ҚҰТ ҚОНҒАН ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ ШУАҚТЫ

4 Елбасы

Елбасының бағасы сырбойылықтардың сенімін сергітті

Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жұмыс сапарымен Сыр өңіріне келді. Президентті облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Байқоңыр әуежайынан күтіп алды. Мемлекет басшысы алдымен «Байқоңыр» кешені мен жұлдызды қаланың даму жоспарымен танысты.

Мемлекет басшысына Қазақстан мен Ресей арасында қабылданған «Байқоңыр» кешеніндегі одан әрі ынтымақтастық тұжырымдамасының іске асырылу барысы көрсетілді. Сондай-ақ, Президент «Бәйтерек» бірлескен жобасына қатысты атқарылып жатқан жұмыстармен де танысты. Қазіргі таңда қазақстандық кешенді өнеркәсіп пен жоғары технологияға бағытталған орталық ретінде дамыту көзделіп отыр. Ал осы бағыттағы басты шараның бірі – «Бәйтерек» жаңа зымыран кешенін салу. Бұл жаңа бастамаға Қазақстанмен бірге Ресей тарапы да мүдделі.
– Ресеймен жасалған уағдаластықтар аясында кешенді дамытудың стратегиялық бағыттары айқындалды. Арнайы құрылған үкіметаралық комиссия мен үкіметтеріміз тиісті жұмысты үйлестіруде. Нақты шаралар қабылданып жатыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, «Бәйтерек» жобасының аясында Байқоңыр қаласын да жан-жақты дамыту көзделіп отыр. Мемлекет басшысына жұлдызды қаланы дамыту перспективалары мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған іс-шаралар жөнінде баяндалды. Қазіргі таңда қалада әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда 5 көп қабатты үйдің құрылысын жүргізу көзделіп отыр. Сондай-ақ, қала іргесіндегі газды тұрғындар игілігіне жарату жұмыстары биылдан басталмақ. Алғашқы кезектегі 6 нысан әзірленіп, келер айда көгілдір отынға қосу қолға алынады. Сонымен қатар, Қазақстан тарапы өз қамқорлығына алған 6 мектеп пен балабақша да табиғи отынға қол жеткізеді. Елбасы сонымен қатар қаланың болашағы зор екенін және өңірдің экологиялық қауіпсіздігін арттырудың маңыздылығын да атап өтті.
***
Елбасының өңірдегі жұмыс сапары одан әрі «Қорқыт ата» мемориалды кешенінде жалғасты. Қазақстан Президенті сәулет кешенін аралап, музейдегі тарихи мұралармен танысты.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолының бойындағы Қорқыт ата мемориалды кешені қазіргі таңда өңірдегі туристік нысандардың қатарына енгізілді. Бүгінде бұл мәдени орынға келушілердің қатары көбеюде. Әсіресе, «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында мемориалды тамашалаушылар саны артты. Шетелдіктерді тарту үшін мұнда арнайы этноауыл салынып, қазақ мәдениеті қонақтарға таныстырылды. Келешекте кешенді нағыз туристік орын ретінде дамыту көзделіп отыр.
Мемлекет басшысына мемориалды тамашалау барысында кешенде жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижесі жөнінде баяндалды. Мұнда салтанатты іс-шаралар өткізетін алаң жасалып, орталық аллеяда жаяу жүргіншілерге арналған қосымша жол салынған. Сондай-ақ, монумент маңы абаттандырылып, ерекше кейіпке енген.

***
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қызылорда қаласында алдымен Сырдария өзенінің сол жағалауындағы шығыстық үлгіде жаңғыруды көздеген жаңа қала жобасымен танысты.

Сырдарияның арғы беті мен бергі бетін байланыстыратын жаңа көпірге келген Елбасы осында құрылысшылармен жүздесті. Президент «Мына көпірді жолын кең әрі үлкен етіп, жақсы салған екенсіңдер» деді риза кейіппен.
«Урбостиль» ЖШС директоры Любовь Нысанбаева Мемлекет басшысын жаңа қаланың сызбалық нұсқасымен таныстырды.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Сырдария өзенінің сол жағалауынан бой көтеретін қала жайлы айтып, жүргізіліп жатқан құрылыстың маңызына тоқталды. Сонымен қатар, бұл жерге салынатын ғимараттардың макеті арқылы жаңа қаланың болашақ келбеті көрсетілді.
Аймақ басшысы қаланың бас жоспарына сәйкес, сол жағалаудың 1532 гектарын игеру көзделіп отырғанын, оның Елордаға қарап бой түзеп келе жатқанын жеткізді.
Негізінен сол жағалаудағы аумақ 15 ауданнан құралады. Атап айтқанда, тұрғындарға арналған 11 аудан, 1 индустриалдық аймақ және 3 ірі парк пен бульвар қарастырылып отыр. Сол жағалауды кешенді игерудің алғашқы кезеңі 2017-2024 жылдар аралығына белгіленген. Десе де, бұл бағыттағы жұмыстар мерзімінен бұрын басталды. Дәлел ретінде өткен жылы пайдалануға берілген Сырдария өзенінің екі жағалауын байланыстыратын көпірді айтып өтуге болады. Биыл да бұл жұмыстар өз жалғасын тапты. Ағымдағы жылдың мамыр айында Сырдария өзенінің сол жағалауынан 5 қабатты 18 тұрғын үй мен 320 орындық балабақшаның іргетасы қаланды. Ең бастысы, бұл нысандар құрылыс компанияларының өз қаражаты есебінен салынады.
Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аталған аймаққа салынатын ғимараттар жайлы айтып, Қызылордадағы басқа да құрылыс жұмыстарына тоқталды.
– Жыл басынан бері Қызылорда қаласында барлығы 230 мың шаршы метр болатын 2 мың 971 пәтерлік 61 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде жеке инвесторлардың өз қаржысы есебінен
957 пәтерлік 24 көпқабатты тұрғын үй, мемлекеттік бағдарламалар арқылы 2 мың 14 пәтерлі 37 көпқабатты тұрғын үйлер салынуда. Бүгінгі күні соның ішінен 24 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілсе, халық қаражаты есебінен жалпы ауданы 180 мың шаршы метрді құрайтын 1280 жеке тұрғын үй құрылысы салынды, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Елбасы сол жағалауда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, құрылысшылармен кездесті. Бұл жерде «Сәт-Сервис» ЖШС директоры Роза Иманова сөз сөйлеп, құрылысшылардың атынан ризашылығын білдірді.
– Аса құрметті Елбасы, сарабдал саясат ұстанып, еліміздің дамуына жарқын жол ашқаныңыз үшін сізге шексіз ризамыз. Туған елімізді гүлдендіру жолында аянбай еңбектенетінімізді жеткізгіміз келеді, – деді ол.
Ал, қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов «Болашақ» университетінің қалашығы салынатынын айтып берді.
Мемлекет басшысы Астана секілді сол жағалауға құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан құрылысшыларға алғыс айтып, табысты болыңдар деген лебізін білдірді. Осындай жылы жүздесу барысында облыс басшысы Сыр елінің Астанадан үлгі алатынын жеткізді.
***
Мемлекет басшысының сапары Қызылорда қаласының Титов қыстағындағы индустриялық аймақта салынып жатқан шыны зауытында жалғасты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құрылыс нысанындағы қызу жұмыс барысымен танысып, аталған индустриялық жобаның болашағы зор екенін жеткізді.
– Қызылордада бұрын-соңды мұндай жоба болған емес. Шыны шығару – индустрияның алдыңғы қатарлы өндірісі. Зауыт іске қосылған жағдайда бұл жерде бір ғана облыстың емес, бүкіл Қазақстанның сұранысына жауап беретін көлемде өнім өндіріледі, – деді Мемлекет басшысы.
Осында жергілікті бизнес қауымдастығының, ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен пікір алмасуда «Таң LTD» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаев күріш өсіру ісіндегі жаңалықтармен бөлісті.
– Сырбойылық диқандар жаңа тұқымға, жаңа техникаға қол жеткізіп отыр. Біздің басты мақсатымыз – ауыл шаруашылығын қайта өңдеу секторына көшіру арқылы өнімімізді экспортқа шығару. Бұған бізде барлық мүмкіндік бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын облыстан мұнай, тұз бен шағын көлемде күріш, балық сыртқа шығарылатын. Тек соңғы төрт жылдың ішінде күріш экспорты 28 пайызға, балық экспорты 8 еседен жоғары көрсеткішке артты, – деді шаруашылық жетекшісі.
Кездесуде өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, кәсіпкерлерді қолдау шараларына тоқталды.
Шағын және орта бизнестің дамуы – кез келген ел экономикасының негізі екенін атап өткен ел Президенті Н.Назарбаев:
– Аймақ экономикасы көтерілсе, халықтың да жағдайы жақсарып, қоғамның даму қарқыны жоғарылайды, – деді.
***
Елбасы Қызылордадағы “Арай” спорттық ойын-сауық кешенінде сырбойылық жастармен кездесті. Кездесуге бокстан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев, ауыр атлетикадан Азия ойындарының чемпионы Әсем Садықова, каратэ-додан Әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай, тағы басқа спортшылар жиналды. Сонымен бірге «Нұрсұлтан» есімін иеленген үздік оқушылар да Елбасымен жүздесуге облыс аудандарынан арнайы келді.
Аралдық Нұрсұлтан Жақсыкелдиев 2 сыныпта оқиды. Ол Мемлекет басшысына:
– Мен болашақта Сіз сияқты Президент немесе космонавт болғым келеді. Өйткені Президенттің өзінің самолеті бар. Ал мен әжемді, бірге оқитын достарымды және көрші балаларды самолетпен қыдыртқым келеді. Әсіресе, Сіз салған Астананы көргім келеді. Өйткені бәрі сол қаланы мақтайды, – деп балалық арманын айтты.
Тәуелсіз елдің азат ойлы өренінің асқақ арманын тыңдаған Елбасы кішкентай аттасының басынан сипап, ата-анасымен бірге Астанаға қыдырып қайтуға шақырды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев алдағы уақытта Нұрсұлтан мен оның жақындарының еліміздің бас қаласына барып-келуіне жағдай жасалатынын жеткізді.
Елбасымен кездесуге Мәскеуден К.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің 3 курс студенті Наргиз Кашапова да келді. Ол 12 жасынан бастап балалар үйінде тәрбиеленген. Қызылордада 2015 жылы балалар үйі жабылып, «Атамекен» балалар ауылына айналғанда 11 сыныпты аяқтап қалған еді. Сол жылы қаламызға келіп емтихан қабылдаған Ресей университеттерінің сынағына қатысып бағын сынап көрді. Барлық емтихандардан жақсы нәтиже көрсетіп, Санкт-Петербург, Мәскеу, Қазандағы жоғары оқу орындарының грантына ие болды. Әйткенмен Наргиздің өз таңдауы Мәскеуге түсті.
– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Менің Мәскеуден келгеніме бір-екі күн болды. Ондағы өзім құралпылас жастардың Сізге деген сәлемін ала келдім. Мәскеудегі дос-құрбыларым Сіздің жас ұрпаққа артқан сенімізді ақтап, еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосуға дайын, – деді Н.Кашапова.
Елбасы Ресейдің техникалық жоғары оқу орындарында білім алып жүрген барша қызылордалық жастардың сәлемін жеткізген Наргизге мейірімін төгіп, құшағына қысты. Тәуелсіз елдің болашағы – жастардың, жас мамандардың талабына, армандарына жету жолындағы ынта-жігерлеріне ризашылық білдірді.
Соңғы 4 жылда қызылордалық түлектер өнер мен мәдениет, білім мен ғылымның орталығы – Мәскеу мен Петерборда Ресей Үкіметінің гранты негізінде оқи бастады.
Елбасы Аралдың Қосжар ауылынан келген Ерсұлтан Бақытбаевты да тыңдады.
– Құрметті Нұрсұлтан ата! 2005 жылы біздің ауылға келгенде «Балама Сіздің атыңызды қояйын» деп қолқа салған атама «Нұрсұлтан бар ғой, балаңыз Ерсұлтан болсын» деп менің атымды өзіңіз қойған екенсіз. Мен Сіз берген есімге лайықты болып, елімнің ержүрек Ерсұлтаны болғым келеді. Сізге мың да бір рахмет! – деді ол.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы спортшылардың ой-пікірлерін ден қойып тыңдады. Арқаларынан қағып, ақ батасын берді. Алдағы жарыстарда еліміздің Көк Байрағын жоғары көтеріп, жеңіспен оралуларына тілек қосты.
Одан әрі Елбасы «Арай» спорттық ойын-сауық кешенін аралап көрді. Бұл нысанда қазір аквапарк, аттракционды саябақ, клуб-мейрамхана, балалардың ойын алаңы, фитнес клуб пен жаттығу залы, сұлулық салоны, картинг жолдары, жедел тамақтану дәмханалары, түрік моншасы келушілерге өз қызметтерін ұсынады. Мұндай кешен бұрын Қызылордада болмаған. Аквапарктің су аттракциондары тек балалардың ғана емес, үлкендердің де демалысын өткізетін орынға айналды.
Елбасының Сыр еліне сапарында осылайша аймақтағы айшықты істер тағы бір жарқын көрініс тапты.

Ақпарат көздерінен.

1 Елбасы кесене

Көрудің саны: 146  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру