ЖІГЕРСІЗДІК – БІЗГЕ ЖАТ ҚЫЛЫҚ

IMG_3864

Ел егемендігін алған күрмеуі қиын кезеңде атқа қонып, аянбай еңбек еткен азаматтар ауданда баршылық. Осындай тұлғалар қатарына Әлімбай Шерубайұлын қосуға болады. Ел ағасын «Сенбілік сұхбаттың» төріне шақырып, ел жанашыры ретіндегі ағалық ақылын тыңдап, бүгінгі күннің беталысы жөнінде әңгіме өрбіттік.

– Сіз 45 жылға жуық әр салада басшылық қызметте болдыңыз. Сіздіңше басшы қандай болуы керек?

– Әкем Шерубай Кенжебаев колхоздың төрағасы болған. Отбасындағы жеті баланың үлкені мен едім. Институтты бітіріп жұмысқа орналасар кезде әкем: «Адал бол, халықпен бірге бол, жеке басыңның емес, халықтың мүддесін ойла. Жылпостық – бізге тән емес. Осы қағиданы ұстансаң жаман болмайсың», деп ақыл-кеңесін берді. Әкемнің осы өсиетін өмірлік ұстанымым етіп жұмыс істедім. Сол тәрбиенің әсері болар, қаншама ауылда басшы болсам да мемлекеттің басшыларға беретін бір баспанасын алмаппын. «Турасын айтып, туғанына жақпайды» демекші, не болса да тура сөйлегенді құп санаймын. Басшы болғаннан кейін халықпен етене жақын болып, жұрттың мұң-мұқтажын тыңдап, солармен санаса отырып жұмыс жасау керек. Сонда ғана үлкен жетістіктерге жетесің. Жалпы, «Елдің көзі – елу» дегендей, халықтан ешнәрсе жасыра алмайсың. Қызметтік құзыретіңді пайдаланып көлденең тірлік жасағаныңмен ерте ме, кеш пе алдыңнан шығып, абыройыңды төгеді.

– Адамгершілік рух жөнінде не айтасыз?

– Адамгершілік рух – ұлттық құндылық. Ал, ұлттық құндылықты аяқасты еткен адам өсіп-өркендемейді. Рухымыз асқақтау үшін, алдымен өзімізді тәрбиелеуіміз керек. Адамгершілік рух дегенде менің ойыма Әбусейіт Айханов деген палуанның әңгімесі түседі. Ол Кеңес Одағы кезіндегі мықты палуан болды. Күрескенде оған ешкім тойтарыс бере алмайтын. Бірақ дүние жүзілік жарыстарға оның жолы түскен емес. Оның орнына барған өзге палуандардың ешқайсысы жеңіспен оралмаған екен. Сонда сол кісінің: «Бұрын бізге мемлекет бір тиын да бермейтін. Елдің атын шығару үшін жарыстарға барып, халықтың берген рухымен ортаға шығып белдесетін едік. Ал, қазіргі жас спортшылар алдымен ақысына келіседі. Олар жарысқа ақша үшін баратындай. Сонда бұл жастарда адами рух жоқ па?», дегені бар. Міне, кісі бойындағы еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктен адамгершілік рух пайда болады. Кеше Астанаға «ЭКСПО»-ның жабылуына қатысып, Қанат Исламның өнерін көру үшін арнайы бардым. Зал 15 мың адаммен толды. Сонда залдағы көрерменнің Қанатқа берген қолдауы оның рухын көтергені анық. Өйткені, Қанатқа бір соққы тигенде, залдың «шу» ете түскені, ол ұрғанда халқының «ду» етіп қуануы оның рухын көтермей қоймасы анық. Осы кезде, тіптен Қанаттың ғана емес, менің де рухым асқақтап кетті.

– Сіздің бағбандықты қадірлейтініңізді үй айналасынан-ақ аңғарып, көңіліміз жадырап қалды. Бұл жан қалауыңызды қалай түсіндіресіз?

– Қазақта «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген дана сөз бар. Жалпы, мен қайда жүрсем де жерді көгертіп жүргенді, тазалықты ұнатамын. Жүрген жерімде үй салмасам да, тал егіп жүремін. Қызмет істеп жүргенімде ылғи үй жалдап тұрдым. Сол уақытша баспанамды кісінің үйі екен демей, өз меншігімдей күтіп, айналасын көгертуге асығатынмын. Өзгентте, Қаратөбеде көшелерді, ауылды абаттандыруды қолға алдым. Отырған үйдің барлығына тал егіп кеттім. Қазір өзім отырған үйдің ауласында 100 түп ағаш бар. Оның ішінде жеміс ағашы да, саялы ағаш та бар. Барлығын өзім отырғызғанмын. Есесіне бақша көгеріп, жайнап тұр. Ауланың ауасы таза, әрі көлеңкесінде сергіп демалуға болады.

