Кітап – көркем мінезділікке тәрбиелейді

3 мектеп

КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТТІ КӨП ОҚЫҒАН ТҰЛҒАНЫҢ ТАБИҒАТЫ ТАЗА, КӨҢІЛІ КІРШІКСІЗ КЕЛЕДІ. ЖАНАРЫНАН ЖЫЛЫ ЛЕП, ЖҮЗІНЕН ЖҰМАҚТЫҢ НҰРЫ ТӨГІЛІП ТҰРАДЫ. ОСЫНДАЙ ЖАННЫҢ БІРІ №3 МЕКТЕП ИНТЕРНАТЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОҚУ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ, ҚАЗАҚ ТІЛІ, ӘДЕБИЕТІ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ, ӘУЛЕТІНІҢ ИБАЛЫ КЕЛІНІ ГҮЛНАРА САБЫРХАНҚЫЗЫ ӘЛІБЕКОВАМЕН САЛИҚАЛЫ СҰХБАТ ӨРБІТУДІҢ СӘТІ ТҮСТІ.

– Сіздің дәрісіңізді бойға сіңірген оқушылар үнемі үлкен жетістікке жетіп отырады. Мұның құпиясы неде?
– Мәлік Ғабдуллиннің «Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді» деген сөзі нағыз ұстазға айтылған мінездеме секілді. Ұстаз болу жауапкершілігі мол жұмыс. Еңбек жолыма 20 жыл, соңғы 4 жылда оқу ісінің меңгерушісі қызметіндемін. Шәкірттеріме ұстазы ретінде де, жанашыр жақыны ретінде де дұрыс жол сілтеуге тырыстым. Әр баланың өмірде өз жолын таңдай білуіне ықпал етіп, бұғып жатқан қырларын ашуға талпындым. Баланың жетістігін көру үшін оны алдымен рухани білімге тәрбиелеуге баулимын. Осындай мақсаттардан кейін, оқушыларым бір-біріне үлгілі болуды көздейді.
– Сіз баулыған шәкірттер ҰБТ — да жоғары нәтижеге жетіп, таңдаулы оқу орнына түсіп, мектептің абыройын асқақтатты. Дайындық қалай жүргізілді?
– Мектеп басшысы Ләззәт Нәлібаева біздің шығар-машылық һәм рухани дамуымызға, терең ізденуімізге барлық жағдайды жасауда. Қосымша сабақтар ақысыз негізде жүргізілді. Жетістікке жету жолында аянбай тер төгуге тура келді. Үкілі үмітімді ақтаған мектеп түлектері жақсы нәтиже көрсетті. Өткен жылы мемлекеттік тілдерді дамытуға арналған гранттың иегері болып, облыстық білім басқармасының «Құрмет» граммотасына ие болдым.
– Аудандық, облыстық мүшайраға және түрлі жарыстарға дайындаған оқушыларыңыз жүлдесіз қайтпайды екен. Жастардың талабын қалай шыңдайсыз?
– Мен сабақ барысында ақындық таланты бар оқушыны тез танимын. Өйткені ол оқушының өзіне тән мінезі болады. Арқаланып, сыныпқа сыймай шабыттанып отырады. Ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқыту арқылы әрбір баланың әдебиетке құштарлығын оятамын. Сол себепті үнемі сабақ жоспарын ұйымдастыру кезеңінде «Поэзия минутына» уақыт бөлемін. Талантты жастарды бәйгеге қосқан тұлпардай бабын келтіремін. Жарысқа келер алдында шығарманы әбден жетілдіріп, електен өткізгендей саралап шығамыз. Оқушым Ұлбосын Нұрбацина. Семей қаласында өткен Абай оқулары байқауына қатысып, сертификат алды. Сол секілді Данагүл Әзімханова, Аружан Тлеубек, Айғаным Искакова облыста жүлдегер атанды.
– Ұжым алдында сыйлы болудың сыры неде?
– К.Ушинскийдің «Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады» деген сөзі менің ұстанымыма айналды. Үнемі ізденіс үстінде жүремін. Қызметте де, өмірде де адал болуды парыз деп санаймын. Жоғары санаттағы ұстазбын. Атақ пен мансапқа құмартқан емеспін. Жалған сөйлеу мен сылтауратуды жаным сүймейді.
– «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Елбасының бағдарламасынан не түйдіңіз?
– Жолдауда халқымыздың қастерлі дәстүрлерін сақтау туралы нақты айтқан. Ата дәстүрді сақтау керек дегенде адамдықты, адалдықты, кісілікті, мәдениетті, тәртіпті дәстүрлі түрде бойға сіңіруді меңзейтіндей. Халқымыздың қанында адамның ала жібін аттамайтын, біреуге қастық ойламайтын, тек жақсылық тілейтін тамаша қасиеттер болды. Осы қазақы қасиеттен айырылсақ, ұлттық болмыстан ажыраймыз. Сондықтан, үлкендер жастарға үлгі көрсетуіміз керек. Бір сөзбен қайырғанда, өз жолымызды, жөнімізді білейік. Таза жүрейік. Содан тәлім алған жастың келешегі жарқын болады.
– Қандай ақынның шығармасы жан дүниеңізге жақын? Жеке кітапхана сөреңізде қанша кітап бар?
– Жалпы, жас кезімнен көп кітап оқыдым. Оған өзіндік себеп бар. Әкем Сабырхан Әлібеков «Арыс ақиқаты» газетінің бас редакторы, анам Зәурекүл Оразбаева қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғандықтан, үйде үлкен кітап-қоры болды. Сол кітаптардың ішінен жаныма жақынын жата-жастана оқушы едім. Мұқағали Мақатаевтың көптеген өлеңдерін жатқа білемін. Өйткені шығармасы жүрегіме жақын. Менің сырласым да, досым да – «Жырлайды жүрек» кітабы. Жабырқаған көңілімді жұбатады. Кеңес кезінде білім алған жастың бірі болғаннан соң кітапты оқуды дағдыма айналдырғанмын. Сыр өңірінің жазушыларының жаңадан шыққан кітаптарын іздеп, тауып алып оқимын.
– Соңғы оқыған кітабыңыз?
– Дулат Исабековтың «Қарғын»романы. Өзіме жігіттің махаббат пен сөзге адалдығы, қайсарлығы ұнады. Жалпы, жүректің шерін қозғайтын роман. Осынысымен де «Қарғын» аталыпты.
– Сізді білетіндер тек кітапқа ғана емес, көркем мінезге де бай дейді…
– Сырт келбетің мен көркем мінезділік бір-бірімен қабысып жататын дүние. Жандүниесі сұлулыққа, имандылыққа, адамгершілік асыл қасиетке толы адамның жүзінен иман сәулесі төгіліп тұрады. Адамның мінезіне қарап, оның шыққан ортасын, достарының кім екенін аңғару қиын емес. Өз қыздарыма да, өзім сабақ беретін қыздарға да Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» шығармасындағы Ментайдың перзентіне жазған хатын оқытып, оның ғибратты сөздерін санасына құйдырып отырамын. Кітап – көркем мінезділікке баулиды.
– Қарашаңырақтың түтінін түтеткен отана болумен қатар жауапкершілігі жоғары қызметті қатар алып жүру қиын емес пе?
– Бағыма орай, көрегенді, елге сыйлы отбасына келін болдым. Атамды (Әбдіхалық Әйтілеуов – автор) халық таниды. Көпшілік ақыл-кеңес сұрап, жиі келеді. Апам өте байсалды, ашық мінезді еді. Келін болып түскен күннен бастап менің қос арқа сүйер тірегім болды. Жұмыста беделді, сыйлы болуыма, ғылыми ізденуіме көмектерін аямады. Атам үнемі баспасөз бетінде жарық көрген шығармаларды талдап, маңызды ақпараттарды жинақтап, қиындыларын тігіп, «Гүлнар мынау сенің сабағыңа керек дүние» деп ұсынып отырады. Бұл мен үшін сый-құрметтің биігі. Жаңадан кітап шықса да, алдымен өзі оқып, сосын маған «мынау тәуір әңгіме екен» деп, оқып шығуымды қадағалайтын. Қайын енем мен атамды өз туған әке-шешемнен де артық көрдім. Себебі, үлкендердің ыстық ықыласына бөленіп, сол кісілердің нұсқаған жолымен жүріп, отбасы махаббатына кенелдім. Атам «шырағым, сен қарашаңырақтың иесісің. Үйге келгенді риза етсең, Алла несібеңді мол етеді. Үлкен-кішіге қамқор бол» деп тәрбие негізін сіңірді. Жолдасым Жомарт та № 125 орта мектебінде денешынықтыру пәнінің мұғалімі. Менің жұмыс істеуіме еш қарсылық етпеді, керісінше алға талпынуымды қалады. Бір сөзбен айтқанда, көзі ашық, көкірек көзі ояу отбасына жар болып, әйел бақытына кенелдім.
Бір ұл, үш қызды тәрбиелеп отырмыз. Үлкен қызым Меруерт Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университетінің магистрі, Гүлжайна да осы университеттің ағылшын және француз тілі факультетінде оқиды. Перизат та ғылыми жолды таңдады. Ұлым мектепте, күреске бейім. Қыздарымның білімді, тәрбиелі инабатты болуын қалаймын. Олар да атамыздың ақыл-кеңесін көп тыңдайды. Әрбір сөзін ұмытпау үшін қойын дәптерге жазып, үнемі оқып, естеріне салып жүреді. Атамыз ақылдың дариясы ғой. Ата-әженің тәрбиесін көрген жан ұятты іске бармайды деп сенемін.

– Салиқалы сұхбатыңызға рахмет! Әр күніңіз мерекеге толы болсын!
Мақпал ПАТЕНОВА.

Көрудің саны: 334  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру