БӨДЕНЕ БАҒУ ДА БИЗНЕС

1467956040_foto-bdene

                   Ауданда кәсіпкерлік кең өріс алуда. Бірі несие алып, несібесін тапса, енді бірі там-тұмдап жиған теңгесіне кәсібін бастауда. Нарықтық заманның көшіне ілігу бүгінгі күннің басты талабы. Іліккен күннің өзінде бәсекеге қабілетті болу шарты тағы бар. Ол отыздыққа бастайтын басты меже. Белсенді әрекет ететін шағын және орта бизнес субьектілері тұрғысынан  біздің аудан көш ілгері. Оның айқын дәлелелі, былтыр шағын және орта бизнесте жұмыс жасайтындар саны 11 мың 600 адамды құраған. Яғни, жаңақорғандық кәсіп иелері тұрақты жұмыс көзін ашу жөнінде де алғашқы орында. Хош. Жақында бір жиында егде тартқан кісі демікпе дертіне дауа тапқанын сөз етті. Қасындағылар қандай ем қолданғанын сұрағанда бөдененің жұмыртқасын  ішудемін деді. Сан түрлі дертке шипа екенін айтқан ағадан жұмыртқаны қайдан алып жатқанын біліп алдық. Ерекше кәсіпті қолға алып, бөдене бағып отырған жаңақорғандық Қуаныш Бектаев екен. Тұрғындар тұтынып жүрген тұқымын бізде барып көрдік. Аядай ғана ұяшықта елуге жуық үй құсы бар. Бөдененің қалыпты дене қызуы қырық екі градус болатынын білдік. Сондықтанда құстың түрлі жұқпалы дерттерге қарсу тұру қабілеті өте жоғары әрі диеталық тағамға таптырмайтын таңсық ас.

–Жұдырықтай құстың оймақтай жұмыртқасы талай ауруға шипа. Әсіресе, анемия, демікпе, асқазан, ішек аурына және бүгінде белең алған қан қысымын қалыпты ұстауға пайдасы көп. Әзірге елуге жуық, сәтін салса көктемде бөденінің басын үш жүзге жеткізу жоспары бар. Оған дейін тұтынушы саны да артады деген сенім мол–дейді Қуаныш Бектаев.

Иә, әзірге кентте бұл құс шаруашылығына көзқарас кемшін. Оның табысымен қоса дәруменге толы болуы таптырмас кәсіптің көзі екені даусыз. Тек кентте ғана емес, республика бойынша бұл бағытта нәпақасын тауып жүргендер саны аз екендігін білдік. Соңыра, біздің де бөденеге деген қызығушылық артып, интернеттің игілігіне жүгіндік. Бақсақ, бұл құс шаруашылығын алғаш қолға үйретіп, кейіннен күнделікті тағам мәзіріне пайдаланып жүрген Жапония мемлекет. Олар бірнеше ғасырдан бері оның еті мен жұмыртқасы халық медицинасында пайдаланып келеді. Тіпті Күншығыс елінде мектеп оқушысының таңертеңгі ас мәзіріне бөдененің екі тұқымы міндетті түрде енгізілген. Бұл балалардың ойлау қабілетін арттырып, бөртпе мен диатезден қорғайды. Қазіргі таңда бұл сала қарқынды дамыған. Жылына 19 миллиардқа жуық бөдене жұмыртқасы өндіріледі. Яғни, бұл бағытта арнайы бағдарлама түзіп, оның нәтжиесінде ғылыми-зерттеу орталықтары жұмыс істейді.

Түйіндей айтқанда, Елбасы отандық өнімді қолдауға айрықша назар аударуда. Халыққа арнаған Жолдауында қазақстандық өнімнің сапасын арттырып, оның негізгі төрт қасиетінде атады. Олар: сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан болуы керек. Сонда ғана біздің затымыз өтімді болып, сырттан бізді ешкім жарылқамайтыны айтылды. Осы орайда, кәсіпкер Қуаныш Бектаевтың бөдене шаруашылығын кеңейтуге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе нұр үстіне нұр.

 Әбдісамат ӘБДІШ

Көрудің саны: 410  

Жаңалықтар

Пікір қалдыру