– Жаңа балуан Әбусейіт Айханов туралы айтып қалдыңыз. Одан кейін Қанаттың өнерін тамашалауға Елордаға барыпсыз. Демек, спортпен таласыңыз бар-ау…

– Бірлікте мектепте оқып жүргенімде Әлібек Сүгірбаев, Ұзақбай деген ағайлар денешынықтырудан сабақ берді. Мені сол кісілер боксқа баулыды. Оның қабатында тенниске, баскетболға, волейболға, ауыр атлетикаға қатыстым. Кейіннен институтқа түскен соң бұл спорт түрлері сәл үзіліп қалып, жатақханадағы жігіттермен бірге үш жыл велоспортқа қатыстым. Негізінен көбіне волейбол ойнадым. Соңғы 7 жылдан бері облыстық ардагерлер командасының құрамындамын. Биыл мамыр айында Алматыға Республикалық жарысқа барып келдік. Аудандағы колледжде Ерғабит Ілиясов, Мадияр Ахметов, Мұхтар Өрғараев, кейде Ерғали Ілиясов қосылып, волейбол ойнаймыз. Салауатты өмір салтын ұстанып, күнде таңертеңгісін 40 минут денешынықтырумен айналысып, аптасына екі рет міндетті түрде волейбол ойнаймын.

– Ұрпақ тәрбиесінде неге мән бересіз?

– Бүгінде ұрпақ тәрбиесі өте өзекті мәселе. Мәселен, біз отбасында жеті бала болдық. Қазақы үш бөлмеде тұратынбыз. Сондағы тәртіптің қатаңдығы сондай, әкеміздің қас-қабағына қарап қимылдайтынбыз. Анамыз «әкелерің тамақ ішіп отыр десе болғаны, дыбысымызды шығармай тыныш отыратын едік. Қазір ойлап қарасам, әкем сол кезде бізді сөгіп немесе айқайлаған емес. Біз анамыздың әкемізге деген құрметі арқылы ол кісіні сыйлайтынбыз. Өзім де 4 баланы тәрбиелеп, барлығының білім алуына жағдай жасадым. Әкемнің маған берген тәрбиесін балаларымның бойына сіңіріп өсірдім. Оларға да адалдықты өмірлік ұстанымдарың етіңдер, ешкімнің ала жібін аттамаңдар, жол-жөнекей табыс дегенге мүлдем жоламаңдар» деп айтып отырамын. Жалпы, парақорлыққа жаным қас. Ұрпақ адалдықты бойына жастайынан сіңіріп өсуі керек. Сонда ертеңгі елдің де болашағы жарқын болады.

– Жастарға айтар ағалық ақылыңыз?

– Ең бастысы адамның дені сау болуы керек. Жаман әдеттерден аулақ болуы шарт. Арақ – атадан қалған ас емес. Жаман судан іргесін аулақ салғаны абзал. Салауатты ұрпақ – егеменді елдің болашағы. Сондықтан, спортттың бір түрімен айналысып, шамасы келгенше көп қимылдағаны жақсы. Одан кейін, қазір жаһандану дәуірі болғандықтан, заман ағымына ілесіп, өмірдің өзгерістеріне төтеп бере алатындай білімді болу негізгі мәселе. Жастар туған жерге, өлкеге жанашыр болса игі. Артымыздан ерген әр ұрпақ өскен өлкесіне адал, халық жанашыры, нағыз патриот болса, онда біздің болашаққа алаңдайтын ретіміз жоқ.

– «Мәңгілік Ел» дегенді қалай пайымдайсыз?

– Елбасының «Тоғысқан тағдырлар» деген кітабында егемендік алған жылдары елдің әлеуеті туралы жазғаны бар. Сонда Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдары елдің өз көліктеріне құятын майды да таппай, тоқырауға ұшырағаны айтылады. Сол елді қазіргідей дамыған 50 елдің қатарына қосып, бүгінгі деңгейге жеткізуі бұл үлкен көрегендік пен қыруар еңбектің арқасы. Елбасының бүгінгі салиқалы саясаты – біздің жарқын болашақтың діңгегі.

– Мемлекет басшысы Н.Назарбаев халыққа «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жолдап, жаңғыру жолында жан-жақты тапсырмалар берді. Бұл жөнінде не айтасыз?

– Президенттің бұл мақаласын ширек ғасырды артқа тастаған Тәуелсіз еліміздің жаһандану дәуіріндегі рухани кеңістіктің жаңа бастауы деп түсінемін. Бұл – ұлттық идеологиялық бағыттың кепілі. Ұлттық дамуымыздың негізгі тірегі екені сөзсіз.

– Мақалада латын графикасына көшуді айтты. Жуырда мәжілісте алғашқы нұсқасы жан-жақты талқыланып, қабылданды. Әліпби реформасына көзқарасыңыз қандай?

– Латын әліпбиіне көшу дұрыс деп ойлаймын. Бұл – ұлт мүддесі үшін күрескен азаматтардың талай жылдан бергі армандарының орындалуы. Бірақ кез-келген өзгерістің кедергісіз өтпейтіні белгілі. Бұл өзгерісті көпшіліктің бірі түсінсе, бірі түсінбей жатқаны белгілі. Біз латын қарпін алғашқы рет қолданысқа енгізгелі отырған жоқпыз. Мәселен, 1929 жылы КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдап, латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929-40 жылдарда қолданысқа енген. Кейін қайтадан орыс графикасына көштік. Меніңше, латынға көшкеннен біздің ұтар тұстарымыз көп.

– Әңгімеңізге рахмет.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.

Көрудің саны: 215  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру