық. Бөлім басшысы Марат Қазыбаев жауап берді.

– Жаңақорған ауданы бойынша ит-мысықтарға құтыру, эхинококкоз аурурларына қарсы жоспарға сәйкес 4мыңына екпе салынды. Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап 77 ит тістеу жағдай орын алды. Осы тұста айта кетейін, 2021 жылдың 30 желтоқсанында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойылып күшіне енді. Аталған заң талаптарына сәйкес қаңғыбас жануарларды аулау жүзеге асырылмайтыны көрсетілген. Сол себепті де, біз қаңбығас иттерді ұстап, арнайы қамай алмаймыз. Біз тек тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Қолымыздан келгенше әрбір үйге кіріп, мәселенің мәнісін байыппын жеткізіп, алдыналуға тырысамыз, – дейді сала басшысы.

Сонымен қатар, ветеринар маманның сөзінше, кезбе иттердің адамдарға шабуыл жасауының бірінші себебі − олардың шағылысатын кезіне тап болуы. Осы кезеңде иттер өздерінің қалыпты күйлерінен ауытқып, оқыс жағдайлар орын алуы да мүмкін екен. Екіншіден, көк¬темге қарай балалайтын уақыттарында көбейеді. Өйткені, олардың күшіктеп жатқан жеріне балалар ойнап барып қалады. Қасына барған балалардан күшіктерін қызғанып тістеп алуы мүмкін. Үшіншіден, көпшілік иттің иесі жоқ. Олар кез келген жерде, құрылыс маңында, ағаш-тақтай астында, қуыстарда жатады. Сондай жерлерде адамдар оларды абайсызда басып кетіп немесе басқа да жолдармен ызаландыруы мүмкін. Міне, аталған жағдайларда иттер шектен шығып жатады.

Аудандық емханаға барып, травмотолог Бағдат Бодықовты сөзге тарттық.
Шыны керек, бізге аптасына 5-6 немесе 10 адамға дейін келіп, өзінің ит тістегенін айтып, көрініп, қажетті ем алып жатады. Жыл басынан бері 111 адам осындай жағдаймен келді. Олардың барлығына қажетті ем жасалды, арнайы вакцина да салынды. Ал, ветеринар мамандар тістеген итті он күнге қамаққа алып, суын, тамағын беріп зерттейді. Егер иттің жағдайы дұрыс болса, бізге саулығы жөнінде анықтама береді. Осы уақытқа дейін құтырған иттер болған емес. Көбінесе, көршісінің иті немесе қонаққа барғанда сол үйдің иті тістеп жатады. Дегенмен де, қаңғыбас ит тістеді деп келетіндер де аз емес. Бүгін Шалқиядан бір апа келді. Аяғын оңдырмай тістеп алыпты. Қажетті көмекті көрсеттік. Шыны керек, жағдай былтырғыдан көбеймесе азайған жоқ, – деді дәрігер.

Соңғы кездері орын алып жатқан жайттардан түрліоқиға еске түседі. Таяуда Ақтөбе қаласында 12 жастағы баланы бұралқы ит талап өлтірді. Оның алдында Алматы облысының Талғар ауданында баланы ит қапты. Баланың бетіндегі жараны тігуге тура келіпті. Денесінде қаншама жарақат бар. Ал жапа шеккен баланың жақындарына иттің қожайыны еміне деп 30 мың теңге қаражат беріп құтылмақшы болған. Алайда баланың ата-анасы қабаған ит иесінің жауапсыздығы үшін жазаның қатаң түрін қарап, пластикалық операция жасатуға ақша талап етті. Сәуірдің соңында ит талаған бала көбейген соң Атырауда ата-аналар наразылыққа шықты. Ақтөбедегі бала өлімінен кейін де тұрғындар жергілікті билікке қарсылық көрсетіп еді. Несін жасырайық, әкімдік өкілдері тұрғындар жағында екенін ескерткен. Айтуларынша, иттерді өлтіре салуға болады, бірақ жаңа заң рұқсат бермей тұрғаны. Қызылордалықтар да, біздің аудан тұрғындары да тиісті мекемелердің қол қусырып отырғанына ызалы.

Сала мамандарының сөзінше, далада қаңғырып жүрген иттердің көлемі жыл өткен сайын көбеюде. Оның себебін мамандар қожайынның жауапсыздығынан көреді. Ал дамыған елдерде олармен күресу үшін арнайы ереже қабылданған. Мысалы, АҚШ-та қаңғыбас иттерді қадағалау қағидасы 1976 жылы жасалып қойған. Бұл ереже барлық штатқа ортақ. Қараусыз қалған кез-келген итті мамандар ұстап алып, арнайы белгіленген орынға жібереді. Тіпті полиция офицерлері де көмекке келеді мұндайда. Өйткені Америкада итті, жалпы жануарды қорлаған адам тергеуге ілінеді. Арнайы орынға жеткізілген итке қожайын қарастырылады. Ит асырау мәселесі де маңызды болып есептеледі. Германия – жануарларды қорғау туралы заң шығарған алғашқы мемлекет. Ол жақта «Жануарлар құқығы» қатаң бақыланады.
Жануарларға жауапкершілікпен қарамаған адам жазаға тартылады, айыппұл арқалайды. Ал, көршілес жатқан Ресей мемлекеті қаңғыбас иттер қоғамға зиянын тигізбесе, еркін жүруге рұқсат берілген. Егер адамға шабуыл жасап, қандай да бір залалын келтірген жағдайдаатып тастау шарасы қарастырылған. Сондай жолмен ғана қауіпті қаңғыбас иттердің санын азайтады екен.

Дұрыс, жер бетінде жаратылған жаны бар мақұлұққа да жанашырлық танытуымыз керек. Бірақ, төрт аяқтының амандығын ойлап жүргенде, адам баласының шарасыз күй кешіп отырғаны көңілге қаяу салатыны ащы болса да шындық. Қанша ашынып, даурықсақ та қаңғыған итке шара қолданылмаудың сыры осы. Бұрынғыдай көше-көшені аралап, кезген иттерді ата салу жоқ енді. Басты сұрақ алдағы уақытта бос жүрген иттердің «бостандығын» шектей аламыз ба? Ал, олардың ең кемі тең жартысы күшіктесе, қауіп те екі есеге көбейгелі тұр. Итті аяймыз деп жүргенде адамдардың қауіпсіздігіне кім кепіл болады? Қаңғыбас иттер атылмаса, ұсталмаса, уақытша ұсталатын орны болмаса, ендігі көшеде жүруден қалармыз, бәлки? Қалғаны құзырлы органдарға қалдырайық.

Әсел Рзаева

---
22 қазан 2022 ж. 222 0