Берекелі ауылға бақ қонады

IMG_5881

Қазақы тәрбиеде үлкенді сыйлау, ағаны ардақ тұту дейтін құрмет інінің санасын сілкіп, қанға сіңген қасиетіне қозғау салады. Әсілінде, алдыңда ардақтар алты ағаң болсын, артыңда ізетті жеті інің болсын дегеннің өзі осындайдан шықса керек. Осы тұста, аққорғандық Жармұхамбет Төреқожаев ағамыз туралы айтпас бұрын арыдан сөз саптауға тура келеді. Ол Түгіскен тыңының игерілуіне сүбелі үлес қосқан арда азамат. Су шаруашылығының майталман маманы. Түгіскен ауылының 50 жылдық мерейтойына орай қадірменді қариямен біз қарашаңырағында қауыштық.

«Елу жылда ел жаңа» демекші, әуелі әңгіменің әлқиссасын әріден бастауды жөн көрдік. Өткенге көз жүгіртіп, өзі де ауылдың іргетасы қалануына қолтаңбасын қалдырған қарттан жазиралы даланың қалай ажарлы ауылға айналғанын сұрадық.
– Елу жыл. Тарих тезіне салсақ қас-қағым сәт. Адам өмірімен жарты ғасырлық ғұмыр. Бұл арада қаншама ұрпақ алмасты. Әрі ауыл қайта қалыптасу, жаңғыруларды бастан өткеріп, іргелі атақонысқа айналды. Сол өткелдерден өткен сайын кешегі мен бүгінді бағамдап, терең ойға қаласын. 1967 жылы Түгіскен тыңы игеріле бастаған тұста өзім студент едім. Жалынды жас ретінде басты мақсат – туған өлкенің өркендеуіне үлес қосу болатын. 1970 жылы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын «инженер-гидротехник» мамандығы бойынша тәмамдадым. Сол жылы отбасымызбен Манап ауылынан Түгіскен топырағына қоныс аударып, алғашқы еңбек жолымды бастадым. Бригадаға гидротехник ретінде жұмысқа қабылданып, ертелі-кеш еңбек еттік. Бүгінгі Мұсаханов каналын ол кезде КМК деп атайтын. Яғни, Келінтөбе магистральді каналы. Өз басым осы дала қонысындағы Мейрамтөбе маңындағы КМК-5 деген аумақта канал қаздырып, суландыру жүйесінде басы-қасында болдық. Қыстың қытымыр аязына қарамай, батпақ кешіп, белді буып барымызды салдық. Нәтижесінде 1971 жылдың ерте көктемінде егіс алқабына айналдырып, күріш ектік. Кейіннен бригаданың бас гидротехнигі ретінде Келінтөбе магистральді каналының екі жақ бет аралығы яғни, Сырдарияның жағасы мен «Қызылқұмға» дейінгі тың жерді игердік. Инженерлік жүйеге келтіріп, елдің игілігіне пайдаланылды. Жерден ризығын іздеген диқаншы қауым тың топырақтан мол өнім алғаны ел есінде.
– Аға, еңбек жолыңызға қарасам, басшылықтың бірнеше баспалдағынан өтіп, елге қызмет етіпсіз. Тек Түгіскеннің ғана емес, өзге ауылдың да өсіп-өркендеуіне үлес қостыңыз. Жалпы, бүгінгі басшының бойында қасиет болуы тиіс?
– Иә, ұйымдастырушылық жұмысымды бағалаған басшылық 1980 жылы көршілес ХХІІІ партсъезге партия комитетінің хатшысы етіп сайлады. Мұнда да халық тұрмысының түзелуіне еңбектендік. Одан әрі білім жетілдіру мақсатында Алматы жоғары партия мектебінде оқыдым. Елге оралған соң, Төменарық қаракөл қой совхозына партия комитетінің хатшысы, Алмалық совхозының директоры, ауданда промкомбинатта директор, соңыра зейнет жасына жеткенше Түгіскен мемлекеттік шаруашылығында бас экономист қызметін атқардым.
Ал, қазіргі басшының бойында қандай қасиет болуы тиіс деген сауалға оралсақ. Әрине, ең бірінші, әділ болуы керек. Қандайда болмасын істі үйіріп әкететін іскерлік қабілеті мен ұйымдастырушылығы тағы бар. Тереңінен ойлай білетін көрегендік қасиеті құнды. «Бақ та тақ та таласқанға бұйырмайды, халықтық істе жарасқанға бұйырады» деп дана халық текке айтпаса керек. Үнемі елдің игілігіне жарайтын қоғамдық істе ауыл үлкендерімен ақылдасып отыру артық етпейді. Себебі, халыққа қаншалықты жақын болсаң, елдің құрметіне бөленесің. Бір сөзбен айтқанда, басшы – іскер, талапшыл, әділдікті ту ететін жан болуы ләзім.
– Қазыналы қария ретінде қазіргі Түгіскеннің келбетіне қандай баға бересіз?
– Шүкір, Аққорған атанған ауыл бүгінде төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреген киелі қоныс. Нақ қазір қайнаған еңбектің шынайы көрінісін көргің келсе, қырманға бар. Дала еңбеккерлерінің еселі маңдай тері елу жыл бұрынғы тың игеру кезеңін еске түсіреді. Қазіргі Түгіскен тұрмысы түзелген, еңсесін тіктеген тіректі ауылдың санатында. Сардар Садықов басшылық ететін бұл елдімекеннің ертеңі кемел. Болашағы баянды. Аудандағы бірден бір тіректі ауыл ретінде мемлекеттің қолдауын көп сезінудеміз. Мәселен, «Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік» демекші, ел бірлігінің ерен үлгісі ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгер көрегендігінің нәтижесінде тәуелсіздікке қол жеткіздік. Сол Тәуелсіздіктің бзге тартқан сыйы аз емес. Ауылымызда жаңа мектеп пен дәрігерлік амбулаториялық нысан бой көтерді. Оған қоса, биылдың өзінде үш бірдей ауқымды құрылыс жүргізілуде. Тағы да бір жаңа білім ордасы мен 140 орындық балабақша және Дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы қарқынды. Бұл да болса, мемлекеттің ауыл халқына деген ықыласы. Кәсіпкерлікпен айналысамын деген кез келген ауыл тұрғынына көптеген мүмкіндік жасалған. Шынын айтқанда, ауыл әлеуеті жыл санап артып келеді. Осыдан екі-үш жыл бұрын «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында әрбір тұрғын үйге ауыз су кірігізілді. Қазір шаңырақтан шықпай-ақ су жылыту құрылғысымен ыстық және суық суды игілігімізге тұтынудамыз. Және де инфрақұрылым жүйесі де жүйелі жолға қойылуда. Ауылішілік көшелер асфальттанып, қалғанына тас төселуде. Бір сөзбен айтқанда, Аққорғанның келбеті күн санап көркеюде.
– Ақсақал, өскелең ұрпаққа айтар өнегеңіз болса…
– Жаратқанға шүкір, бүгінде еңселі болудың даңғыл жолына түстік. Әлеуетіміз артып, дәулетіміз еселенді. Өзге елдер алдында көрсеткіштер бойынша көш бастадық. Мұның барлығы Тәуелсіз елдің ұстанған бағыт-бағдарының дұрыстығын, бабалар салған сара жолынан айнымағанның дәлелі. Ізімізден «Мәңгілік Ел» идеясына жүзеге асыратын көреген ұрпақ өсіп келеді. Қазақстанның болашаққа нық қадам басып, сенімді серпінмен серпілуі – оның рухани өрістеуімен де тікелей сабақтас. Сондықтан да жас буын рухани құныдылықтарды бойына сіңіріп өссе, қоғамға тек пайдасын ғана тигізетін тұлға болып қалыптасады.
– Дұрыс айтасыз қария, «тәрбие – тал бесіктен» деген бар ғой. Соңғы сауал болсын. Немереге бай шығарсыз…
– Жақсы жар – жарты иман деген, Жаратқан Мәрзиядай адал апаңа жолықтырды. Құдайға шүкір, 3 ұл, 2 қыздан өрбіген жиырмадан астам немере бар. Ұл – қыздарымның барлығы да аяқтанып, бір-бір үй болды. Сан салада қызмет жасауда. Шүкір, ел қатарлы еңбек етіп, тіршілік етудеміз.
– Рахмет аға, салихалы сұхбатыңызға.

Әбдісамат ӘБДІШ.

Көрудің саны: 150  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру