Өрісінде ТӨРТ ТҮЛІГІ тҮЛЕГЕН аудан

CnuMbdrWcAADOyJ

 Жаңақорған – бағзыдан атакәсіпті арқау еткен берекелі аймақ. Жазиралы жайылымы төрт түлікті түлетіп һәм төлдетуге таптырмайтын жер. Дала дидарының тұмса табиғатын осы қоныстан табасыз. Содан болса керек, мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасының орындалу барысы бойынша аудан облыста көш бастап тұр. Бір ғана мысал, өткен жылы жоспар бойынша 920 бас мүйізді ірі қараға қол жеткізу керек болса, оны 1269-ға жеткізіп, 349 басқа артық орындаған.

Иә, аудан көлемінде соңғы жылдары мал шаруашылығын дамытуда нәтижелі жұмыстарға қол жеткізілді. Атакәсіпті дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар аясында бекітілген жылдық жоспарларды бірінші жарты жылдықта орындауға қол жеткізілген. Бұл туралы біз аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Ерғали Қайырбековпен тілдесу барысында білдік.
– Жалпы өңірде төрт түліктің басы жыл санап артып келеді. Оған мемлекеттік бағдарламалардың әсері мол. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жылдық жоспар 263 бас мүйізді ірі қара малдың 18 айдан асқан қашары мен сиырын сатып алу қажет болса, оның орнына 658 бас тауарлы сиыр сатып алынды. Яғни, жоспар 250 пайызға асыра орындалды. Ал, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша жылдық жоспар 125 бас қой сатып алу белгіленсе, 212 бас сатып алынды. Жоспар 169,6 пайыз орындалды. Сол сияқты «Құлан» бағдарламасының жылдық жоспары 63 бас болып белгіленіп, оның орнына 75 бас бие сатып алынды, – дейді бас маман.
Сала маманының сөзінен бұл бағыттағы жұмыстың қарқынды екенін байқадық. Яғни, төрт түліктің саны бағдарлама аясында жылдан жылға еселеніп, жаңақорғандық шаруалардың шаруасы ширай бастаған. Ендігі кезекте аудан бойынша жалпы мал басының санына тоқталсақ. Облыстық статистика басқармасының 2017 жылғы 1-шілдедегі мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда мал басы 61311 бас мүйізді ірі қараға жетіп, оның ішінде аналығы 32380 бас екен. Ал мұның 388 басы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының, 23352 басы шаруа қожалықтарының, 37571 басы жұртшылық шаруашылығының меншігіне жатады екен. Оған қоса, уақ мал 267361 бас, жылқы 13835 бас, түйе 1491 басқа жетіпті.
– Сондай-ақ, төл алу барысы да межеленген жобадан кем болған жоқ. Атап айтқанда, жыл басындағы әр 100 аналықтан 36 бұзау алынып отыр. Алайда, жылдың қорытындысымен 60-70 пайыз қамтамасыз етіледі деп меже бар. Оған қоса, жыл басындағы әр саулықтан 80 қозы алынды. Әзірге құлын мен бота 47-ден ғана алынса, жылдың қорытындысымен құлын 70, бота 50-ден алынады деп жоспарлануда, – дейді Ерғали Қайырбеков.
Түптеп келгенде, мал шаруашылығының жоғарыдағы негізгі көрсеткіштері өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда жоғары болғаны айтпасада түсінікті. Әсіресе, атакәсіпті дамытуды арттыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың алар орны айрықша. Себебі, жеңілдетілген субсдидияның негізінде шаруасын тіктеп, еңбегін еселеуде қарапайым қожалықтар. Осы тұста, айта кететіні, Ерғали Қайырбеков атакәсіпті арқау еткен малшылар қауымына жағымды жаңалығы бар екенін жеткізді. Яғни, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды және оның өнімділігін және өнімдік сапасын арттыруға байланысты субсиядилауға өтінім беру жүріп жатқандығын тілге тиек етті. Мүйізді ірі қара малдарының селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарды жүргізуге субсидия алу үшін 1-қыркүйекке дейін аяқталса, ал, қойлардың аналық басымен селекциялық асыл тұқымдық жұмысын жүргізуге 1-қазанға дейін өтінім беру керек екен.

ШҮЙГІН ЖАЙЫЛЫМ МАЛҒА ҚҰТ
Ендігі кезекте, Жаңақорған ауданының жайылымдық жерлері мен оны суландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды легін тарқатсақ. Мал шаруашылығымен айналысу үшін суландырылған жайылымдық жердің маңызы зор.
– Аудан бойынша жайылымдық жер мен суландырылған немесе жайылымның сумен қамтамасыз етілу деңгейін, оның жарамдылығы мен түгелдеу жұмыстарын айқындап алу мақсатында аудан әкімі өкімімен арнайы жұмысшы тобы құрылды. Жұмысшы тобы жайылымдық жерлерге қажетті сараптама жасай отырып, тиісті қорытынды жасады. Нәтижесінде аудандағы жер қоры 241543396 гектарды құрады. Оның 628862 гектары жайылымдық жер болып есептелген. Түгелдеу жұмыстарының қорытындысы бойынша, жоғарыдағы аталған жайылымдық жерлерден 542,4 мың гектарын мал жайылымына және жем-шөп дайындауға қолайлы деп есептелді. Аталған жайылымдық жерлер 192 су көздерімен қамтамасыз етілген. Оның 125 данасы реконструкцияны қажет етеді, – деді аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Ерғали Қайырбеков.
Сондай-ақ, мал басының жыл сайын өз төлі есебінен өсуі және олардан алынатын өнімдердің сапасы мен көлемінің еселеп артуын ескірген суландырылған жайылымдық жерлер қанағаттандыра алмағаны белгілі болған. Бұл бағытта аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі жайылымдық жерлерді суландыру бойынша құдық қазу және оған қажетті қаржы көзін қарастыру жөнінде жұмыс жатқанын жеткізді. Десе де, жайылымды суландыру жөніндегі бағдарлама негізінде бекітілген ережелерге сәйкес аудандағы жекелеген шаруашылықтар 26,5 миллион теңге мемлекеттің қолдауына ие болған. Қәзіргі уақытта шаруалар осы бағдарлама аясында атқарылған жұмыстарға белгіленген ережелерге сәйкес тиісті құжаттар дайындап, комиссияның отырысына ұсынуда екен.
Не десекте, аудан аграрлы аймақтың бірі болғандықтан жайылымдық жерге баса назар аударған абзал. Малшылар қауымы жиі мәселе етіп көтеріп жүрген Қызылқұм аумағын игеру онда суландыру жұмыстарын жүргізу күн тәртібінен түспейтіні айқын.

Әбдісамат ӘБДІШ.

Көрудің саны: 129  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру