Электронды үкіметтің әлеуеті

elektronnoe_pravitelstvo_karikatura

Біз бүгін ғаламтордың ғаламат мүмкіндігін сөз етпекпіз. Шалғай ауылда отырып, аудан орталығынан қандай құжаттарды алуға болатынын қарастырдық. Яғни, «Электрондық үкімет» порталының пайдасы мен қолжетімді қызметін тарқата айтпақпыз. Биыл е.gov.kz сайтының халыққа электронды түрде қызмет көрсете бастағанына 10 жыл. Алайда осы он жыл ішінде интернетті қаншалықты игілігімізге икемдедік? Пайдалы порталға 5 миллионнан астам пайдаланушы тіркелген. Жалпы, күн санап портал пайдаланушыларының саны артуда. Онлайн қызмет түрлері арқылы тұрғындар уақыты мен қаражатын үнемдейді. Орталықтың о бастағы мақсаты да мемлекеттік қызмет түрін оңтайландыру еді. Бұқара халыққа сапалы қызмет көрсетіп, көп қағазды азайтып, құжаттарды электрондық форматқа көшіріп, ашықтықты қалыптастыру. Қазірге дейін 10 млн. электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) берілген. Оның 4 млн-нан астамы жеке куәліктің чиптеріне жазылған. Осы қолтаңба арқылы қажетті құжаттарыңызға қол жеткізе аласыз. Тақырыптың әлқиссасын порталға кіру үшін ЭЦҚ-ны қалай алуға болатынынан бастасақ. Бұл сұрақтың жауабын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалы — «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің Жаңақорған аудандық бөлім басшысының орынбасары Қуаныш Мауленовтен білдік. Бөлім басшысы орынбасарының  айтуынша, ЭЦҚ-ны екі жолмен алуға болады. Біріншісі – ЭЦҚ-ны жаңа үлгідегі жеке куәліктің чипіне жазу арқылы. Бұл үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, жеке куәлікті көрсету керек. Жеке куәлікке жазылған қолтаңбамен тек арнаулы карт-ридер болған кезде ғана жұмыс жасауға болады екен. Ал, екінші жолы – ЭЦҚ алуға онлайн-өтінімді беріп, оны компьютерде сақтау арқылы. Мұнда да берілген өтінімді растау үшін ХҚКО-ға бару қажет. Осыдан кейін ғана сізге кеңжолақты ғаламтор арқылы үйіңізде отырып е.gov.kz сайтынан электрондық қызметтер мен төлемдер жасауыңызға мүмкіндік ашылады. Айта кету керек, пайдалы порталда 240 түрлі қызмет пен сервис қолжетімді.

 

ҚЫЗМЕТТІҢ ҚАЙ ТҮРІНЕ СҰРАНЫС КӨП?

         Электронды үкімет порталы арқылы ең жиі көрсетілетін қызметтің түрі –мекен-жай анықтамасын беру. Қазақстан бойынша берілген анықтама саны 70 млн астам. Сұраныстағы екінші құжат –жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар туралы анықтама – шамамен 20 млн. Мұнан кейінгі орында–зейнетақы шотының үзіндісі мен соттылықтың болмауы туралы анықтама. Бұл Қазақстан бойынша айтылған дерек. Енді Жаңақорғанға келсек. «Халыққа қызмет көрсету орталығының» аудандық бөліміндегі «Өзіне-өзі қызмет көрсету секторы» арқылы 3 жұмыс орнында есепті мерзімде барлығы 1285 азаматқа кеңес беріліп, 24168 электрондық қызметі көрсетілген. Ал, ел бойынша электрондық үкіметтің төлем шлюзі арқылы шілде айына дейін 21 млрд. теңгенің төлемдер сомасы төленген. Ал, аудан бойынша Электронды үкімет шлюзі арқылы баж алымдарына 199 төлем жасалып, 7040 кеңес беріліп,  581250 теңге, салық төлемдері бойынша 7317 кеңес, 58 төлем жасалып 414296 теңге төленген. Айыппұлдарды төлеу бойынша 9071 кеңес 195 төлем арқылы 1958002 теңге, барлығы 23428 кеңес беріліп, 2953648 теңгеге төлем жүргізілген. Жалпы, е.gov.kz төлем сервисі арқылы салықты, айыппұлдарды, коммуналдық қызметтерді, байланыс қызметтерін т.б. төлеуге болады.

 

МОБИЛЬДІ ҚОСЫМШАНЫҢ МҮМКІНДІГІ

Бүгінде кез келген тұрғын қолында қолжетімді интернеті бар ұялы телефон ұстайды. Әсіресе, жастар қауымы ертелі-кеш әлеуметтік желіде отырса да, интернеттің мүмкіндігіне маңыз бермеуде. Мақаланы жазу барысында 20-дан астам жастың телефонын тіміскіледім. Егов-тың қосымшасын таппадым. Есесіне желінің сан түрін көрдім. Жарайт, тақырыпқа ойыссақ. Егер үйіңізде ғаламтор желісі болмаса, онда еgov мобильдік қосымшасын пайдаланыңыз. Мұнда 80-нен астам қызмет пен сервис қолжетімді. Олардың ішінде, электронды түрде неке тіркеуге өтініш беру, медициналық мекемеге тіркелу, дәрігердің қабылдауына жазылу және борышкерлер реестрі арқылы шетелге шығуға тыйымның бар-жоғын тексеруге болады. Сондай-ақ мобильдік құрылғы арқылы мекен-жай анықтамасы, балабақшаға кезек нөмерін тексеру сынды қызмет көрсету көрсеткіші жоғары екен. Иә, қарапайым ғана, ұялы телефоныңыздағы «Плей маркет» электронды дүкенінен «еgov» мобильді қосымшасын жүктеп алсаңыз жеткілікті. Ары қарай, өзіңізге қажетті құжаттарға мобильді түрде өтінім бере аласыз.

 

ҚОЛЖЕТІМДІ ҚҰЖАТТАР

         Егер сіздің электронды цифрлық қолтаңбаңыз болса, порталдан қандай қызметтерге онлайн түрде өтінім бере аласыз? Бәрін болмаса да, бірқатарын атап өтсек: Баланың тууын тіркеуге электрондық өтінішті беру, Баланы балабақшаға кезекке қою, Туу туралы анықтама алу, Бала туғанда берілетін және бала күтімі жөніндегі жәрдемақыларды тағайындау, Мекен-жай анықтамасын алу. Тізбектей берсең, тізбектеле береді. Жалпы, саны электронды  порталда 240 түрлі қызмет пен сервис қолжетімді.

– Өзім е.gov.kz сайтының тұрақты пайдаланушысымын. Үкімет тарапынан осындай мол мүмкіндіктер қарастырылғаны уақыт жағынан ұтымды. Үйде отырып, қажетті құжаттарыма қол жеткіземін. Сондай-ақ коммуналдық қызмет түрлері мен төлемдерді электронды түрде төлеймін. Яғни, кезекке тұрып, кабинет жағалайтын заман артта қалуда– дейді кент тұрғыны Ерлан Абдрасилов.

Иә, түйіндей айтқанда, мемлекет жасап отырған мүмкіндікті барынша игілікке пайдалану, заман талабы. Қазір барлық сала электрондық форматқа сатылап көшіп жатыр. Әкімдік те,  емхана да — бәрі де. Компьютерді пайдалану сауатыңыз болса, әлемнің кез келген нүктесінде отырып, интернеттегі электрондық үкімет порталына кіріп, мемлекеттік қызметті пайдалануыңызға болады. Олай болса, іске сәт! Кезек күтіп, уақыт жоғалтқанша, пайдалы порталдың қолданушысы атаныңыз.

 

Әбдісамат ӘБДІШ.

Көрудің саны: 213  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру