Жаңашыл ұстаз – жарқын леп

100

Мамандығына адалдық танытып, саналы ғұмырын жас ұрпаққа сапалы білім беруге арнаған ұстаздардың қашанда еңбегі өлшеусіз. Ұрпақ тәрбиесі деген ұлы көштің басында тұрған ұзтаздың қадірлі де қажырлы тірлігі әрқашан құрметке лайық. Ауданның ағарту саласында талмай еңбек етіп, шәкірттерін білім нәрімен сусындатып жүрген ұстаздар қатарындағы Меруерт Мелденова «100 жаңа есім» жобасына ұсынылып отыр. 

Меруерт Жұмаділләқызы Қорқыт ата атындағы Қызылорда педагогикалық институтын «биология-география» пәні бойынша бітіргеннен бері 22 жылға жуық ұстаздық етіп келеді. Қазір №163 орта мектепте география пәнінің жоғарғы санатты мұғалімі, География пәні бірлестігінің жетекшісі, облыстық оқу орталығы әдістемелік кабинеттің мүшесі, география пәнінен Республикалық атаулы мектептің мүшесі, ҰТО тест әзірлемешісі және сарапшысы, халықаралық ұстаздар қауымдастығының мүшесі, НЗМ мен Кембридж Университеті бірлесіп әзірлеген «Деңгейлік бағдарлама» бойынша І-деңгей курсынан өтіп сертификатталған. Осыдан-ақ, Меруерттің ұстаздық жолында тынымсыз тіршілік жасағанын аңғаруға болады.
– Қазіргі жаһандану үдерісі отандық білім беру жүйесінің әлемдік білім стандартына интеграциялануын талап етуде. Осы тұрғыда, бүгіннің мұғалімі қандай болу керек деп ойлайсыз?
– Қазіргі таңда Қазақстан бүкіл әлемдік білім кеңістігіне ену кезеңінде. Сондықтан, әр мұғалім оқушымен бірдей ізденіс үстінде болуы керек. Бүгінгінің ұстазы өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, ұлттық қасиетіміздің асылын асқақтата отырып, шәкіртінің жанына құятын ұстазды ғана бүгінгі күннің лайықты тұлғасы деуге болады. Баланың білімді де білікті, парасат пайымы мол, саналы азамат болып жетілуі тәлім беретін мұғалімге тікелей байланысты. Міне, осы себептен әр ұстаз өзіне артылған сенім жүгінің жауапкершілігі молдығын естен шығармағаны абзал.
– Мұғалім үшін кәсіби шеберлікке жету деген не?
– Мұғалім кәсіби шеберлікке жету үшін өмір бойы ізденісін тоқтатпай, ұстаздықтың зерттеушілікті талап ететін мамандық екенін анық аңғарғанда ғана толық нәтижеге жете алады. Мұғалімнің әр сөзі мен ісі, көзқарасы мен жүрісі психологиялық және ізгілік тұрғысынан шәкірт жүрегінен үлкен орын алады. Сондықтан, ұстаз үшін оқу мен тәрбие процесін ұйымдастыруда мол білім, дұрыс іскерлік пен дағдыны қолдану қажет.
– Дамыған отыздыққа ену үшін білім сапасын көтеру маңызды. Ал, білім сапасын көтеруде мектептің негізгі орын алатыны белгілі. Сіздің ойыңызша, заманауи мектеп қандай болуы шарт?
– Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз қолға білім салма» деген даналығы бар. Меніңше, мектепте ең алдымен тәртіп жағы бірінші орында тұруы керек. Сонымен қатар, бүгіннің жалпы орта білім беретін мектебі – жаңа қоғам мектебі. Ол – халықтық мәдениетке интеграцияланған, баланың жеке басының дамуына педагогикалық жағдай жасайтын, рухани жағынан таза, дүниеге тік қарайтын, білімнің жаңа мазмұнымен байланысқан, бәсекеге қабілетті жаңа ұрпақ өсіріп, дамытып жетілдіретін мектеп болуға тиіс.
– Ең алдымен мектепке тәртіп керек дедіңіз. Білімді тәрбиеге қалай негіздеу керек?
– Менің ойымша білім беруді тәрбиеге негіздеудің екі қанаты бар. Олар білімді ұлттық құндылықтар мен өркениетке негіздеу. Шәкіртті өз күш-жігерін пайдалануға баулу. Бұл екеуі құстың қос қанатындай, бірінсіз бірі шәкіртті самғау биігіне көтере алмайды.
– 12 жылдық білім беру жүйесіне көшудің ерекшелігі неде?
– Бұл жүйенің ерекшелігі – 12 жылдық білім беру орталығы ғалымдардың зерттеуі бойынша жаңа қоғамдық формациядағы мектеп пен мұғалімдер алдында тұрған негізі мәселе «Баланы оқуға қалай үйрету керек?», «Ойлауға қалай үйрету керек?», «Қалай өз өмірінің менеджері болуға үйрету керек?» деген сұрақтарға жауап табатындай білім нәрін беруге бағытталып отыр.
– Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты қандай?
– Жаңа жүйенің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау. Демек, мектеп – үйрететін орта, оның жүрегі – мұғалім. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұс оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білу. Сондықтан, бүгінде елдің білім жүйесінде оқыту үдерісін тың идеяларға негізделген жаңа мазмұнын қамтамасыз ету міндеті тұр.
Біздің Меруерт Мелденовамен әңгімеміз осылай өрбіді. Онымен сұхбат барысында тәрбиелеген шәкірттерінің биік белестерден көрініп, өздерін сусындатқан мұғалімнің еңбегін ақтап жүргенін аңғардық. Мәселен, республикалық пәндік олимпиаданың ІІ-кезеңіне қатысқан оқушылары І,ІІ,ІІІ орындарды иеленген. 2016 жылы Қарағандыда өткен Қазақстан Республикасы Кіші ғылым академиясының 42-ші ғылыми практикалық конференциясында «Арал теңізінің табанында кейбір галофиттермен фитомелиоративтік жұмыстар жүргізу» тақырыбында 2 оқушысы ғылыми жоба дайындап, ІІ-дәрежелі дипломмен марапатталған. «Дарын» орталығының ғылыми практикалық конференциясына қатысқан оқушысы ІІІ-дәрежелі дипломмен, қашықтық олимпиадаға қатысқан 46 оқушының 6-уы І-дәрежелі, 20-сы ІІ-дәрежелі, 15-сі ІІІ-дәрежелі дипломды иеленген.
Сондай-ақ, өткен оқу жылында география пәнінен білімгерлері ҰБТ көрсеткіштері жоғары болып, бес «Алтын белгі» және төрт «Үздік куәлік» иегері болды.
Иә, ұлағатты ұстаздың білім саласындағы еңбегі ескеріліп, 2012-2014 жылдары «Жыл мұғалімі-2012» облыс әкімдігінің «шетелде іс-тәжірибеден өту» грантын жеңіп алып, шетелдік іс-тәжрибе үшін 1 миллион теңге жүлде алған. Сонымен қатар, Облыстық білім басқармасы «Алғыс хатымен», Аудандық білім бөлімі Құрмет грамотасы, КАЗГУ Экономика және Бизнес Жоғары Мектебі факультетінің «Алғыс хаты», Облыстық білім басқармасы мен кәсіподағының «Құттықтау хаты мен Алғыс хаты», «Өрлеу» БАҰО «Алғыс хаты мен Мақтау қағазы», Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының «Құрмет грамотасы», 2016 жылы «ҚР географиялық білім берудегі ерекше еңбегі үшін» төс белгісімен марапатталды. «Лучший учитель-координатор 2015» халықаралық конкурсында «Золотая Грамота» және т.б. алғыс хатпен марапатталған.

Түйін. Иә, аяғы жеткен жерге дейін ел аралап, жер көріп, сүйікті кәсібінің керегесін кеңейткен ізденімпаз ұстаз білім атты ұлы көштің керуенінде жас буын әріптестеріне бағыт-бағдар беруден танбай, сан талапқа таяныш болып жүр…

Айсұлу АЛДАНАЗАР.

Көрудің саны: 234  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру